Өлеңдер ✍️

  07.04.2022
  320


Автор: Қалижан Бекхожин

ӘБІГЕР АДАМ ТУРАЛЫ ЖЫР

Павлодар облысының Май ауданындағы Ақжар совхозының директоры байырғы коммунист Ботай Жанақовқа арналды.
Кім екен даусы шыққан таң сәріден,
Бөкең ғой қауырт іске жар сап жүрген.
Ақжарды оятады майдан бардай,
Дәті жоқ сөйлесуге жай сабырмен.
Теректей жағадағы өр пішінде
Қарайды, ерте тұрып, Ертісіне.
Толқындап ел ырысы шақырғандай
Бөкеңді міндетіне, серт ісіне.
Иә, солай, әбігер ғой дәйім Бөкең,
«Өрендер шұғыл іске дайын ба екен?»
Түсіне елестейді қойлы қыры,
Арпалы, ақ бидайлы сайын мекен...
Беймаза Бөкең ерте белсенеді.
(Ісі жоқ есепшотта кеңседегі).
Шарықтап жазықтарын, қуанады,
Мұрнына піскен дәннің келсе лебі.
«Тезірек жиналса ғой бұл несібе,
Мұндайда түйіледі күн несіне!»
Тұрған кім бөгеп сонау комбайнды?
Солармен асығады тілдесуге.
 Моторлы шалғылары кідірмесе,
Дән тиеп машиналар дүмбірлесе,
Шүйгінде бордақылар шәйлап жатса,
Бүгінгі іс ойдағыдай тынды десе.
Ондайда Бөкең разы, шегіп шылым,
Ондайда шешіледі төгіп шынын.
Құшақтап жас шопанды әкесіндей,
Қағады арқасынан егіншінің.
Көреген талай істен мін табады –
Қой жатса суарылмай қырқадағы,
Бүлінсе аңдаусызда бір машина,
Бұлтындай күзгі көктің бұрқанады.
Ондайда даусы шығып, шұғыл кейіп,
Кетеді қалмақ көзі шегірейіп,
Шиырылып ажымдары тарамыстай,
Білеудей шүйделері күдірейіп.
Ажымы өмірінің соқпағындай,
Жеткен жоқ Бөкей оңай шаққа мұндай.
Ол – байдың батырағы сазды кешкен,
Бейнеттің соры терең батпағындай.
Теректей дауыл соқса күйремеген,
Бөкең бұл қиындықты кимелеген.
Артельдің жетекшісі,
өгіз талса,
Соқасын өзі талай сүйрелеген.
Көзінде от майданның ұшқыны бар,
Есінде қырғын ұрыс, сұсты жылдар.
 Жұлқынған сұрапылда жауынгер ол,
Көп шалған шашын қырау, бетін ызғар.
Сол ызғар қалған шығар мінезінде,
Қарашы, мейірбандық тұр көзінде.
Қауырт іс кейітпесе,
мың ашуды
Қияр ол жайраңдаған бір әзілге.
Оны жұрт
Әкем дейді, Бөкең дейді,
Кім сөзін қарт ағаның көтермейді.
Игі іске жаны пида коммунист – ол,
Кім оның арпалысын бекер дейді.
Жігітім, «қыңыр шал» деп сен сынама,
Бөкеңе шық деп айтпа пенсияға.
Әлі де тулай берсін өр кеудесі,
Алаңсыз, бейқам үйге ер сыя ма?
Үндесіп дән сыңсыған арша қырмен,
Кім анау дүбірлеген таң сәріден?!
Алдына майдан бардай әбігер жан
Бөкең – ол,
шұғыл іске жар сап жүрген...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу