Әлеуметтік желідегі «мінсіз өмір» синдромы
Қазіргі қоғамда әлеуметтік желілерсіз күнімізді елестету қиын. Біздің бүгінгі шындығымыз – экрандағы 15 секундтық иллюзия үшін шынайы өмірдің сағаттарын құрбан ету. 2026 жылғы соңғы мәліметтер бойынша, әлем халқының 65,8%-ы цифрлық кеңістіктің тұрақты тұтынушысы екенін ескерсек, бұл мәселе әрбір екінші адамның тағдырына айналған. Осы орайда Инстаграмдағы «мінсіз» бейнелер мен жылтыр кадрлар адамның өзіне деген сенімділігіне қалай әсер етеді? Біз неге өз өміріміздің «шикі нұсқасын» (черновик) өзгенің «өңделген нәтижесімен» салыстыруға бейімбіз? Бұл виртуалды жарыс бізді бақытқа емес, ішкі бостық пен «өмірден қалып қою» қорқынышына (FOMO) жетелеп жатқан жоқ па? Төменде біз әлеуметтік желінің санамызды қалай өзгертіп жатқанын және «мінсіз өмір» синдромынан арылудың жолдарын ғылыми тұрғыда саралаймыз.
Виртуалды кеңістіңтіктің адамға берер мүмкіншіліктері мен пайдасы мол: онлайн сабақтар, қашықтықтағы жақындарыңмен байланыс, жаңа ақпараттар. Әлеуметтік желілер өз қолайлы тұстарының арқасында адамдар арасында қарқынды дамып, заман талабына айналды. Алайда цифрлық әлемді тиімді қолданбаса тұтынушының психологиясына түрлі залалы тиіп, өмір сапасының нашарлауына әкеліп соғады. Мәселен, ол оқшаулану сезімін күшейтіп, адамдардың арасындағы шынайылықты жоюда.
Фильтрлердің артына жасырынған шындық
Жетістіктер культы өршіп жатқан заманда лентада тек зәулім үйлерді, бағалы заттар мен мінсіз өмірді көрсек те, оның артында не тұрғанын білмейміз. Әлеуметтік желі - бұл өмірдің өзі емес, оның монтаждалған нұсқасы. Адамдар ғаламторға өмірлерінде болып жатқан қызығуға тұрарлық сәттерді ғана жүктейтіні анық. Ал әлеуметтік желі қолданушылары өздерінің қарапайым адамға тән: жұмыс, ұйқы, тұрмыстық мәселелері бар өмірімен салыстырып, күндері мәнсіз өтіп жүргендей сезінеді. Бұл “мінсіз өмір синдромы” немесе PLS ( Perfect Life Syndrome) деп аталады.
Фомо (FOMO) немесе «Өмірден қалып қою» қорқынышы
Басқалардың мінсіз демалысы мен жетістігін көру арқылы бізде «мүмкіндікті жіберіп алу» үрейі пайда болады. Бұл үнемі мазасыздық тудырып, адамның қазіргі сәттен ләззат алуына кедергі келтіреді. Біз ішіп жатқан астың дәміне емес, оның суретте қалай көрінетініне көбірек мән беретін болдық. Статистика бойынша, әлеуметтік желі қолданушыларының 56% -ында бұл синдром кездескен .
Жоғалған пайда синдромы мен әлеуметтік медианы пайдалану арасындағы байланыс туралы ғылым не дейді?
Computers in human Behavior ғылыми журналында жарияланған зерттеу (Фиораванти және т.б., 2021) жоғалған пайда синдромының (FOMO) жеке деңгейі мен әлеуметтік медианы пайдалану арасындағы байланыс пен оған қатысты мәселелерді зерттеді. Нәтижесінде, жоғалған пайда синдромын жиі сезінетін адамдардың көп бөлігі әлеуметтік медианы пайдалану кезінде қиындықтарға тап болды. Сонымен қатар, олар “FOMO” деңгейі төмен адамдарға қарағанда депрессияға тез ұшырайтындығы, үнемі мазасызданып жүретіндігі, өзгелер тарапынан теріс бағалаудан қорқатындығы, өздеріне сенімсіз екендігі белгілі болды. Ал өмірден қалып қою қорқынышы төмен адамдар керісінше, стресске төзімді әрі тәртіпті (дисциплина ) ұстай алады.
Бұл нәтижелер нені білдіреді ?
Нәтижелер бойынша, FOMO және әлеуметтік желілер бір-бірімен тығыз байланысты. Егер адам өзгелердің әлеуметтік желідегі парақшаларын үздіксіз бақылап отырса, бұл міндетті түрде «мүмкіндікті жіберіп алу» (FOMO) үрейіне әкеп соғады. Өзгенің таңғажайып сәттеріне тамсана отырып, біз кадр сыртындағы шындықты - суреттердің өмірден әлдеқайда «жылтыр» етіп көрсетілетінін ескере бермейміз.
Ғылыми зерттеулер дәлелдегендей, дәл осы «қалып қою қорқынышы» адамды әлеуметтік желіге жіпсіз байлап қоятын негізгі фактор болып табылады. Сондықтан, гаджетке тәуелділікпен күресудің психологиялық әдістерін жасауда бұл синдромды басты назарға алу - заман талабы
Егер сіз өзіңізде FOMO немесе PLS синдромын байқасаңыз не істеу қажет ?
Егер бойыңыздан FOMO немесе PLS белгілерін байқасаңыз, ең алдымен «цифрлық гигиенаны» қолға алу қажет. Социология мен психология кафедрасының доценты Юлия Надехинаның сөздерінше синдроммен күрес барысында телефон мен компьютер қолданысындағы уақытты шектеп, шынайы өмірге назарымызды бұрғанымыз жөн. Мәселен, ұйқыдан тұрғандағы алғашқы жарты сағат пен ұйықтар алдындағы бір сағатты гаджетсіз өткізуді әдетке айналдырған абзал. Лентаңыздағы ақпараттық мазмұнды сүзгіден өткізіп, сізде мұң немесе өзіңізді кем сезіну сезімін тудыратын парақшалардан бас тартып, тек шынайы мотивация беретін контентті қалдыру маңызды. Кез келген «мінсіз» суретті көргенде оның кадр сыртындағы шындығын, яғни бұл бейненің ұзақ дайындық пен маркетингтің жемісі екенін миыңызға жаттықтыру арқылы виртуалды иллюзиядан арыла аласыз. Сонымен қатар назарды сыртқы жылтырақтан ішкі мазмұнға бұру үшін шынайы өмірдегі белсенділіктерді, спортты және жақындарыңызбен бетпе-бет тілдесуді жиілеткен жөн. Өз өміріңіздегі қарапайым жақсылықтарға ризашылық білдіру арқылы миды «жоқ нәрсеге мұңаюдан» - «бар нәрсеге қуануға» қайта бағдарлауға болады. Әлеуметтік желі сізді басқармай, сіз оны саналы түрде басқара білгенде ғана ішкі еркіндік пен шынайы бақытқа жол ашылады.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter
Қарап көріңіз 👇