Өлеңдер ✍️

  26.03.2022
  179


Автор: Нұрлан Оразалин

ҚЫЗУҚАНДЫЛЫҚ

Жаратылыс әдiл мына, жарығым,
ақын үшiн ұят – қайғы, ары – мұң;
жер үстiнiң азабына өртенер,
табиғаты, мiнезi ұқсас бәрiнiң.
Қарап тұрсақ, арғы-бергi күн кешкен
ақындардың бәрi бiздей мұң кешкен,
ғашық болса, өлiп-өшiп аялап,
аярлармен алдаспан боп «тiлдескен».
Сәл нәрсеге жарылардай шақ қалып,
сәл нәрседен қалатұғын шаттанып,
бiр әке мен бiр анадан жаралған
Ақын деген адал халық – ақ халық.
Жолын кессең, жасырмайтын «жаулығын»,
ақын деген жанартау ғой… Тау, күнiм,
тұмар етiп жүрегiнде ұстайтын
тек халқының амандығын, саулығын.
Аузы барып кiм айтады сөз бөтен,
ақынына табар ма жұрт өзге тең?!
Анасы – аспан, әкесi – жер адамға
өлiп-өшiп өлең жазу сөз бе екен?!
Өлең – оның болмысы ғой ғажайып,
(отты жырға тағылды ма аз айып?!).
 
Қудалауға түскенiмен, қатары
көрген емес ақындардың азайып.
Тiлiн тапсаң, дос болатын мәңгiлiк,
көтеретiн көкке сенi хан қылып,
дос беделi, ел мерейi ол үшiн,
бiле бiлсең, жазылмаған заңдылық.
Жаса!
Жаса!
Ақын атты парасат,
Жердегi ұлы Қызуқандылық!
наурыз, 1990 жыл.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу