Өлеңдер ✍️

  04.02.2022
  272


Автор: Жарасбай Нұрқанов

ОНЫҢ ӨЗІ – ПОЭЗИЯ

(Сəкен Сейфуллинге)
Теңдік іздеп жүргендерге
Берген көмек, ақыл-кеңес.
Қалың елге, жұмыскерге
Қиянаты болған емес.
Сусар бөркін сəнмен киген,
Əрі кербез, əрі зия.
Ажар-көркі сүйсіндірген
Оның өзі – поэзия.
Серуендеп жүрген кезі,
Сейіл құрып, жəйлап басып.
Сəкен емес, қыздар өзі
Өліп-өшіп болған ғашық.
Отжалынға төніп келген
Көк көбелек аруларға,
Қомағайлық көрсетпеген,
Асыл туған абзал аға.
Сыңар аққу көлге қонған,
Мұңаяды жалғызсырап.
Ойлы Сəкен, бəлкім, оған
Тұрды қарап ұзағырақ.
Қайда сонау ерік-жігер,
Асау тұлпар арқыраған?!
Ел жүдесе, бірге жүдер,
Елін сүйген ақын адам.
Шер тарқатып сөйлесуге
Қызыл атты сөзге тартты...
 ...Бұлт үйіріліп төбесіне,
Қатер төніп келе жатты.
Жазығы жоқ, кінəсіз ер,
Қыл үстінде, əттең, міне.
Түн жамылған үндеместер
Əкетті ұстап Сəкенді де.
Өңкей жендет дік-дік етіп,
Күнде – тергеу, күнде – қинау.
Көз ілдірмей, діңкілдетіп,
Тік тұрғызу – сұмдық мынау.
Он үш тəулік тіл қатпаған,
Жан түршігер көрсе де азап.
Тістеніп ап, міз бақпаған,
Асқақ ақын, қайсар қазақ.
Өлім құшып, орға құлап,
Қырық төртінде көз жұмған ол.
Елестейді бізге бірақ,
Өр, тəкəппар күйінде сол!..
Əлі күнге көкірегімде
Айықпаған шерлі мұңым.
– Қайран Сəкен! – дегенімде,
Қарлығыңқы шығады үнім.
Сары Арқадан түлеп ұшқан
Бір кездегі қызыл сұңқар.
Не десе де дос пен дұшпан,
Бір өзіне болдым іңкəр.
Кеудемізде жаңғырыққан,
«Тау ішінде» – ғажап əні.
 Өз перзентін жанмен ұққан,
Туған елі шырқайды əлі.
Сəкен – біздің еліміздің
Жаңа өмірді армандауы;
Рухани дүниеміздің
Кербез сұлу Көкшетауы!!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу