Өлеңдер ✍️

  24.03.2022
  93


Автор: Нұрлан Оразалин

Мұңға батпа....

Мұңға батпа, жә, досым, бекiнелiк!
(Кетер бiр күн мұңға да етiң өлiп)…
Ауық-ауық арбай ма желiктiрiп
заман атты кеудеңдi жетiм елiк?!
Сыймай кейде ақ орда – баспанаңа,
оңашада көзiңнен жас тама ма?!
Ауық-ауық арбай ма ғалам жарық,
жанарыңда жәудiреп Аспан-Ана?!
Ауық-ауық бiр сезiм «ұран» салып,
көз жауын ап дүние, бiр ән салып,
серi сезiм кеудеңдi тепкiлей ме
Алатаудан құйылар қыранша ағып?
Көкiрегiңде күмбiрлеп бiр ғажап үн,
маза бермей көше ме сырбаз ағын?!
Алты құрлық аспанын кезесiң бе,
Есiңе алып қой баққан қыр қазағын?
Түтiн иiсi қытықтап танауыңды,
мына ауылды, еске алып ана ауылды,
Он сегiз мың ғаламды шарлайсың ба,
көңiлдегi жасырып жамауыңды?!.
Мұңға батпа, жә, досым, бекiнелiк!
(Кетер бiр күн мұңға да етiң өлiп)…
Әлсiн-әлсiн шақырып ойларыңды,
ғалам атты арбай ма жетiм елiк?!
ақпан, 1987 жыл.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу