Өлеңдер ✍️

  19.03.2022
  151


Автор: Тортай Сәдуақас

ЖАДЫМДА ЖАЙСАҢ ЖАНДАР БҰЛ

Атаның жолын жалғап кейінге,
Әулеттің ортан қолындай бекем:
Сыралғы елге, салмақты өмірде,
Болыпты алғыр Қоңырбай көкем.
Әпикөн, Сәкең, бауыры Қожкен,
Болған Мапыраш, Өрімқай мекен...
Сындарды көріп дәуірі кешкен,
Ешкімнен қорқып-қорынбайды екен.
Шолақ белсенді ор қазған көкіп..,
Ел бұзған езді көк ұрмай ма екен?!
Қорлыққа көніп, колхоздан кетіп,
«Тоқтамыс» барған Қоңырбай көкем...
Жақсы жар сүйіп, жүйрік ат мінген,
Уәдесін айтқан орындайды екен.
Келте боп ғұмыр, бұйрық әттеген?!
Көз жұмған ерте Қоңырбай көкем...
Армансыз ғұмыр – далбаса бәрі,
Қайғысыз, қамсыз өмір қайда екен?
Артында тұяқ қалмасадағы, –
Аузында жұрттың – Қоңырбай көкем!..
Бірде оздырып, құлатқан бірде,
Өрен жүйрікке өмір бәйге екен;
Жете алмай жүрсем жырақтан күнде,
Иманды болсын Қоңырбай көкем!..




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу