Өлеңдер ✍️

  04.02.2022
  186


Автор: Жарасбай Нұрқанов

ҚАЙ ЖАҢА ЖЫЛ?

(Соңғы өлеңі)
1
Өзгенің Жаңа жылын
Қарсы алып, тойлап жүрген;
Даңғаза қазағымның
Тірлігі ұят мүлдем.
Толтырып бокалдарын,
Жағалай тост айтысып;
Көрдің бе бұлғаңдауын,
Буыны босай түсіп?
Айнала жарқ-жұрқ етіп,
От шашқан гүрсіл қандай.
Жарқылға есі кетіп,
Жан біткен ұмсынғандай.
Қақаған қыс ішінде
Не қылған жаңа жыл ол?..
Əйтеуір жұрт ішуде,
Көбінің білгені сол.
Жаңа деп көктемді айт сен,
Күн көзі елжіреген;
Көктемгі бөктерді айт сен;
Жауқазын желбіреген.
Жаңа күн, Жаңа жылым –
Наурыздың жиырма екісі.
Жан бауырым, жақын інім,
Дəл соны білген кісі.
 2
Наурыздың жиырма екісі –
Ол менің туған күнім.
Біледі, əрине, əйелім;
Қазина, жарым менің.
Біледі, əрине, ұлдарым,
Жомарт пен Жəнібек.
Білуге тиісті Айгүл де;
Əрине, біледі немерем Жанарым,
Күмəн жоқ, біледі Гүлнəрім,
Немерем Жансұлтан,
Немерем Нұрзада;
Біледі Марат пен Нұрсұлу,
Нағашыбай, Теңдігім.
Ағыбайдан қалған тұяқ – Дəулетім
Жəне оның шешесі, біздің келін Айгүл де;
Əкейдің кенжесі Талғат пен келін бар;
Қайын жұртым Қазан мен Зураш;
Болат пен Галямыз,
Біледі Дастан мен Сəуле де,
Жыл сайын жездем деп, түседі əуреге!
Мен ертең өлгенде, жиналар осылар;
Топырақ салуға бəрі де ұмтылар;
Бұл күнде достарым қалмады,
Бəрін де қара жер жалмады;
Ендігі қалғаны – осы ғой, шамасы;
арман не, айтуға осыны
келсе адам мұршасы;
Қартайдым, сөйлеймін найқалып,
Көп сөйлеп қойдым-ау, ей, Халық!
30-мамыр 2011 жыл




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу