Өлеңдер ✍️

  14.03.2022
  168


Автор: Рафаэль Ниязбек

ТҮС

(элегия)
Шықпақ боп биік таудың заңғарына,
Жападан жалғыз түнде барғанымда,
Кездестім құз кеуделі қос жыртқышпен
Қос шыңның шатқалында, аңғарында.
Айтпақ ем ата саған сыр ақтарып,
Барады тау бораны құлақ қарып.
Көргенде қос жыртқышты
Қорықтым ба
Тікейіп кеттім қайта құлап барып.
Қос жыртқыш қарсы алдымда тоқтай
қалып,
Ұмтылды маған көзі шоқтай жанып.
Шыңғырып айқайладым,
Айналам тау,
Дауысым шыға алмады көкті айналып.
Білемін даусым саған естілмейді,
Қайтесің бұл тентегің ес білмейді.
Қарашы қос қолы аман тұрғанда ұлың,
Көзіне балға менен төсті ілмейді.
Тентегің жүрсең сені сес көрмейді,
Сөйлесең және саған дес бермейді.
Басына іс түскенде сені іздеп,
Өзіңді жайшылықта ескермейді.
 Қос жыртқыш таяп қалды ырылдаған,
Алардай тамағымнан қырылдаған.
Шақырдым, ата, сені
Жетпеді ме
Дауысым боз торғайдай шырылдаған.
Көз алдым бара жатты қаймақтанып,
Аспанда жарқылдайды ай мақтанып.
Көгімді қара бұлтпен торлар ма екен,
Қаптаған қара жойқын қайғы аттанып.
Үйімнен шықтым ба әлде қырсықты алып,
Біреуі кетіп еді қыршып қалып.
Көк таудың бөктеріне көтерілді,
Менің қоян жүрегім ыршып барып.
Қос жыртқыш мені, әрине, жат көреді,
Түстім бе –
қабан тісі қақ бөледі.
Ойпыр-ай, ата жауын көргендей-ақ,
Еліріп қайта-қайта тап береді.
Бөктерін таспа жолдар жолақтаған,
Биікке жетпекші боп мол аттаған,
Қаруым болмаған соң тас боратып,
Маңыма қос жыртқышты жолатпағам.
Қашып ем бірде балақ түріп алып,
Бөктерде табанымның бүрі қалып.
Тастады ортасына қос жыртқыштың
Желкемнен бір қыран құс бүріп алып.
Алдыма қашқанымды келтірердей,
Күрек тісі құба жон желді ірердей,
 Қос тажал екі жақтан келе жатты
Мені бір қыса салып өлтірердей.
Қысылшаң бұл бір шақ та тез өтпеді,
Сүйегім қалар жері - өзек пе еді.
Аузына баратқандай арыстанның
Менің қоян жүрегім безектеді.
Қос тажал мені жерден адалардай,
Адалап көңілімді қапалардай,
Жезтырнақ жебелері жүрегіме
Шыңғырған күйі келіп қадалардай.
Қол ұшын бермей тұрды арқалы шың,
Бойына жинап алып бар табысын.
Қос тажал қос өкпемнен қысқан кезде
Түсіндім сонда өмірдің арпалысын.
Жұтқалы жатыр мені көк төбет деп,
Шақырдым ата, сені, көктеп өт деп.
Білмеппін жауым барын жар астында,
Тұрғаным осы шығар бетпе-бет кеп.
Келмедің,
Қос тажалға кет демедің,
Жонынан таспа тіліп көктемедің.
Мен бейне сені жұтар айдаһардай
Асаудай үркіп, қашып, бетемедің.
Оу, ата, солай ма еді, солай ма еді,
Мені онда тудырмауың қолайлы еді.
Қос тажал тап бергенде, жалт беремін
Жан беру тірі адамға оңай ма еді.
 Терім де қара жерге бір сіңбеді,
Жыртылған көкірегім күрсінбеді.
Жүрегім қанды қақпан ауыздарда
Кетпеді –
өмір болып дүрсілдеді.
Мен өскен жігіт пе едім айран бағып,
Жылғадай жылап жатқан қайраңда ағып.
Ақырып қарсы ұмтылдым қос жыртқышқа
Майданға кірген сынды жайраң қағып.
Есімде сөйлегенім жасымда есіп,
Өтердей таудың жақпар тасын тесіп.
Міне, енді қас пен көздің арасында
Тастадым қос жыртқыштың басын кесіп.
Қарадым сосын алға шырақ алып,
Көзіме көрінгендей жырақ анық.
Ілгері жүрмек едім,
Күлімдедің,
Оу, ата, қарсы алдыма тұра қалып.
Кетпепсің судай, ата, ағып, құрып,
Жүріпсің жолдарыма бағыт бұрып.
Қолдайтын аруағым ең қысылғанда
Арқамнан дедің былай қағып тұрып.
– Бала едің жүзіңде анау айран қатқан,
Жарайсың жігіт бопсың жайраң қаққан.
Ел жауын жеңе алмайды батыр әсте,
Өз жауын төбесінде тайраңдатқан.
Қызықпа өзгенің ет-сорпасына,
Қызықпа өзгенің тон-торқасына.
 Сездің бе, әлгі алып құс мен едім ғой,
Тастаған сені тажал ортасына.
Өз жауын жеңе ала ма тақ тұрмаған,
Атының омырауымен қақтырмаған.
Болсын деп ұлым менің қоян жүрек
Анаңа әкең сені таптырмаған.
Таптырған жүрек жұтқан ер болсын деп,
Жауына қанды қақпан көр болсын деп.
Анаңа әкең сені таптырмаған –
Киелі біздің әулет жер болсын деп,
Таптырған жүрек жұтқан ер болсын деп,
Жауына қанды қақпан көр болсын деп...
Оянсам ғайып бопты пайғамбарым,
Өзгенің бірге іздесіп тайған бағын.
Ол кісі аруақты атам еді,
Алдыма тосқан барын, жайған барын.
Мен оны өскем биік белес көріп,
Бұнымды жүрсе керек ел ескеріп.
Жарықтық, түске енеді...
Жебеп жүр ме?
Әлгіндей кетеді ылғи кеңес беріп.
Ит жоқ деп кім айтады көшке ілескен,
Жерім жоқ жел боп бірақ ешбір ескен.
Өңімде жауым әлі кездеспей жүр,
Түсімде қырық пышақ боп кескілескен,
Барады өткен күннің қыры қалып,
Барады өткен күннің жыры қалып.
Жердегі бар жауымды,
 Шынымды айтсам,
Түсімде жүрмін бе әлде қырып алып.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу