Өлеңдер ✍️

  26.02.2022
  170


Автор: Өтеген Нұрмағамбетов

ПОЭЗИЯНЫ ҚОРҒАУ

Ел жиналған
үлкен бір той үстінде,
Санаға
сұлу сезім ой түсті де.
Өлең оқып
беруді ниет қылдым,
Керемет қой
орнымен қай ісің де.
Халықпыз
қашаннан да өлең сүйген,
Домбыраның
үнінен сезім түйген.
Ауыздықпен
алысқан талай асау,
Бір ауыз сөз
алдында басын иген.
Өлеңдерім
көбіне далам жайлы.
Бар асылын
мұра еткен бабам жайлы.
Бесік жыры
кетпейтін құлағымнан,
Ақ жаулықты,
аяулы анам жайлы.
 Тізбегіне
қосылсам ақындардың.
Еркін басып
ортаға жақындадым.
Ойым сансыз,
өмірге сырларым көп,
Айтқым келген
өлеңде ақым барын.
– Өлең деген немене,
мылжың шығар,
Ақын, ақын дегендер
кіл жын шығар,
Дегенде бір ағайым,
тұрып қалдым,
Құрып қалғыр жанымды
кім шын ұғар.
Үнсіз қалдым
құм басып жігерімді,
Жығып кетті
ағайым тірегімді.
Ащы сөз айта
салған әлгі мықты,
Тілгілеп
жатты аямай жүрегімді.
Не дейін қазағыма,
үндемедім.
Жарқырар ма жұлдызым
күнде менің.
 Қатты айтты-ау ән жайлы,
ақын жайлы,
Жақсы еді ғой
одан да тілдегені.
Өлеңімен
ұлы Абай ұлы болған.
Бір өлеңі
азамат құны болған.
Қалайша
мылжың дерсің Шахановты.
Қадырды
поэзия құлы болған.
Поэзиям
менің де тыныс демім,
Пешенеме
жазылған ырыс терім.
Өткен күнім,
ертеңім, ұлы істерім,
Ұлы ісіме,
ағайын, тиіспегін!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу