Әңгімелер ✍️
Жетімдер тағдыры
Таң алдында ауылды қою тұман басып тұрған. Әдетте таулардың етегінде тұратын бұл ауыл үшін тұман – таңғы салқынның белгісі еді, бірақ дәл осы таң өзгеше болатын. Аспандағы бұлт та, желдің бағыты да, құстардың үнсіздігі де бір оғаш тыныштықты сездіргендей…
Ал сол күні Қайнаровтардың шаңырағында орны толмас қайғы орын алды.
Мұрат пен Гүлнұр үш баласын үйде тастап қалаға қарай жол тартады. Үйдің үлкені он бес жасар Айдын, он бір жастағы Аягөз және төрт жасар Нұрай атты балалары сәтті жол тілеп, ата-анасын шығарып салды.
Ешкім олардың қайта оралмайтынын білген де жоқ…
Түске таман ауылдың шетінен жедел-жәрдемнің және полиция көлігінің дабылы естілді. Айдын мектептен қайтып келе жатыр еді. Қол аяғы мұздап кетті.Үйіне тез жетуге тырысты.
— Қала жақта ірі жол апаты болыпты… 6 адам қаза тапқан екен…
Ауыл ішінде айтылған осы бір ауыз сөз күннің жарығын қара көлеңкеге айналдырғандай болды.
Үйдің алдына келгенде, есік алдында отырған көршілерді көрді. Шешесінің құрдасы Күлия жеңгей көзін сүртіп:
— Балалар… сабыр… — деді, бірақ дауысынан-ақ бәрі белгілі еді.
Айдын артық ештеңе сұрамады. Аягөз жүгіріп келіп ағасының қолын ұстады. Нұрай әлі ештеңе түсінбей, қуыршағын құшақтап тұр. Ал үлкендердің үнсіздігінен бәрі белгілі еді.
Сол күні түнде Қайнаровтар отбасы қара жамылды. Үш бейкүнә балапанның басына жетім деген қара таңба басылды.
Ата-анасынан айырылған күннен бастап Айдын бір күнде есейіп кеткендей болды. Үйдегі бүкіл жауапкершілік мойнына артылды.
Кішкентай Нұрай түнде шошып оянатын:
— Мама келді ме? Папам қайда? — деп жылағанда, Айдынның жүрегі қан жылайтын.
Аягөз үй тірлігін жасауға тырысатын, бірақ он бір жасар баланың қолынан не келсін … Кейде ас пісіре алмай, қамсыз күндердің артта қалғаның біліп ,көзінен ащы жас тамшылайды.
— Аға, анашым енді қайтып келе ме? — дейді жанары жасқа толып.
— Келмейді, жаным… Бірақ біз жалғыз емеспіз. Мен бармын,Нұрай бар — деп Айдын оны құшағына қысып жұбатады.
Ең қиыны – жалғыздық сезімі еді. Үй бұрынғыдай емес. Дастарқан басындағы күлкі де, таңғы шәй үстіндегі әке-шешенің әңгімесі де түс секілді ізім қайым жоқ болды.
Тек үш жетімнің тыныш жылаған үні ғана…
Ауыл адамдары қолдан келген көмекті аямады.
Күлия жеңгей күнде кешке келіп тамақ дайындап беретін. Мектептің мұғалімдері Аягөздің сабақтарына көмектесті. Көрші Еркін ата Айдынға:
— Ерте есейдің, балам. Бірақ еңкейме. Құлаған сайын қайта тұр. Қарындастарың үшін берік бол, — деп ақыл айтатын.
Ауылдың мейірімі үш жетімді аялап, құшағына алғанымен, ата-ананың орнын баса алмады. Балалардың жан жарасы әлі де терең болатын.
Айдын түнде ұйықтай алмай, терезеден аспанға ұзақ қарап:
— Әке… сен мені естисің бе? Маған күш бер. Мен Аягөз бен Нұрайды қорғаймын… жамандықтан да, жалғыздықтан да…
Аспан үнсіз еді… бірақ сол үнсіздіктің өзінде бір жылулық бардай сезілетін.
Күндер өте үш жетім бір-біріне сүйеу болып ,өмірлеріне нәр бере бастады.
Нұрай Айдыннан бір елі қалмайды. Аягөз үй шаруасын реттеп, сіңлісімен ойнайды. Ал Айдын мектептен кейін жұмысқа шығатын болды — қой бағуға, дүкенге зат тасуға, құрылысқа көмектесуге.
— Шаршап жүрген жоқсың ба, аға? — дейді Аягөз кейде.
— Жоқ, бәрі жақсы. Біз тіріміз. Тірі адам тіршілігін жасау керек — деп жауап берді Айдын.
Олар енді бұрынғы балалар емес еді. Тағдырдың соққысы оларды үш бұтақ болып қатар өсіп тұрған жалғыз ағашқа айналдырды.
Бір күні ауылға әлеуметтік қызметкерлер келіп, балаларды интернатқа жіберу туралы мәселе көтерді.
Айдын бірден үзілді-кесілді қарсылық білдірді:
— Біз ешқайда бармаймыз! Бұл — біздің үйіміз. Біз қара шаңырақты тастап кете алмаймыз!-деді
Айдынның қажырлы жүзіне қараған ауыл адамдары оны қолдады.
Еркін ата:
— Бұл балалардың орны — өз үйі. Біз барда олар жалғыз қалмайды, — деп кесіп айтты.
Осылайша үш бала өз шаңырағында қалды.
Уақыт өте жаралары жазыла бастады. Аягөз мектептегі байқауларға қатысып, сурет салумен әуестенді. Нұрай балабақшаға барып, қайтадан күліп ойнай бастады. Айдын болса, оқуын жалғастырып, техникалық колледжге оқуға түсуге дайындалды.
Түнгі аспанға қараған сайын, ол бір нәрсені анық жүрегімен сезетін:
ата-анасы олардың әр қадамын бақылап отыр, жандарынан кеткен жоқ.
Апаттан кейін алты ай өтті. Ауылға көктем келді. Қар еріп, жер ана қайта жанданды.
Айдын үйдің алдында отырып, екі қарындасына қарап жараға ем болатын өнегелі сөздер айтты:
— Біз бәрін жеңеміз. Әкеміз бен шешеміз бізді қорғайды. Осы үй – біздің үмітіміз. Осы өмір – бізге аманат.
Аягөз ағасының жанына келіп, иығына басын қойды.
— Біз бірге болсақ, ештеңе қорқынышты емес…
Ал Нұрай аспанға қарап:
— Анашым бізге қарап тұр ма? — деді.
— Иә, — деді Айдын күлімсіреп.
Бұл — өз тағдырымен күрескен үш жетімнің жаңа өмірге қадам басқан күні еді.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter
Қарап көріңіз 👇