Өлеңдер ✍️

  15.02.2022
  220


Автор: Кеңесжан Шалқарұлы

ҮЛКЕН ЖОЛДЫҢ ҮСТІНДЕ

ҮШІНШІ ƏҢГІМЕ
Мектеп барып,
Қалам ұстап, хат танып.
(Ана тілдің ережесін жатқа алып).
Күнде кешке
Күнделікке қол қойдым,
Бестік деген бағаларға мақтанып.
Анашың да мəз болатын менімен,
Аққудайын ағыс тапқан көлінен.
Тұтас жүрген тілегі бір достардың,
Тұңғыштары өздеріңдей көрінген.
Жадуалдың кестелерін жаттадың,
Ынталығыңды оқуға ылғи жақтадым.
 Үйге берген тапсырманы бітірмей,
Ұйықтау үшін уағыңда жатпадың.
Бұл тірлікпен апта қалды, Ай қалды,
Маусым қуып жыл он екі ай айналды.
Бала болып ойынға да берілмей,
Сабақ оқу əдетіңе айналды...
Жүзіңде уыз,
Маздап жанған ішіңде от.
Жалғастың сен, бұл өмірге күшім боп.
– Баға емес,
тапсырманы орындау
Мұғалімнің айтқандары үшін!, – деп.
Жауап бердің.
Бір сөзіңнен қайтпадың,
– Мұның дұрыс емес, – деп мен айтпадым.
Бүгін ұстаз,
Ертең ұлы Отанның
Қор болмайсың
Орындасаң айтқанын.
Осы бастан біліп өссең сондайды,
Көктемің де гүлдерің де солмайды.
Алғашында дұрыс өскен Шырымтал
Келешекте кемістігі болмайды.
Масаттанба бір арманға жеткен де
Қақ қанатты.
Ұш Биікке – көкке өрле.
Ту басынан тұнып аққан бұлақ та,
Бұзылмайды арнасына жеткенде.
Өзің болып жан əкеңнің жыр, əні
Лаулайды кеп қуаныштың шырағы.
Басыңдағы баспана да тегінде
Іргетасқа байланысты тұрады.
Өтіп жатты, кетіп жатты күліп Күн
Маңдайыңнан сүйіп гүлін үміттің ....
 Сабақ оқу сапарында сен талай,
Дер кезінде тамақ ішуді ұмыттың.
Іші тардың жүрді саған жыны кеп,
Ішқұса боп, тигендей-ақ тіліне от.
Өстің солай, Айнагүлім,
кəдімгі
Үлгілі, озат оқушының бірі боп.
Емтиханнан шеки басып көрмедің,
Белестерге көтерілдің, өрледің.
Сенің алғыр зеректігің арқылы,
Сыйлы орныма айналды ғой төр менің.
Қызыл гүлге құшақ толды, жайнады,
Көңілімді көгершін əн жайлады.
Сенің үздік оқығаның, жан балам,
Менің шексіз шаттығыма айналды.
Бітті осылай орта мектеп кəдімгі,
Алға қарай бастың жақсы адымды.
Институт құшағына алды ыстық.
Студентсің
Өз ортаңа қадірлі.
Иə, иə!
Мен тұрған жер гүл алаң,
Гүл алаңнан, қашандағы жыр алам.
Мен болмаған Биіктікте сен болсаң,
Қалай ғана қуанышсыз жүре алам.
Ол – Кремль!
Нелер ұлы данышпан
Сөз сөйлеген.
Цеткин келген алыстан.
Дүниенің құлақтарын құмартып,
Гагариндей көтерілген ғарышқа əн.
Беу, Биіктің!
Ұлылықтың көзісің!
Үлкен тарих жолдарының өзісің.
 Меньшевиктің мешеулігін əйгілеп,
Адамдықтың жаңалаған Тезисін.
Шұғыласынан жылу алып ел күлген,
Жүрегіндей қасиетті жердің кең.
Дəл он сегіз Көктеміңмен күлімдеп,
Дараланып, жаным балам, көрдің Сен!
Қандай ғажап,
қандай сұлу бар алап,
Ұйықтамаймын ой-електен саралап.
Өз бөлмемде отырсам да
осы сəт,
Ғарыш жақта жүргендеймін аралап.
Ақпан1 айы көрінді ғой жаздайын,
Ақ бораны естілді ғой саздайын.
Сенің мұндай құрметті күніңе,
Серпіліп бір неге өлең жазбайын.
Міне, бүгін қуаныштан мақтанам!
Бұлбұлдайын төгем еркін баққа да əн.
Беу, Асқар тау, естисің бе?!
Дүние!
Биігіне шығып қайтты, Ақ балам!
Бұлақтайын сырларымды ақтарам,
Бұлбұлдайын
Төгем бүкпей
баққа да Əн.
Беу, ақша бұлт,
бері келші?
Ғажайып!
Құрылтайда болып қайтты,
Ақ балам!
Құрбы-құрдас,
достарыма мақтанам,
1 1985 жылы ақпанның 25-де КОКП (КПСС) XXVII съезі болды. Оқуда озық танылған Айнагүл Кеңесжанқызы Қазақстан студенттері атынан сол үлкен съезге қатынасқан.
 Осынау бір көңіл күйден бақ табам.
Көзбен көріп əлем Азаматтарын,
Кастромен бірге отырды
Ақ балам!
Көріңдерші Кеңесжанның баласын,
Үлкен жолдан тапты осылай жарасым.
Парламенттер қатарында отырды,
Шешендердің тыңдап баяндамасын.


Мұндай кезде шарықтамай, ұшпауым
Мүмкін емес,
(Қолдамас та еш қауым)
Кең Сарайдың қақ төрінде тыңдады,
Лапылдатып тал бойына күш-ағын.
Ұлы оқиға,
Ұлы орында өткен көп,
Мынау – соның бірі аңсаған көптен-көп!
Ақсақалдар қатарында отырды,
Айнагүлім он сегізінші Көктем боп!
Өз көзімен не жайсаңды көрді анық,
Бұл бала ма, маған дағы зор даңқ!
Жақсы өмірдің жалғасы боп жастық шақ,
Жатты соның мінбесінен жолданып.
Көркіндей боп бой түзеген қаламның,
Гүліндей боп қырмызы атқан даламның.
Делегаттар Ой білдірген Мінбеден,
Айнагүлім есті сөздің самалын...
Ұлы жиын Сарайында нұрланды Ай!
Қарап отыр миллион көз бір қанбай,
Мінбесінен ұлағатты Құрылтай,
Айнагүлім –
Алау болып тұрғандай.
Əн болып та,
Дəн болып та серпіліп,
Қақты қанат ...
 Маңдайында тер тұнып.
Келешегі күле қарап қызыма,
Ойлы жандар қалды бір сəт серпіліп.
Сөз самалы кедергісіз ешқандай,
Жер шарына жетіп жатты кеш қалмай.
Толқынында толастамас күш бардай,
Овация.....
Ақ көгершін ұшқандай!!
Үлкен ойды тұжырымдап,
қысқартып,
Ұқтырғанда ұлы орында түс танытып.
Көздеріне күлкі үйіріліп отырды,
Президиумда қазақтар да іш тартып.
Іші елжіреп Төреқұлдың Шыңғысы,
Деді:
– Қазекемнің шын қызы!
Қарт генерал риза болып қол соқты,
Деп:
– Əлия, Мəншүктердің сіңлісі!
Жүрегіме орнағандай жыр тауы,
Артты тағы арайланып қыр сəні.
Дегендей-ақ тұрды ұлылық байырқап,
«Жарайсың, сен,
Шақантайдың ұрпағы!1»
Ақниеттер жан баламды көтеріп,
Əкеткендей.
(Осындай ғой шешендік).
Рақметін көз нұрымен білдіріп,
Риза болды делегеттар шетелдік.
Естисің бе?
Қалың орман,
Жасыл бақ!
1 Жоңғар шапқыншылығына қарсы күресте ел мен жерін қорғаған Орта жүздің батыры. Кесенесі Шұбартау ауданындағы Орта Қарауыл жерінде.
 Естисің бе?
Аққан өзен асыр сап.
Өтсін солай қуанышты күндермен,
Ата-анаға бақыт сыйлап жас ұрпақ.
Тағы да мен жарылардай мақтанам,
Бұлбұлдайын төгем бүкпей баққа да Əн,
Беу, Туған ел естисің бе?
Адамзат
Мінбесінен сөз сөйлейді Ақ балам!
Мəз болады маған қарап ғалам да,
Мен ризамын кең дүниеде балама.
Естисің бе?
Шын шаттанған шақтар да,
Қанаттанып кетеді екен адам да!
Қандай ғажап,
Қандай сұлу бар алап,
Тебіренем ой-електі саралап.
Көңілімде қуаныштан басқа жоқ,
Кең дүниені жүргендеймін аралап.
Тұла бойы тұңғышыма сүйін де,
Сүйінші бер,
Сүйінші бер, Дүние?!
Тілейтінім:
Мен сияқты Əкенің
Кірбең салма ақын көңіл күйіне!!!
Аңсамаймын парақордың байлығын,
Артық одан қоңыр қалта шайлығым!
Жан баламның қуанышқа бөлеуі –
Осы менің таусылмайтын Байлығым!
О, Тағдырым!
Қасіретіңнен қайдағы
Сақтай көрші!
Зұлымдықтан айлалы.
Қой үстіне жұмыртқалап бозторғай
Ұлы Өмірдің бұзылмасын қаймағы!!!
 Керегі жоқ мансап,
Атақ,
Тақытың!
Шықсын күліп,
Жатсын жаймен батып Күн!
Жан баламның жастарға үлгі талабы,
Осы менің аңсап-күткен Бақытым!
Мен алдыңда.
Қуып жетші уақытым,
Ізім болып қалып жатыр жақұтым.
Мынау Өмір – Ұлы жолдың Үстінде
Балам менің – баға жетпес Бақытым!!!
1985 жыл, Алматы қаласы




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу