Өлеңдер ✍️

  17.03.2022
  138


Автор: Нұрлан Оразалин

ДОСТЫ ҚАЙРАУ

Жапырақтың сарғайғанын айттың ба?
Көктемiңдi қалып қойған кешегi?
Қоңыр қаздай қарашада қайттың ба,
шаршатты ма ауыл-үйдiң өсегi?!
Үнсiз тынып, әңгiмеңдi тыңдадым,
ойларыңнан оймақ түйiн ауладым.
Айттың бәрiн: Сенiмiңнiң сынғанын,
көшiңнiң де орта жолда ауғанын.
Жiгiт едiң мойымайтын оңайға,
көрiп тұрмын иығыңның түскенiн.
Өз жұртыңа сыймағаның он айға...
Қалай?..
Қалай?..
Бармағымды тiстедiм.
Бiр ананың мұңайғанын еске алдың,
бiр сұлудың өксiгенi бар тағы.
Сергек едiң...
Неге, досым, кеш қалдың,
озар тұста, кеңге салып арқаны?!
Жүрегiмдi жұлмалады өткiр мұң:
«Шын қайсарлық шыңдалмай ма егесте?
 
Бекер! Бекер! Қиналасың», деп тұрдым...
Тағдыр – теңiз,
Өмiр – күрес емес пе?..
Нағыз жiгiт танылмай ма егесте?!
қыркүйек, 1968 жыл.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу