Өлеңдер ✍️

  17.03.2022
  157


Автор: Нұрлан Оразалин

Көңiлiм бей-жай...

Көңiлiм бей-жай...
Бiлер кiм?
Ұмытсам ба екен аспанды мынау,
тастарды мынау бiрер күн;
бей-жайы көңiл
басылар ма екен сонда бiр,
бей-жайы көңiл
ашылар ма екен сонда бiр?
Шашпауын тағып,
таранып түнде жұлдызым,
шыршалы белдер
шайқала билеп тағы да,
құлатып барып,
үмiттi қайта тұрғызып,
құстарым қайта
оралар ма екен бағына,
оралар ма екен тағы да?!
Мен сүйген ашық мына аспан,
мен сүйген таулар,
мен сүйген дала
көкжиектермен ұласқан,
шуақты күнде бiр күлген,
жауынды шақта жыласқан
сағынар ма екен?!
Ұмытсам егер...
Аспанды мынау,
тастарды мынау бiрер күн?
 
Бей-жайы көңiл
басылар ма екен,
бей-жайы көңiл
ашылар ма екен
бiлер кiм?!.
сәуiр, 1970 жыл.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу