Өлеңдер ✍️
ЖЕЛ
Тентек жел ұйтқи соғып безілдеді,
Тәңірі дүниенің “өзім” деді.
Әр үйдің терезесін қағып өтіп,
Кемпірдей қызын аңдып көз ілмеді...
Тербетіп баяу әнмен бұл ағашты,
Үрледі қобыраған бұла шашты.
Ойнаған қайнысы боп жеңгесімен,
Әжемнің ақ шәлісін жұла қашты.
Ізінше найзағай от қасын қағып,
Қалғанда үлгерді бұлт жасын жағып.
Қанатын аруақтанып сілтегенде,
Тамшысы жатты таудың тасында ағып.
Дәл өстіп құйып, төгіп адағайлап,
Сыпырды шатқал шаңын жадағайлап.
Самарқау қартаң бүркіт көтерілді,
Қойғандай қанатына қада байлап.
Мына маң дүлейленді, алабұртты,
Тоқынды бидайықпен дала мұртты.
Әкетті болмаған соң ызақор жел,
Қиянға куып айдап қара бұлтты.
***
Кетерің бар, дүние-ай, шын қыздырып,
Жүрекпен ат басындай шың, құзды ұрып.
Бұзықта жұмысың жоқ...
Мыңмен жалғыз
Абайды қоясың ба жұлқыстырып.
Шер кеудең қателікке толып тұрған,
Дүние-ай, туа салып жолықтырған.
Балтадан бір тентектің қолындағы
Махамбет кеткен жоқ па болып құрбан.
Мезгілсіз солдырдың-ау ерте гүлін,
Жоқ, әлде көп көрдің бе жердегі үнін.
Дүние-ай, қайтсем сені, көтермедің
Қасым сынды ақынның еркелігін.
Төбеңнен келсе ажал төніп өктем,
Дүние-ай, сен емес пе көніп өткен.
Өзіңе талай ұлы тірі келіп,
Неліктен кетерінде - өлі кеткен.
Дүние, көркіңе сай еңсең дер ек,
Табыт боп жарытпайды өлсең терек.
Әдетте Мұхтарды емес... қара жерге,
Осынау ұлылықты көмсең керек.
Төнеді іздеп ұлын Ай далама,
Өз әнін ол болмаса айта ала ма?
Ұлылар өлу үшін тумайды әсте,
Ей, дүние, енді мұны қайтала ма!..
***
Жасық жігіт сенеді тірегіне,
Шын сұлулар сенеді түр-өңіне.
Қынаптағы ақ алмас семсерге емес,
Хас батырлар сенеді жүрегіне.
Сәйгүлік ат сенеді саяғына,
Қара жаяу сенеді аяғына.
Соқыр адам сенбейді кей досына,
Соқыр адам сенеді таяғына.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter
Қарап көріңіз 👇