Әңгімелер ✍️
ШЕШIЛГЕН ДАУ
Арада бiрнеше күн өткен болатын. Бiр күнi кешке сол доп ойнайтын алаңға Әсия келдi. Жанында Гүлназ бар. Екi көзi ұшқын атып:
- Мына қызықты қараңдар, балалар, әнеукүнгi дауларыңа дәлел. Ол қолындағы газеттi бiзге ұсынды. «Комсомольская правда» екен.
Саусақ ұшымен: «Yш жыл бойы күтуде», – деп iрi әрiптермен жазылған мақаланы көрсеттi.
Газетке сол қызықты әңгiменiң бас кейiпкерi – қасқыр иттiң суретi басылыпты. Yлкен самолеттiң жолаушылар түсетiн трапының бергi жанында шоқиып отыр. Екi құлағы едiрейiп, әлдекiмдi мазасыздана iздеп тұрған тәрiздi.
Бiздер Әсияға сұрақты жапа-тармағай жаудырып жатырмыз.
- Сонда қалай? Мұны не үшiн газетке шығарған? –
- Иттiң иесiн iздеп.
- Қызық екен. Бар жоғалған иттердiң иесiн газетпен iздейтiн болғаны ма сонда?
- Мәселенiң өзi сонда жатыр емес пе.
- Сонда мынау ит самолеттiң жанында не iстеп отыр?
- Иесiн күтiп отыр дедiм ғой.
- Ал, ендеше, оның иесi қайда кеткен?
- Ешкiм бiлмейдi. Аэропортта iстейтiн адамдардың айтуына қарағанда, солтүстiк жаққа кеткен тәрiздi.
- Қашан?
- Осыдан үш жыл бұрын.
- Yш жыл бұрын?!
- Қой, бекер болар!
- Неге бекер? Мына газеттегi жазуды оқымайсың ба?
- Сонда иесi итiне қайтып соқпаған ба?
- Жоқ, соқпаған.
- Итiн неге тастап кеткен? Иесi нашар адам болды ғой өзiнiң.
- Бiледi-ақ екенсiң. Егер ұшқыштар алмаса қайтедi?
- Неге алмайды?
- Сол, алмайды екен. Иесi итке де билет алған екен. Сонда да алмапты.
- Қалай алмайды?
- Кәдiмгiдей алмаған. Мал дәрiгерiнен денсаулығы туралы қағаз алу керек екен. Сонысы жоқ болыпты.
- Қап, әттеген-ай, ә!
- Ұшқыш дегендер де қатал адамдар екен ғой. Ала салса қайтедi екен.
- Сенi самолетке ұшқыштар мiнгiзедi деп пе едiң, – дедi Гүлназ мағыналы жүзбен.
- Ендi кiм?
- Стюардесса.
- Ә, әлгi басында беретi бар, маңдайында қанаттың белгiсi бар қыздар ғой?
- Дәл солай.
- Қап, обал болған екен, ә?
- Заңы солай болса ше?
- Сонда да адамды түсiнуге болады емес пе? Әңгiме қыза түстi. Балалардың барлығы газеттегi ит суретiне ерекше бiр аяушылықпен, қарайды.
- Мiне, нағыз адал ит деп осыны айт! – дейдi Файзолла ерекше көтерiңкi үнмен. Әсия әңгiменi жалғай түстi.
- Әрдайым «Ил-18» самолеты келген кезде алаңға жүгiрiп шығады екен де, содан түскен адамдардың барлығын түгендеп шығады екен.
- «ИЛ-ден» басқа самолеттерге ше?
- Жоқ, олардың ешқайсысына жоламаған.
- Мәссаған, сонда самолеттердi де ажырата бiлгенi ғой.
- Мiне, ақылды деп осыны айт!
- өзi осы уақытқа дейiн қайда түнеп жүрген?
- Сол аэропорт түбiнде салынып жатқан жаңа құрылыс бар екен. Соның қарауылының үйiнiң маңын паналаған. Бiр қызығы шақырған, үйретейiн деген адамдардың ешқайсысына жоламаған.
- Ал қарауылшыға ше?
- Оған да. Тек тамақ бергенде ғана тақанған, бiрақ денесiне қол тигiздiрмеген.
- Не деген бәле, өзi!
- Қыста қайда түнеген?
- Сол қарауылшы оған кiшкене күркешiк соғып берген.
- Осы күнi де сол жерде ме?
- Ендi қайда барады? Әрине, сол жерде. Бiрақ бұрынғысынша «ИЛ-18» самолетi келген кезде оның алдынан жүгiре шығып, иесiнiң жолын әлi тосып жүр деп жазыпты. Осындай ерекше адал, өз иесiне жан-тәнiмен берiлген иттi жоғалтқан адам тауып алсын деп әдейi газетке шығартқан.
- Осыны газетке шығартқан кiм сонда? – дедi Бейсенбек соншама бiр ынтыққан пiшiнде…
- Мұны «ИЛ-18» самолетiнiң командирi шығартқан. Ол бұл қызық мiнездi иттi самолет жолынан бiрнеше рет байқапты. Алғашында онша мән бермеген. Бiр күнi әлгi командир жол тосқан итке зер сала қарайды.
- Иә, сонымен?
- Содан ол иттiң әбден жүдеп кеткенiн, көзiнде үлкен мұң бар екенiн байқайды.
- Қандай сезiмтал адам десейшi! – деп мен ерiксiз дауыстап жiбердiм.
- Әлгi командирдiң өзi өмiрдiң көп қиыншылығын көрген адам екен.
Соғыс кезiнде жау қолына түсiп, немiстердiң концлагерiнiң бiрiнде болған.
- Концлагерь дейсiң бе? – дедi Бейсенбек шегiн тартып.
- Иә, сонда жүрiп неше түрлi сұмдықтарды бастан кешiптi.
- Содан тiрi қалған ба? –дедi Ақберген таңдана үн қатып. Балалар ду күлдi.
- Е, тiрi болмаса, самолетке қалай командир болып жүредi,–дедi Әсия сықылықтай күлiп.
- Шынында да, ғажап сезiмтал адам екен , ә!
- Әрине сезiмтал адам! Егер сондай ауыртпалықты бастан кешпесе, тiлсiз иттiң жағдайын қайдан бiледi дейсiң, – дедi Әсия.
- Содан әлгi кiсi барып өзi аэропорт қызметкерлерiнен бар болған жағдайды анықтайды. Иесiне хабарлау үшiн ол газет редакциясына барып, сондағы қызметкерлерге айтқан.
- Нағыз азамат екен!
- Тамаша жан десейшi!
- Шiркiн-ай, иесi табылса қандай қуанар едi!
- Бәрiнен де соны айтсайшы!
Ертеңiне бұл әңгiме бүкiл ауылға тарады. Көп адамдар Әсияның үйiне келiп, газеттегi суреттi көрiстi. Неше алуан әңгiмелер айтылды. Самолет командирiнiң ерекше мейiрбан жан екендiгiн ризалықпен сүйсiне әңгiме қылды. Қариялар айтты: «Бұл бiр дегдар, ерекше киелi ит болды», – дедi.
Алпан айтыпты:
- Сол иттi газетке шығартқан адам барып тұрған ақымақ екен.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter
Қарап көріңіз 👇