Өлеңдер ✍️

  27.02.2022
  144


Автор: Өтеген Нұрмағамбетов

МАҢҒЫСТАУ

Бастан кешкен қиын-қыстау,
Таршылықтың талайын.
Амансың ба, Маңғыстауым,
Амансың ба, ағайын?
Сенде өрлік, сенде аңыз,
Сендегі жыр қаншама.
Тағзым еттім құмдарыма.
Тағзым еттім баршаңа.
Маңғыстауым,
Маң-маң түйең, мың елім.
Ата-бабам маңдайында
Жазылмаған мұң едің.
Ұлдарыңның жүрегінде
Қатып қалған тас едің.
Қыздарыңның жанарынан
Үзілген шық, жас едің.
Маңғыстауым,
Жақсылар мен жайсаңдардың мекені.
Сағынышпен салған әнім,
саған самғап жетеді.
Сұрқия жел, сұрапыл күн,
Жылы орнынан қозғаған.
Ұрпағымыз Бозінгеннің
Жерін тастап боздаған.
 Маңғыстауым,
Терең ой, бұйрат құмдар.
Бауырыңда мүлгиді зират шыңдар.
Әрбір тауың киелі, әрбір төбең,
Ата қоныс болған жер. Аңсап келем.
Маңғыстауым,
Бақ қонған байтақ елім.
Саған сәлем алыстан айта келдім.
Көз сүрінбей көк жиек байқалады.
Содан-дағы көңілім жай табады.
Маңғыстауым,
Күйшілер, әнші елі.
Бауырыңда баптадың Шәмшілерді.
Құрманғазы, Қазанғап жолын қуған,
Талай дүл-дүл осы жер, сенде туған.
Маңғыстауым,
Ата жұрт іздеп келем.
Жағаң жаз, етегің күз деп келем.
Ғанибет қой ел іші, дос көңілі.
Елжіретті жанымды, бос көңілді.
15.02.2006ж.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу