Әңгімелер ✍️
Мені өзгерткен қария
Мені ешқашан біреудің ісі алаңдатқан емес.
Иә, дәл солай.
Тіпті жасы үлкен қарт кісі болса да, амандасу деген маған тән қасиет емес еді.
Бір күні көшеміз тағы бір тұрғынмен толықты. Жасы шамамен жетпіске таяған, бойы аласа, жүзі жылы кісі. Таңертең бір қолына шелегін ұстап, екінші қолымен таяғына сүйеніп, аулаға шығатын әдеті бар.
Мен қарияны көріп тұрсам да, амандаспай өтіп кететінмін. Себебі ол кісі мен үшін бейтаныс.
Ол болса әр көргенде басын изеп:
— Ассалаумағалейкум, қарағым, — деп қоймайды.
Мен тек басымды изеп, әрі қарай кете берем. Ішімнен: "Танымайтын адаммен қалай амандаса береді екен?" — деп қоямын.
Бір күні таңертең сол кісіні есік алдынан көрмедім.
Екі күн өтсе де, көрінбейді.
Үйінің алдындағы орындық бос тұр.
Шелегі де жоқ.
Тіпті есігінің алдындағы гүлдері де суарылмапты.
Іштей алаңдап қалдым.
“Қалайсыз? Көмектесейін бе?” деп те сұрамаппын ғой…
Бұрын жасаған әрекеттерім үшін біртүрлі болып қалдым.
Үшінші күні жүгіріп бара жатыр едім, есік алдында отыр екен. Бірақ бұрынғыдай емес — жүзі қуарып қалыпты.
— Аға, бәрі дұрыс па? — дедім алғаш рет өзім жақындап.
— Байқапсың ғой… — деді ол күлімсіреп. — Ауырып қалдым аздап.
Осы сөзді естігенде өзімнің бұрынғы селқостығымнан ыңғайсызданып кеттім.
— Бірдеңе керек пе? Дәріханаға барып келейін бе?
— Әй, балам… — деді ол маған баяу қарап. — Кейде адамға дәріден бұрын жылы сөз керек.
Осы сөз маған оқтай тиді. Өзімшілдігім түбіме жетпей тұрғанда өзгерейін деген шешім қабылдадым.
Сол күннен бастап мен ол кісінің ауладағы гүлдерін суарып жүрдім. Кейде нан, кейде жеміс апарып бердім. Босағада отырып, әңгімесін тыңдайтын болдым. Өмірімде пайда болған жаңа адам менің бойымдағы пайдасыз қасиетті түбімен жойып жіберді
Батырханова Назерке Ертайқызы
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter
Қарап көріңіз 👇