Өлеңдер ✍️

  02.05.2021
  397


Автор: Шырын Мамасерікова

ЖЕҢІС

Жарылыстан күңіреніп көк аспан,


Жым-жылас қып зеңбіріктер оқ шашқан.


Жер шайқалды жапырылып қалғанда,


Жас боздақтар табанымен шоқ басқан.


Тұншықтырып бомбалардың түтіні,


Орындалып аждаһа-ажал үкімі.


Өліктерге толған кезде сай-сала,


Быт-шыт болды балауса үміт үкілі.


Арпалысып әрбір сүйем жер үшін,


Шейіт болған Отан үшін, ел үшін.


Жұрт қарыздар Жеңіс күнін жеткізген,


Жиырма миллион көзін жұмған ер үшін.


Боз қараған, тобылғылы адырда,


Бәлкім, мұңы жібіместен жатыр ма.


Солар үшін көрсетіңдер сый-құрмет,


Тозақ, оттан тірі қайтқан батырға.


Арқалаған сойқан соғыс зардабын,


Майдангердей мен де азабын тартамын.


Жабырқаймын жұбата алмай жырыммен,


Жетім, жесір аналардың зар-зарын.


Азат еткен фашистерден қаскөйлі,


Азаматтың аты мәңгі өшпейді.


Ата-баба даңқына даңқ қосқанды


Ұмытса ұрпақ кәрі тарих кешпейді.


Жауды жеңген жауынгерлер мақталсын,


Жүректерде есімдері жатталсын.


Келген Жеңіс қаһармандар қанымен,


Көздің қарашығындай дәл сақталсын.


Естен кетпес қан шайқасқа куәгер,


Ұлы Жеңіс жалауына мұрагер.


Қарт сарбаздар, болашаққа жол сілтеп,


Айбынды әскер қатарында тұра бер.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу