Өлеңдер ✍️

  02.12.2021
  181


Автор: Нұрбақыт Мұхаметжанұлы

ҚАЙРАҚ

(Нұрбосын Қажымұқанұлына)
Хат жаздым жайлауда Нұрбосынға,
Шіркін-ай күй де осында, жыр да осында!
Поэзия көтеріп туын биік,
Кірер болсаң керемет жыр қосынға.

Қаны таза мейлі сен қазақ ақ бол,
Деме інім ақындық жазады атты ол.
«Ақын болу шарт емес» одан ұлы –
Ең әуелі халқыңа азамат бол.

Болу керек асқардай мақсат деген,
Санаспағын абырой жақсы атпенен.
Азамат боп әуелі Қадыр ақын,
«Тарихым» деп тайсалмай қақсатты өлең!

Ол қолыңнан келмесе, қой қаламды,
Шығарады бір күні той бағаңды.
Егер мен де сол күйге түсер болсам,
Тауға шығып, таяқ ап қой бағамды!

Қалса қараң қамықпа қиялда атың,
Жабы мінбе әйтеуір ұялатын.
Халық деген тәңірің бас иетін,
Қасиетіңе болмасын қиянатың.

Неге керек жас өмір жасық болған,
Құлағымыз қолпаштап сасып болған.
Жуас көмпіс бол деген мына заман,
Арқамызды жауыр қып қасып болған.

Солай інім соларға барлап қара,
Ілінерсің бұл жолда қармаққа да.
Дар алдында барсаң да дара шындық,
Арды аттама, бауырым, арды аттама!

Өлеңсіздің шырынын тамызатын,
Жыр бәйгеде тұлпарын ағызатын,
Табынатын тәңірің қалам алсаң –
Абай, Қасым, Ілияс нағыз ақын!

Сақта Құдай жүректі кірлеуінен,
Аяз қысып жүректі үрлеуінен.
Тура талдап жолыңды ту ұста да,
Бұзып шыққын ақындар сүрлеуінен!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу