Өлеңдер ✍️
Көктөбеге көк....
Көктөбеге көк нөсер кеп төккенде,
төрт керегем ойдан азап шеккенде…
Басқа жандар басқа ән айтып кездесер
бiз табысқан, бiз қауышқан көктемде.
Жанарымда жабырқаулы түн ерiп,
көңiлiмдi оқыр аспан түнерiп.
Мезгiл шiркiн бояп үнсiз самайды,
Айдың жарық қабағында мұң өрiп.
Ән сыздатып Алатаудың жотасын,
iнген-сезiм iздер кеште ботасын;
жасыл бақтың жапырағын жұлып күз,
тәнiмiзге салар мезгiл соқасын.
Жылдар…
Жылдар…
Салар iзiн аямай,
көзден ұшар көкек, наурыз, сая май.
Басқа әуендер ұрлар түннiң ұйқысын,
қалқыр көкте мың ғасырлық баяғы Ай.
Көктегi алыс жұлдыздар да сөнбестен,
сәуiрлер де келер жаңа сең көшкен;
ақ самайды төсеп түннiң желiне,
отырармыз
өткенiне,
кеткенiне сенбестен…
Көктөбеге көк нөсер кеп төккенде,
кең дүние жырдан азап шеккенде,
Басқа Нұрлан – басқа Фаукен сүйiсер
бiз табысқан түнеу жылғы көктемде…
наурыз, 1981 жыл.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter
Қарап көріңіз 👇