26.02.2022
  370


Автор: Уәлихан Шот-Аман Ыдырысұлы

ҚҰДАЙ-АУ, МЫНАУ КЕНЕСАРЫНЫҢ САДАҒЫ ҒОЙ!

Шағын ғана бөлмеге орналастырылған көрме екi мұражайдың қорынан құрастырылған екен. Бiрi — бұрынғы ГМЭ (КСРО халықтарының мем- лекеттiк этнография мұражайы), қазiр РЭМ (Ресей этнография мұражайы) деп аталады, екiншiсi — МАЭ (КСРО Ғылым академиясының антрополо- гия мен этнография мұражайы), қазір Ресейге қарайтын болыпты.


Көрмеге түсiнiк берушiлер айтылған мұражайлардың ғылыми қыз- меткерлерi, тарих ғылымдарының кандидаттары, бiлiктi мамандар: Вале- рия Александровна Прищепова мен Татьяна Григорьевна Емельяненко екен. Мен көрмеде бес рет болдым. Бұл мұражайлар қорымен, экспонатта- рымен бұрын да хабардар едiм, көрмедегi дүниелердi өзiмде жиып-терген мәлiметтермен, тарихи құжаттармен салыстыра қарауға тура келдi. «Бұрын- соңды жарияланбаған мүлiктер едi, фотоға түсiруге, әйнек астынан қолға алып, ұстауға болмайды» деген соң, көздiң майын тауысып кейбiр қызықты деген экспонаттардың суретiн салып алдым.


Менiң ойымша, осы көрменiң, мұндағы хаттардың, фотосуреттердiң екi түрлi маңызы бар. Бiріншіден, қазақ жұртының тастан түйме жасайтын өнерiн, эстетикалық биiк талғам-түйсiгiн көрсек, екiншiден, олардың тарихи, ел танушылық мән-мағынасы да күштi. Әрбiр дүние елiм-жерiм деп еңiреген ерлердiң атымен де тығыз байланысты.


Бұл мұражайлар бiз үшiн қайнар көз, қасиеттi ұя десек те болады. Олар- дың өздерiнiң жинау, есепке алуының қалыптасқан дәстүрi бар. Әрбiр кол- лекция шашырамай бiр жерде түр және ол оны жиған, тапсырған адамның атына байланысты көрсетiледi. Қай жерден, кiмнен, қай жылы алынғаны белгiленiп отырады.


Мәскеу мен Санкт-Петербор мұражайларындағы Қазақстан бойын- ша қорлар ХIХ ғасырдың 80-жылдарынан бастап қалыптаса бастады. Оған мұрындық болған Орыстың география қоғамы және Жаратылыстану, ан- тропология, этнография қоғамы едi. Айтылмаш қоғамдардың мүшелерi түрлi экспедицияларға қатысты. Қордың жинауына түрлi ғылыми қо- ғамдардың өткiзген көрмелерi де себеп болды.


Антропология мен этнография мұражайы 1836 жылы атақты І Петр- дiң Кунсткамерасы негiзiнде ашылды. «Игiлiктi iстiң басына, жақсы келсiн қасына» дегендей, кейiнiрек, дәлiрек айтқанда, 1894–1918 жылдары бұл мұражайдың директоры болып, әлемге аты әйгiлi, шығыстанушы ғалым академик Василий Васильевич Радлов iстедi. Ол кiсi әрi Орта және Шығыс Азияны зерттеу жөнiндегi Орыс комитетiнiң төрағасы болғандықтан, Қазақстанға да қатты назар аударды. Мұражай қорында, шамамен 5500- ге жақын Орта Азия мен Қазақстанға байланысты экспонаттар бар.


Ресей этнография мұражайының iргетасы 1934 жылы, Орыс мұражайы- ның 1900 жылы ашылған этнография бөлiмi және Дашкова мұражайының қоры негiзiнде қаланды. Қазақстан бойынша этнографиялық әрi тарихи зат- тарды, фотосуреттердi жиюда Самуил Мартынович Дудиннiң (1863–1924) еңбегi зор. Ол 1900 жылдан 1908 жылға дейiн Түркiстанға жылда келiп отырды. Мұражай қорында С. М. Дудин жинаған 4000 дүние бар (үш кол- лекциясы Қазақстанға арналған). 15 фотоколлекция (бiр жарым мыңнан астам фотосурет) болған. Өкiнiшке орай, ұлы Отан соғысы кезiнде Дудиннiң көп негативi жойылып кетiптi. С. М. Дудин Көркемсурет ака- демиясын бiтiрген маман-суретшi. И. Репиннiң шәкiртi болды деген де сөз бар, әсiресе академик В. В. Радловтың ықпалында көбiрек болыпты. Мiне, осы суретшiнiң қатты назар аударғаны қазақтың ою-өрнектерi екен. Оның түрлi түстi бояумен жасалған альбомдары, бұл күнде көркемсурет академия- сында сақталған, бiразын марқұм Ә. Х. Марғұлан өз кiтабында пайдалан- ды. Мiне, осы ою-өрнектердiң iшiнде атам Мақы Уәлихановтың да бiрнеше оюын кездестiрдiм.


Алматыдағы көрмеде С. М. Дудиннiң еңбектерiмен танысу бiзге тағы бiр қуаныш әкелдi. Бұл жолы бiз С. М. Дудиндi басқа қырынан — фото- граф ретiнде таныдық. Суреттерi қандай десеңiзшi! «Аңға түсетiн бүркiт»,


«Шiдертi руының байы», «Семей облысының қазақтары», «Киiз үй- дегi мектеп», «Дуана», «Апақ, Жидебай мазарлары», «Шiдертi өзенi бойындағы жайлаудағы қымыз пiсу».


Бiздiң ыждағатпен назар аударған суретiмiз «Қаракөл жайлауындағы бай қазақтың отбасы» деген фото болды. Құбылмалы саяси жағдайларға бай- ланысты ма, кiсi аттары жазылмапты. Ал суретте өсiп-өнген, осы уақытқа дейiн үрiм-бұтақтары сақталған Шах-Зында Шорманов отбасы бейнелен- ген едi. Сақалы белiне түскен қарт Шах-Зынданың әкесi Иса Шорманов (атақты Мұсаның iнiсi) Сәтбаймен (академик Қаныш Имантайұлының атасы) бiрге барып Меккеде қайтыс болған. Оның қасында — бәйбiшесi Жақан, немерелерi Бапық пен Рақымтай. Менiң қолымда да Иса, Шах- Зында, Рақымтай — үшеуi түскен суретi бар едi, салыстырсақ аумайды екен. Он мыңнан астам жылқысы болған Шах-Зында Кеңес үкiметi тұсында конфискацияға iлiгiп, Омбы облысындағы Марьяновка селосында аштан өледi. Шах-Зында туған жерiмен қоштасып, мың беттей жүректен шыққан, адамды тебiрентетiн өлең де жазған адам. Соның бiрiнде Қаракөл жайлауы туралы:


деген жолдар бар.


 


«Жарқырап жатырмысың, Қаракөлiм, Суыңа бұла болып өскен төлiм.


Жаныңда қара-құра ештеңе жоқ, Адыра қалғаның ба, сары белiм» —


 


Иманжүсiпте де «Қырық мың жылқы түссе де лайланбас, Аюлы мен Нияздың Қаракөлi» деген жолдар бар емес пе едi?


Шорман ұрпағымен аралас-құралас өскен академик Қ. И. Сәтпаев Қара- көл жайлауы туралы айта келiп, «талай ойын-сауық кештi қолға домбыра, мандолина, скрипка алып, осында өткiздiк қой» деп еске түсiрiп отырады екен.


С. М. Дудиннiң 1899 жылы Семей облысынан жинаған №493 коллек- циясы да (17 зат) мәндi. Онда оюлы сандықтар, ожау, тостаған, кесе, ердiң бас киiмi, сырға, бiлезiк, т.б. бар.


Ақмола облысының Петропавл және Атбасар ояздарынан 1908–1909 жыл- дары К. В. Щенниковтың жиған-тергенi де өте құнды. 1289, 1458 және 1959 нөмiрлi коллекцияларында 151 зат бар.


К. В. Щенников фотографиямен де айналысыпты. Суреттерiнiң сапасы жоғары дәрежеде болмағанмен, мен өзiмiз үшiн бiршама жаңалықтар аш- тым. Мынадай тарихи суреттер бар екен. «Сұлтан-Мұхамед Абылаевтың от- басы» (киiз үйдiң сыртында түскен тоғыз адам), «Сұлтандар мен қазақтар» (төрт адам), «Кенесары сұлтанның садағы — Сұлтан-Мұхамед Абылаев- тың меншiгi». Соңғы фотосуретте адам жоқ, садақ киiз үй сыртындағы кермеге қыстырылып қойыпты. Осы жерде «Сұлтан-Мұхамед Абыла- ев кiм, ол Кенесарының садағына қалай ие болған?» деген де сұрақ туады. Сұлтан-Мұхамед Абылайдың (елде Абышевке аталған баласы, Қоңырқұлжа Құдаймендеұлының немересi. Алған әйелi Шыңғыстың қызы Бәдiғұл. Де- мек, Сұлтан-Мұхамед Шоқанға жиен. Ал ендi патша үкiметi Қоңырқұлжа- ны Кенесарыға қарсы пайдалануға тырысқаны тарихтан да, Iлияс Есенбер- линнiң «Қаһар» романынан да белгiлi.


 


 


«Суретi бар, ал садақтың өзi қайда екен?» деп ойланып қалған сәтте, көзiм көрмедегi аласа үстелде жатқан бұйымдарға түстi. Iшiнде, нанайын ба, нанбайын ба, iздеп тұрған садағым жатыр екен. «Құдай-ау, мынау Кенесарының садағы ғой!» деген ой көңiлге сарт ете түстi. Экспонатқа шұқшия қарап, зер сала бастадым.


...Садақ керiлмеген, дөңгеленiп бос жатыр, шеңбер диаметрi 90 см, ра- диусы 45 сантиметрдей. Садақтың екi ұшына жылан терiсi кигiзiлген, бiтер басында тартылатын тарамыс үшiн кертiк бар. Өн бойы жұқалау жалпақ болып келедi де, қол ұстар тұсы терiмен қапталып дөңгеленiп бiткен, бояуы қара, жон тұсында әшекейлi сызық бар. Бұл қайдан келген садақ, кiм тапсырды екен деп «өмiрбаянына» үңiлсем, тағы да К. В. Щенниковтың атын кездестiрдiм. Коллекция 40 заттан тұрады екен, 1919 жылы Ақмола облысынан жиылыпты, iшiндегi садақты «лук-самострел» деп жазыпты. Алғашқы келгенде, Сұлтан-Мұхамед Абылаевтың үйiнде садақты көрген К.В. Щенников кейiн қолына түсiрiп алса керек.


Cуреттердiң iшiнде К. В. Щенниковтың «Атбасар оязындағы болыс- тар тобы» деген фотосы тарихи болып шықты. Филология ғылымының докторы Сапарғали Омарбеков өз атасы Мейрамның бейнесiн таныды, ортада тұр, басында тақия, үстiнде китель түстес шекпен, мойынында ме- даль. Мейрам Кенесарының үзеңгiлес досы Жанайдардың баласы. Жа- найдар Орынбай баласы, оның әкесi Биғали, оның әкесi Айтқожа Абы- лайханның тұстасы.


Көрмедегi әдемi заттардың бiрi «Кенесарының бауырының кiсесi». Бауыры десек, ағалары Саржан мен Есенгелдiнi де айтуға болады, iнiсi Нау- рызбай деуге де болады. Өте нақышты, алтын жалатқан бедерлi болуына қарағанда, сал-серi болған. Наурызбайдiкi десек дұрысырақ сияқты. Кенеса- ры ағаларының заманы тым ертерек өткен ғой, олардан кейiн ағайынды қос батыр азаттық үшiн он жыл алысқан.


Замандасы қалдырған Наурызбай бейнесiне ден қояйықшы: «Наурыз- бай 23-25 шамасындағы ұзын бойлы, талдырмаш жiгiт. Ат жақты, қызыл шырайлы, өзге қазақтармен салыстырғанда сүйегi өте iрi. Отты қара көзi ойға толы. Өрiлген, маржан тағылған айдары бас киiмi асты- нан шығып, самайына түсiп тұр. Сақал-мұрты жоқ. Майданға жүнi күннiң алтын нұрымен шағылысқан ақ боз атпен шығушы едi. Жекпе- жек кезiнде бiр жеңiн белбеуiне қыстырып, оң қолы бос болатын. Жа- уына қаһарлы болды. Найзаны екi қолдап ұстағанын ешкiм көрген жоқ.


 


 


Салмақты найзаның бiр қолда ойнауы, әдетте оның алып күшiнен ха- бар беретiн. Басында қызыл пүлiшпен тысталған, үлпiлдек жүндi түлкi тымақ болушы едi. Көк жiбек тысты қара құйрықтары салбырап тұ- ратын суыр iшiк, iшiктiң жеңi, етегi құндыз терiсiмен көмкерiлген» (Б. Салтыбаев). Дәл осындай жiгiтке алтын кiсе лайықты емес пе?


Көрмедегi аса құнды коллекция (№ 313, он үш зат) қазақтардың ханза- да II Николайға берген бұйымдары. Айбалта сабында пышағы бар қамшы, бiлтелi мылтық, адалбақан, тағы басқалар. Бұл заттар 1890–1891 жылда- ры тақ мұрагерiнiң Шығысқа жасаған саяхаты кезiнде сыйланған. Кейiн 1985 жылы «Путешествие государя императора Николая ІІ на Восток» деген үш томдық кiтап шықты. Соның 2-томында, қазақ зиялыларының суретi басылды. Бiрiншi беттегi сурет. Ортада Шыңғыс Уәлиханов, оның оң жағында Мұса Шорманов. Осы кiтаптарды бiр кезде мәдениет қай- раткерi, марқұм Қапият Телекеевтен көрген едiм, жоғалмаса жарар едi. Шыңғыс Уәлихановтың тапсырған дүниелерi Санкт-Петербор мұражай- ларының қорында, көрмеде де кездесiп қалады. № 2 коллекцияда (4 зат) қыздың киiмi, көйлек, шапан, бас киiм және аяқкиiм бар.


№ 52 коллекцияны (350 зат) Арынғазы Қанғожин мен Шыңғыс Уәли- ханов тапсырған. Бұл өзi 1876 жылы Санкт-Петерборға, Ориенталистер конгресiне жiберiлген заттар болса керек. Iшiнде: тор көздi темiр сауыт, дулыға, II Екатеринаның Абылайға берген жазуы бар қылыш (Әдiл Абылаевтың меншiгi), күмiс жүген (Жақыптiкi), қорамсақ, садақ. Мақы жасаған ожау, сүтқұйғыш, саптыаяқ, астау, сағаттың ағаш қабы, сүйек сап- ты пышақ, күмiс кiсе, т.б. Осы заттардың Петерборға жетуiне себеп болған Ориенталистер конгресiн дайындау комитетi атынан қазақ зиялылары- на 1876 жылғы ақпанның 9-ында жазылған хат едi. Онда былай делiнген:


«Даланы танитын, түсiнетiн адамдардың айтуынша, Көкшетау оязында, әсiресе мына заттарды табуға болады екен. Олар: әшекейленiп жасалған күмiс ер, тастан шабылған Абылайханнан қалған ескi дүниелер. Бiзге ке- регi Бағаналы болысындағы Бимен Ерденовтың тамаша ерi мен әдемi киiм- дерi, Атасу болысындағы Жарылғапбердiнiң шежiресi, Орынбай ақынның өлең, жыр мен қиссалары, Ақмола оязындағы Қоңырқұлжа ұлдары — Абы- лай мен Ыбырайдың әшекей тасты қашайтын тетiгi. Ақтау болысында- ғы қымыздан арақ жасайтын жабдықтар... Қаракеңгiрдегi Ботағай мен Алашханның мазарын, Қарабұлақтағы Сағынайдың қыстауының суреттерiн түсiрiп жiберсеңiздер жақсы болар едi...


 


 


Мұражайлардағы тарихымыздың қайталанбас беттерiн көре отырып ой- лайтынымыз, қазақ дүниесiн жиюда талаптанушылар көп мақсатқа жеткен сияқты. Әрi қарай не iстеуiмiз керек, ендi соған көшейiк.


Сауда-саттық заманында, ендi бәрiн де өзiмiзге қайтарыңдар деген бос сөзден ештеңе шықпайды. Асығып жүрiп айғай салсақ, бос үркiтiп аламыз. Бiздi ешкiм жолатпайды, нәрселер тығылады. Алдымен қай қалаларда, қай мұражайларда не дүние бар екен, соны анықтайық. Оның дұрыс ақталуын та- лап етейiк (осы кезде ұрлану, өртке шалыну көбейiп кеттi. — Ш. У.). Шама келсе, бiрiгiп кiтаптар жазайық. Германияның Гамбург қаласындағы мұра- жай Антропология, этнография мұражайымен бiрiгiп отырып С. М. Дудин- нiң Қазақстан бойынша жиған-тергенiн жарыққа шығармақшы. Немiстер жағынан профессор Фостен, Ресейден бөлiм бастығы, түркiтанушы, қазақты зерттеушi Курылев Вадим Петрович көрiнедi. Бiз де неге солай iстемеймiз? Ал бiзге аса қажеттi (мысалы, Кенесарының садағы) заттарды қайтарғымыз келсе, оны тәуелсiз мемлекеттер мәмілеге отырған кезде, келiсiмшарттарда атап кету керек, онда мәдениет ескерткiштерiне арналған тарау мiндеттi түрде болуы қажет.


Көрмеден туған тағы бiр ой, осы заттардың көбiн Әлкей Хақанұлы Марғұлан қолымен ұстап көрiп, суретке де түсiрiп үлгерiптi. Осы уақытқа дейiн қазақтың ұлы азаматы, нағыз патриотының жиған-тергенiнiң сандық түбiнде жатуы, рухани дүниемiзге айналмай отыруы да жанды қинайды. Шабанбыз-ау, дүние-ай, шабанбыз-ау!


«Ана тiлi»,


№43, 29 қазан, 1992 ж.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу