Өлеңдер ✍️

  28.11.2021
  394


Автор: Кәдірбек Құныпияұлы

ҚАРАСАЗ

Ақ жаңбыр, тайғақ жолмен тайталасып,
Байпақтың кезеңінен байқап асып,
Еңіске ентік басып, бет қойғанда,
Тұзкөл жатар құшағын айқара ашып.
Қара жол Қарасазға тура бастап,
Сұлулықты тұр әне, су да растап.
Елшенбүйрек етегін бұлт тұмшалап,
Таулардың желбірейді тулары асқақ.
Керім өлке келбетін көріп, танып,
Күбірлейсің күмбір ой ерікті алып.
Қойнауында қос таудың қол бұлғайды,
Қара өлеңге қазақы жерік халық.
Жыр елінен бұрқырап тараса ізгі үн,
Жұбатады жаныңды жарасы аз күн.
Көз суарып көркем тау көркіне ерен,
Қасиетін танисың Қарасаздың.
Қасиетті Қарасаз! Қайран өлке,
Желбіреген ақынның байрағы ерке.
Сұлулықты мәңгілік жиғансың-ау,
Опасызын жалғанның ойлап ерте.
Бас идірмес бүгінде бағасы аз үн,
Сыздатады жүректі қараша мұң.
Қара өлеңі қазақтың аман болса,
Сен де мәңгі биіксің, Қарасазым!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу