Өлеңдер ✍️

  24.03.2022
  173


Автор: Нұрлан Оразалин

Иранбекке

Жiгiт едiң жұлқынған бiр ғажайып,
қалпың жүдеу, төзiмiң жүр ме азайып?!
Сiлкiнейiк!
Келшi бiр, жолды баста,
Сырдың бойын кезейiк, жыр жазайық.
Бiрi қалқып ұшатын, бiрi көлбеп,
әсерiмдi өлтiрсем – жырым өлмек.
Кәрi Сейхун бойына келiп едiм,
сыры мол деп, беретiн жыры мол деп.
Артық құрмет iздемен, шен iздемен,
шабыт қысып, толқыса – теңiз-денем.
Айхай, бiздiң маңдайға сияр ма екен,
аққу – өлең өртенiп ел iздеген?!
Қырқасына кезеңнiң шығып бүгiн,
ұғып таңын, өмiрдiң ұғып күнiн,
ұлы жұртқа осындай күйде келдiм,
көңiлiмнiң арқалап күдiк-мұңын.
Жетпегендi жеткiзiп жөндер ойым,
ұлы өзенге қандай сөз теңгерейiн?!
Бар болса егер берерi қазақы елдiң,
сыбағамды өлең қып өңгерейiн.
 
Жiгiт едiң жұлқынған бiр ғажайып,
қалпың жүдеу…
Сезiмiң жүр ме азайып?!
Сiлкiн, досым!
Жүршi бiр оқшау кетiп,
Сырдың бойын кезейiк, жыр жазайық…
қазан, 1979 жыл –
маусым, 1987 жыл.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу