02.03.2022
  128


Автор: Сұлтан Оразалы

ҰРЫ

(Д.Ритчидің шығармасы бойынша)


 


Музыка ойнала бастайды. Камера панорамамен жинақы, əдемi əрi бай бөлменiң iшiн көрсетедi. Стол басында орта жастан асқан үй- iшiлiк халат киген, бiрақ барынша жинақы, қырынған, сырт тұрпаты көрнектi адам тамақ iшiп отыр. Ол – Вильямс. Тамағын iшiп болып, қоңырау соғып, қызметшiнi шақырады.


ҚЫЗМЕТШI: Сiздi тыңдап тұрмын, сэр. ВИЛЬЯМС: Мыналарды жинаңыз!


Қызметшi ыдыстарды əкетедi. Ендi кадрда мистер Вильямстiң кок- тейль жасап жатқан қолы iрi планда көрiнедi. Камера керi жылжиды. Бiз кадрдан револьвер кезенiп тұрған қолды көремiз. Камера əлi де шегiне бередi. Экранда iрi планда револьвер кезенген адам. Оның үстiнде ескi, тозығы жеткен пальто, түрi бейжай əрi шаршаған... Екеуi бiр-бiрiн аңдысып, бiраз уақыт үнсiз тұрып қалады.


ҚАНIШЕР: Кешiрiңiз, сэр, қазiр мен сiздi өлтiремiн, сондықтан мейi- рiмдiлiк жасап, айнаның алдынан берiрек шығыңыз. Үйткенi құлап бара жатқаныңызда iлiп кетсеңiз айнаның быт-шыты шығады. Ал қираған əйнек жаман ырымға бастамақ.


ВИЛЬЯМС: Белгiсiз өлiм де өкiнiштi ғой, сiздi кiм жалдағанын айтпас па екенсiз?


ҚАНIШЕР (ыңғайсыз ыржиып): Мүмкiн, менiң жеке бастық өшiм бар шығар?


ВИЛЬЯМС: Мен өз жауларымды тегiс жақсы бiлемiн. Сiз олардың қатарына қосылмайсыз. Сонымен кiм сiздi жалдаған? Менiң əйелiм емес пе?


ҚАНIШЕР: Ия, сiздiң жұбайыңыз. Себебiн өзiңiз жақсы бiлетiн шығарсыз?


ВИЛЬЯМС: Иə, мендегi ақшаны түгел алғысы келедi ғой. ҚАНIШЕР (жаны ашып): Мистер Вильямс, сiздiң жасыңыз нешеде? ВИЛЬЯМС: Елу үштемiн.


ҚАНIШЕР: Ал əйелiңiз ше? ВИЛЬЯМС: Жиырма екi жаста.


ҚАНIШЕР (басын шайқап): Мəңгiлiк махаббат бола бере ме, бекер алданғансыз ғой.


ВИЛЬЯМС: Мен бiраз жылдан соң молырақ алимент төлеп, айырылысып кетермiз деп едiм, бұлайша өлермiн деп кiм ойлаған?


ҚАНIШЕР: Сiздiң жұбайыңыз өте сұлу əйел, бiрақ тым ашқарақ, дүниеқоңыз. Қалайша байқамағаныңызға таң қаламын.


Вильямс орнынан қозғалмақ болады, бiрақ қанiшер сүрiне-қабына пистолетiн көздейдi. Вильямс орнында тұрып қалады.


 


ВИЛЬЯМС: Сiз талай рет кiсi өлтiрiп жүрген боларсыз? ҚАНIШЕР: Иə.


ВИЛЬЯМС: Содан лəззат аласыз ба?


Қанiшердiң бетiнде қиналған, өз-өзiнен жиренген қалып байқалады.


Сəл үнсiздiк.


ВИЛЬЯМС: Сiз шамасы асығыс емессiз ғой деймiн. Келгенiңiзге екi- үш минуттан асты, ал мен əлi тiрi тұрмын.


ҚАНIШЕР (айыпты адамша жымиып): Ия, бiраз уақытым бар. ВИЛЬЯМС: Яғни кiсi өлтiруден ешқандай лəззат алмайсыз-ау деймiн.


Əуесқойлығыма кешiрiм сұраймын, менi үнемi нағыз қанiшердiң мiнез- құлқы қызықтырушы едi. Айтыңызшы, мырза…


ҚАНIШЕР: Смит. Осылай атағаныңыз жөн.


ВИЛЬЯМС: Айтыңызшы, Смит мырза, бəлкiм, көңiлiңiздi алдарқа- тып болғанша сiз менi өлтiрмей тұра тұрарсыз?


СМИТ: Əрине, бiраз уақытқа дейiн…


ВИЛЬЯМС: Түсiнемiн. Смит мырза, бiрер жұтым мынадан iшiп жiберсеңiз.


СМИТ: Шын ықыласпен iшер едiм. Сiздiң қалай дайындайтыныңызды да көргiм келедi.


ВИЛЬЯМС: Менiң бойымда удың дайын тұруы мүмкiн емес, бұлай боларын қайдан бiлемiн.


СМИТ: Əрине, өте қиын, сөйтсе де сақтықта қорлық жоқ деген.


Вильямс жылдамдатып коктейль əзiрлейдi. Iшiне мұз салады. Смит жiтi бақылап тұрады. Бөтелкелердiң сыртқы жазуларын мұқият оқып шығады. Коктейльде қауіптің жоқ екенiне көзi жеткен соң, бокалды қолына алып, креслоға ыңғайланып отырады да, рахаттанып iше бастайды.


Вильямс оның жанына келiп, столдың шетiне отырады. Əңгiмелерi соншама қиюласып, бiр-бiрiмен ескi достай табысады.


СМИТ: өте жақсы. Мына ыстықта бұдан артық ем табу мүмкiн емес. ВИЛЬЯМС: Сiзге ұнағанына өте қуаныштымын. Смит мырза, менiң өлiмiмдi жұртқа қалай түсiндiрмексiз? Өзiн-өзi өлтiру бола ма, əлде тонау


кезiндегi өлiм бе? Соны бiлген қызықты ғой.


СМИТ: Əрине, соңғысы. Мен сiздi өлтiргеннен кейiн, мына үйдiң iшiн бiраз қоқсытамын, мəселен, столдың тартпаларын суырып алып, қағаздарды шашамын. Ең алдымен мына қолымдағы бокалды жуып орнына қоямын. Қолым тиген заттардың бəрiнде iз қалдырмай, сүртуге тиiстiмiн.


Вильямс тез Смиттiң бокалына қарайды. Əлдене ойына келгендей.


Үнсiздiк.


ВИЛЬЯМС: Кейбiр заттарды алатын боларсыз?


СМИТ: Жоқ, Вильямс мырза, тек ақшаны ғана, ал қалғандарының бəрi кiсi өлтiрушiге қауіпті болады. Шындығын айтқанда, менiң бұл жұмысымның ақшасы төленген.


 


ВИЛЬЯМС: Мына сурет отыз мың тұрады.


СМИТ: Қызығуға тұрарлық дүние, Вильямс мырза, бiрақ кейiн сiздiң дүниеңiз екендiгiн табуға болатын заттарды алмаймын.


ВИЛЬЯМС: Ал осы үйдiң iшiнде жасырын сейф бар екендiгi, оның iшiнде 15 мың доллар жатқандығы туралы хабар сiздiң көңiлiңiздi ау- дармай ма?


СМИТ: Бiрталай ақша екен, Вильямс мырза. ВИЛЬЯМС (үмiттенiп): Сонымен?..


СМИТ (көзiнiң қырымен картинаға қарап, өкiнiшпен): Менiң сiзге жаным ашиды, Вильямс мырза, бiрақ сатып аламын деп əуре болмаңыз. Бұл – кəнiгi баскесерлердiң тəртiбi, түсiнетiн шығарсыз.


ВИЛЬЯМС: Түсiнемiн, түсiнемiн! Дегенмен де өз көзiңiзбен көр- генiңiз жөн.


Вильямс бокалын қолына ұстаған қалпында суреттiң алдына келедi. Смит оны бақылап тұр, пистолетi атылуға дайын. Вильямс суреттi ақырын жылжытып, оның артынан сейфтi ашады. Оның iшiне бокалын қойып бiр пакеттi суырып алып, басынан аса көтерiп сiлкiлейдi. Бос қолымен жылдам ғана сейфтiң есiгiн тарс еткiзiп жабады да, жаймен басып столға келiп, оның iшiндегiсiн төгедi. Əр түрлi қағаз, квитанция т. б. түседi.


ВИЛЬЯМС: Көрдiңiз бе? Мен сiздi əбден алдадым, Смит мырза. Бұның iшiнде тек ескi квитанциялар мен чектердiң түбiрлерi жəне сiзге керексiз қағаздар ғана.


СМИТ (қорқынышты болып, орнынан тұрады): Неге бұлай iстедiңiз? ВИЛЬЯМС: Өйткенi сiздiң бокалыңызды сейфке салып қойғым келдi. СМИТ: Менiң бокалым орнында.


ВИЛЬЯМС: Қателесесiз, бұл менiң бокалым. Сiздiкi қолыңыздың таңбасы басылған күйiнде сейфте тұр. Сiз суретке қараған кезде мен ауыстырып қойғанмын.


СМИТ: Ол бiрер секундқа ғана созылды ғой.


ВИЛЬЯМС: Бокалды ауыстыру үшiн көп уақыттың керегi не? СМИТ: Мүмкiн емес, мен сiздi үнемi бақылап отырдым.


ВИЛЬЯМС: Оны өзiңiз бiлесiз, көзiңiздi жеткiзу үшiн көп уақыттың керегi болмас. Полиция өлген адамның сейфiнде не барын, сөз жоқ, тексередi, сол кезде жартылай iшiлген виски бар бокал олардың көңiлiн аударады. Саусақтарыңның таңбасын суретке түсiрсе болды – электр орындығына отыру да қашпас.


СМИТ (орнына отырып, жалына бастайды): Өз бокалымды қай- тарыңызшы?


ВИЛЬЯМС: Тiптi ойыңа да келмесiн!


СМИТ (орнынан атып тұрып): Бокалды тез қайтарыңыз! Сейфтi қалай ашатынын айтпасаңыз, қазiр өлтiремiн!


ВИЛЬЯМС (баппен барып Смит отырған креслоға жантаяды): Ай- ғайламаңыз, бəрiбiр одан ештеңе де өзгермейдi. Егер бокалды берсем, менi бiрден өлтiретiнiңiз екеумiзге де белгiлi емес пе?


 


Үнсiздiк. Смит алақтап бiресе столдың үстiндегi бокалға, бiресе Вильямске, не сейфке қараумен болады.


СМИТ (ақырын): Сiз не iстемексiз?


ВИЛЬЯМС: Не iстеушi ем, егер сiз менi өлтiрмесеңiз, мен бокал- ды жалдамалы детективке апарып, саусағыңыздың таңбасын суретке түсiрiп аламын. Одан соң фотоны конвертке салып, iшiне анықтама жазып, егер мен кенеттен өлетiн болсам, тiптi өз ажалымнан деп тап- саңдар да, конверттi полицияға берiңдер деп тапсырып қоямын.


СМИТ (үнсiз): Тағы да сол бокал, сейф!.. Вильямс, мен қазiр кетемiн, одан соң өмiр бойы кездеспеймiз.


ВИЛЬЯМС: Мен өз жоспарымды орындағым келедi. Өйткенi келе- шек өмiрiм қауіпсiз болмақ.


СМИТ: Сiз неге бiрден полицияға бармайсыз? ВИЛЬЯМС: Оның себептерi бар.


СМИТ (қатты күрсiнiп пистолетiн жан қалтасына жасырады да, алдында тұрған бокалға қолын созады, бiрақ ойына бұл Вильямстiң бокалы екенi түсiп, үңiлiп тұрып қарайды. Бiр кезде басына қорқыныш- ты ойлар келедi): Сiздiң əйелiңiз өлтiруге басқа адамды жалдап алуы да мүмкiн.


ВИЛЬЯМС: Əбден мүмкiн.


СМИТ: Сiздiң өлiмiңiз үшiн менi айыптап, электр столына жөнелтедi.


ВИЛЬЯМС: Өте дұрыс айтып тұрсыз. Тек қана… Менiң əйелiм басқа бiреудi жалдай алмайтын болса, тек сонда жағдай өзгередi.


СМИТ (қатты қиналып): Бiрақ ондайдың жүзi табылады. (Ол бiрден тоқ- тай қап Вильямске қарайды, ол Смиттiң ойын мақұлдағандай бас изейдi).


ВИЛЬЯМС: Қазiр менiң əйелiмнiң қайда екенiн сiз бiлесiз бе?


СМИТ: Петерсон дейтiндерде. Ерлi-зайыпты Петерсондар. Əйелiңiз ол үйден он жарымда шықпақшы.


ВИЛЬЯМС: Он жарымда дейсiз бе? Өте жақсы уақыт екен. Сiз Петерсондардың үйiн бiлесiз бе?


СМИТ: Жоқ.


ВИЛЬЯМС: Ол қаланың сыртында. (Шағын блокноттан қағаз жыртып алып, тез сыза бастайды. Оны Смитке бередi). Мiне, олардың адресi.


(Смит адрестi батылсыздау алады.)


ВИЛЬЯМС (жұмсақ): Сiз солай iстеуiңiз керек. Өз амандығың үшiн өте қажет.


СМИТ: Вильямс мырза, он жарымда сiз қайда болмақсыз?


ВИЛЬЯМС: Достарыммен бiрге карта ойнап отырамын. Менiң əйелiм қаза тапты деген хабар жеткiзгенше сол жерде боламын.


Смит қағазды қалтасына салады. Столда тұрған бокалға соңғы рет қарайды да, шаршап-шалдыққан адамның кейпiнде сүйретiлiп үйден шы- ғады. Вильямс оны көзiмен шығарып салады да, есiктiң жабылғанын естi- ген соң сейфке келiп, оның iшiнен бокалын алып, өз-өзiне риза, жымиған қалпында қалған вискидi iшедi. Одан соң қолына таза салфетка алып, столда тұрған Смиттiң бокалын мұқият орап, көрермендерге қарайды:


Ақымақ! Жұмыс үстiнде iшуге бола ма?




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу