Өлеңдер ✍️

  20.11.2025
  53


Автор: Омархан Алтынбекұлы

Тағдыр толқыны

 


Жұмысыммен боп жүріп, ала шапқын,
Алматыға жол тартып, бара жаттым.
Жол серік боп, кезіккен қарындасты,
Ақырындап тіл қатып, сөзге тарттым.


Әлсіз ғана жымиды, көзінде мұң,
Қарсы тұрар жалғанда сезімге кім?
-Қонақ болып келемін Алматыға,
-Деді сұлу, болмады сөзінде мін.


Жүрдек поезд барады жедел жортып.
Отырғандай көрінді көңіл толқып
-Сөз саптаудан байқадым, ақынсыз- ау?
Беріңізші ағатай өлең оқып.


-Деген кезде, білмедім не дерімді,
Жасырғым да, келмеді өнерімді.
Орындадым қолқасын қарындастың,
Оқып беріп бір екі өлеңімді.


Еске түсті ау бақыты бұрылмаған,
Жанарында жас тұрды тыйылмаған.
Өлең тыңдап отырған қарындасым,
Іште жатқан ақтарды сырын маған.


-Күйеуім бар деп сізге бағана да,
Жалған айттым ағатай табала ма.
"Тәкәппар жанға "-деген өлеңіңіз,
Жанымды жеп, ой салды маған аға.


Болған менде ағатай ,өмірлік жар,
Өмірімді қарыды суық ызғар.
Күйеуімді сұм ажал, алып кетті,
Осы еді ағатай мендегі зар.


Сіз ақынсыз, түсінер адам жанын,
Бала-шағам боп келді менің барым.
Ойда жоқта, кезігіп махаббатым,
Қуаныштан атқандай қайта таңым.


Өкінішті ол жанның , отбасы бар,
Мендей мұңлық сірә да, жоқта шығар.
Хабар күтіп сол жанға елеңдеймін.
Жаутаңдаған баладай баққа құмар.


-Деді ару иіліп, құба талдай,
Не дерімді білмедім жұбата алмай.
Қосылмаған арудың махаббаты,
Болған екен шіркін ай, бұрын қандай?


-Бұла көзі, боталап жасқа толды,
Өзім едім , таңдаған басқа жолды.
Ол азамат шын мені сүйгенімен,
Тағдыр қосқан жолдасым басқа болды.


- Жастықпенен тәкәппар болдым мен де,
Ойлаушы едім сол жігіт маған тең бе?
Қалай ғана, мен оған жоқ -деп айттым,
Санадым ба сол кезде , оны кемге?


Күннен күнге, жаныма батқан қайғым,
Сезіміммен алысып жатқандаймын.
Өткен күндер, қайтадан оралмайды,
Кінәлімін, алдында ақталмаймын.


Оны көрсем, тоңғандай қараша да,
Бір болуды аңсаймын оңаша да.
Қылығыма кейде осы ұяламын,
Жасап жүрген тірлігім жараса ма?


Ақынсыз ғой байқадым жаны нәзік,
Адамға көп рухани керек азық.
Өзім жайлы, сыр шерттім аға сізге,
Бересіз бе естелік өлең жазып...


-Жан екенсің, қарағым елден ерек,
Жыр жазуға сендік сыр болды ау себеп.
Перзенттерің қасыңда қарындасым,
Болашағын солардың ойлау керек.


Ғұмыр қысқа-дедім мен қарындасым,
Жақсылығың алдыңнан бағың басым.
Сүрінгендер, қайтадан тік тұрады,
Енді қайтып аяғың шалынбасын.


Ғашық болу адамға санаттылық,
Бақыт сенен қашпайды балақ түріп.
Махаббатың баянды болсын қалқам,
-Дедім іштей соңынан қарап тұрып.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу