Өлеңдер ✍️

  04.02.2022
  110


Автор: Жарасбай Нұрқанов

ЖАДЫРАУ

Көктем келді, қуды жерден мұз-қарды,
Өктем келді өгей етіп ызғарды.
Көктем келді жігіттерді жымитып
Толғандырып толған айдай қыздарды.
Шопан аға шолақ киім киінген,
Ақсақал тұр ажарына сүйінген.
Қос қабаттап шүйкесі мен шуақты
Ұлы шешем ұршығымен иірген.
Бала біткен доппен бірге домалап,
Таң атқаннан күн батқанша жоғалат.
Дала қандай жаңбырдан соң жаңғырған!
Сыртқа шықпас сырқаттарға обал-ақ.
 Күн қунақы. Бұлт жұқалтаң, қазбауыр,
Жер кебірсіп, сезінбейсің сазды ауыр.
Адам тонын, дала тоңын сыпырып,
Құрыстаған бойын қайта жазды ауыл.
Көптен күткен көктем жұртқа ұнап тұр.
Көңілі өсіп, көтерілді қырат-қыр.
Атасының белін басар баладай
Дөңге шығып бара жатыр трактор.
* * *
Жарқын жаздың өткені –
Салқын күздің жеткені.
Қорғасын бұлт тұнжырап,
Тоңғасын ба, тұр жылап.
Сұрғылт, суық күйге енген,
Айдын көлін үйренген;
Үйректер жүр қия алмай,
Ұшар күнін қиялдай.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу