Өлеңдер ✍️

  27.02.2022
  175


Автор: Өтеген Нұрмағамбетов

БИСЕМБІ ӘРІПҰЛЫ АҚСАҚАЛДЫҢ РУХЫНА


Қазағымда жетер қарттар мақтаулы,
Санасында ұлттық сана сақтаулы.
Ғалым ағам, тұнып тұрған шежіре,
Жүрегінде әкесінің өсиеті жаттаулы.
Ой пішетін тым әріден, тереңнен,
Кісі бопты парасатты, көреген.
Әрбір сөзі айтылыпты ойланып,
Әр қазақтың бойына тән өремен.
Мейлі қандай өмір сүрсін қоғамда,
Мейлі қандай өмір сүрсін заманда,
Адам болып келген екен өмірге,
Адам болып қалу парыз адамға.
Ол кісінің бәрі де өткен басынан,
Тауқыметін тартқан тағдыр жасынан.
Асау заман сілкігенде сан рет,
Сабыры кеп табылыпты қасынан.
Күн түскенде қалың қазақ басына,
Көшкен кезде елін тастап жосыла,
Қанды қырғын ортасында болыпты,
Он жасында әке-шеше қасында.
 Басы ма екен отызыншы жылдардың,
Көшкен елді Кеңес келіп қырған мың.
Бар қазақтың басындағы қасырет
Адайдың да басына кеп туған күн.
Бәрін көрді кезіп дала тау-тасын,
Өзгелермен өз жұртының айқасын.
Ақ патшаға бас имеген текті жұрт,
Туған жерде Кеңеспен де шайқасты.
Соның бәрін көзбен көрген қария,
Айтары көп шалқып жатқан дария.
Қамқор болған жылағанға, жетімге,
Жақсылығын ұмытпайды әр ұя.
Әрбір сөзі тұнып тұрған шежіре,
Кесек туған мәрт еді ғой өзі де.
Көппен көрген ұлы той деп айтатын
Зұлмат дәуір кесапатын сезіне.
Зұлмат дәуір алса-дағы тақымға,
Шапағатын төге білген жақынға.
Ұлы Отан соғысында от кешті,
Қай кезде де жүгінумен ақылға.
Өмірімнің тең жартысы-жоқшылық.
Өмірімнің тең жартысы-молшылық.
Өмірімнің тең жартысы-таршылық,
Өмірімнің тең жартысы-баршылық, –
– деп айтатын абзал кісі, ойлы адам,
Қай кезде де елін, жұртын ойлаған.
 Бірге тартып қасірет пен қайғысын,
Ордасымен, ортасымен тойлаған.
Болып арман қазағының өскен,
Тәуелсіз боп, тату ғұмыр кешкені.
Бейбітшілік туын тігіп қазақ та,
Маңдайынан майда самал ескені.
Бай баласы болып азап өткерген,
Қатарынан бас көтермей шеттелген.
Көппен жүрсең көгерерсің дегендей,
Көппен жүріп, көпке сеніп, көпке ерген.
Өмір бойы аттан түспей өтеді,
Белестерге елес берген жетеді.
Мың қосшыға бір басшы боп қашанда,
Өлгенінше ел басқарып кетеді.
Көп айтқаны қартыңның
айналыпты нақылға.
Дейді екен ол өзі:
Бақыт қонар ақылға.
Жылы-жылы сөйлесең,
жылан шығар інінен,
Жағдайыңның барында
жылуың төк жақынға.
Жолдас болмас жалғанда
қалтаңдағы алтының,
Жақын жина жаныңа
жарық күнде жарқыным.
Баталы құл арымас,
 Жайын ойла халқыңның.
Жүрсе шаңы шыққан ба
Жаяулатқан жалқының.
Сендер аман болсын деп,
Өткен екен бар күнім.
Сұрарым бар артымда,
Сүйенішім, балқыдым.
Адам қонақ өмірге,
Ақылды бол алтыным.
Нұрын төксін сендерге
Арайлы таң, Алтын күн.
Осы тектес ақсақал
талай нақыл айтыпты,
Сөз саптауы қартыңның
тыңдағанын байытыпты.
Салауатты күн кешіп,
мекеніне мәңгілік
Тоқсан деген жасыңнан
асып барып қайтыпты!
20.08.2014 жыл.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу