Өлеңдер ✍️
Өлеңдер ✍️
21.06.2026
49
Жусан-ғұмыр
Мезгілден көңіл оздырсам,
Көңілді дегін көк дөнен.
Туғаннан серік боз жусан
Түлеген, жылда көктеген.
Қалдырсам артта сан шақты,
Ғұмырда білгем мән барын.
Алқызыл, нұрлы, моншақты,
Атумен жалғас таңдарым.
Атумен жалғас таңдарым,
Апарған келер күндерге.
Аңсаумен алға самғадым,
Бір белден өтіп бір белге.
Өткенді кейде - сөз қылсам,
Аңсадым дерсің алғыны.
Жыл сайын түлеп боз жусан,
Қырлардың қаулап шалғыны.
Жылдарға бермес кім есе,
Шалқыдым, тасып, төгілдім.
Боз жусан жылда түлесе -
Болғаны жалғас өмірдің.
Боз жусан солса - бұл күнә,
Болашақ онда жоқ дегін.
Өмір де сонау бір күні, ә,
Қоятын болар көктеуін!
Мезгілден кейде озса адам,
Жүйрігін көңіл ұқтырып.
Өткенге мен бір көз салсам,
Жанарға жылы шық тұнып...
ЗЕЙНОЛЛА ӘКІМЖАНОВ
"ЖЕРҰЙЫҚ" ӨЛЕҢДЕР ЖИНАҒЫ. 1993 ЖЫЛ. 70-БЕТ
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter
Қарап көріңіз 👇