Әңгімелер ✍️
Мейірім жоғалған заман
Қала кешкі қараңғылыққа боялып, көше шамдарының солғын жарығы ғана тіршіліктің бар екенін еске салып тұрғандай еді. Ауада бір белгісіз салқындық бар, тіпті жел де бұрынғыша емес – әлдекімнің көңіліне қаяу түсіргендей. Айналада адамдар көп болғанымен, бәрі бір-біріне жат, бәрі бір-біріне бөгде. Көшеде кетіп бара жатқан адамдардың жүзінен мен мейірімнің ізін іздедім… бірақ ештеңе таппадым. Қаланың дәл ортасында тұрып алып, адам арасында жалғыз қалғандай күй кештім.
Сол түні менің көз алдымда бір оқиға болды. Ол оқиға – менің жүрегімде мәңгі өшпес із қалдырды.
Жаңбыр себелеп тұрған. Қала көшесінде асығыс жүрген жұрттың бәрі қолындағы телефонына үңіліп, төңірегіне назар аударуға да уақыт таппайтын. Әркім өз әлемінде.
Жол бойында бір қария сүрініп құлап қалды. Қолындағы дорбасы шашылып, алмалар домалап барып су толған шұңқырға құлады. Қария орнынан тұрмақ болып талпынғанмен, тізесі сыр беріп, қайта жерге отырды.
Қасынан өтіп бара жатқан адамдардың жүзінде ешқандай аяушылық сезімі жоқ. Кейбірі тіпті әдейі алыс жүруге тырысып, біреуге көмектесуге тиіс болып қалмайын дегендей, басын бұрып әкетті. Бір жас жігіт телефондағы видеосын қарап күліп бара жатты. Қызыл күртешелі қыз құлаған қарияны көрді де, құлаққаптағы әнінің дауысын күшейте салды.
Мен сол сәтте уақыт тоқтап қалғандай күйде қалдым.
“Шынымен ешкім көмектеспей ме?”– деген ой санамды тіліп өтті.
Қария қолын созып:
— Әй, қарағым… — деді дірілдеген дауыспен.
Бірақ ол дауысты ешкім құлағына да ілмеді.
Мен қарияға қарай жүгіргенде, жанымнан тағы бір адам өте шықты. Анадай жерден ол да тоқтады. Екеуміз бір сәтке бір-бірімізге қарадық. Ең болмаса бір адам тоқтағанына өзім қуанып қалдым. Бірақ ол жігіт ештеңе деместен, басын шайқап, қолын қалтасына салып, әрі қарай жүріп кетті.
“ Осындайда тасжүрек болады екен-ау" - дедім ішімнен
Мен қарияны демеп тұрғыздым. Оның қолдары әлсіз, көздері мұңға толы еді.
— Жарайсың, балам… — деді ол ауыр дем алып. — Қазір адамдар өзгеріп кетті. Бір-бірін көрмейтін болды. Көрем десе де, жақсылық жасауға қорқады.
Мен дорбасын жинап, қолына ұстаттым. Қария қайта-қайта алғыс айтып, өз жолымен кетті.
Қария алыстап кеткенімен, айтқан сөздері ойымнан шықпай-ақ қойды .
Шынымен де солай ма? Қоғам неге жақсылық жасаудан қашқақтайды?
Неге адамдар бір-біріне жау сияқты қарай бастады?
Осы ойлармен жүріп бара жатқанда, жол шетінде тұрған екі әйелдің ұрысып тұрғанын көрдім. Бірі екіншісін итеріп, ауыр сөздер жаудырып жатыр. Мұндай көріністер қалада көп. Адамдар ашулы, кекшіл, салқын.
Сосын мен бір қызықты жайтты байқадым:
Бәрі бір-біріне қатал, бірақ бәрінің көзінде шаршау бар. Ішінде бір қайғы жатқандай. Бәлкім, олар да біреуге мейірім көрсеткісі келер… бірақ өздеріне де ешкім мейірім көрсетпеген соң, жақсылық жасаудың не екенін ұмытып қалған шығар?
Сол күні үйге келе жатып, аялдамада тұрған бір бойжеткенді көрдім. Ол жылап тұр еді. Қасында ешкім байқамағандай, бәрі өз шаруасымен әлек. Мен тоқтап:
— Жақсысыз ба? — дедім.
Ол басын көтерді. Көзіндегі жас тамшылары қарлы жаңбырға араласып жатты.
— Жақсы емеспін… — деді сыбырлай. — Бірақ ешкімге айтқым келмейді. Айтсам да, ешкім тыңдамайды ғой.
Мен үнсіз ғана жанында тұрғаным үшін ол әңгімесін өзі бастап кетті.
Оқуын төлей алмай жүргенін, жұмыстан қысқарып қалғанын, жалғыз екенін айтты.
— Әр адам өз проблемасымен жүргендіктен, ешкім ешкімнің жан айқайын естімейді, — деді қыз. — Мен кеше автобуста есінен танып қалған адамды көрдім. Бірақ адамдар оған көмектесудің орнына тек видеоға түсіріп тұра берді. Сол сәтте мен бір нәрсені түсіндім: біз көмектесу деген қасиетті жоғалттық.
Мен не дерімді білмедім. Тек оның тоңып тұрған қолына қолғабымды ұсындым.
— Осындай кішкене мейірімділіктің өзі қатты жетіспейді екен… — деді ол.
Біздің қысқа әңгімеміз маған адамдар бір-біріне қатал емес, тек өз қайғысына тұншығып, мейірімділікті көрсетуге шамалары жетпей жүргенін түсіндірді.
Үйге қайтып келсем, терезе сыртында қала сол баяғыша үнсіз. Бірақ мені мазалап тұрған бір сұрақ бар еді:
“Неге адамдар қатыгез болып кетті?”
Ойлана келе, мен жауап таба бастадым:
Адамдар мейірімсіз емес.
Оларды өмір өзгертеді.
Кейбірі, сенген адамынан күйді.
Кейбірі, жақсылық жасағанда, жақсылығы қайтпағанынан осындай дәрежеге жетті.
Біреулері жүрегін біреуге ашып еді, ол жүректі таптап кетті.
Содан кейін, ешкім ешкімге сенбейтін болды.
Содан кейін, адамдар мейірімділіктен қорқатын болды.
Содан кейін олар жүректерін тас қылып жапты.
Мейірім жоғалған жоқ.
Тек ол қорқып, бүрісіп, ешкімге көрінбей отыр.
Келесі күні сол қарияны тағы кездестірдім. Ол мені алыстан байқап қалып, жымиып:
— Балам, кеше сен сияқты бір жігіт болмаса, мен әлі жерде жатар ма едім… — деді. — Мейірім – құлап жатқанды көтеру емес. Мейірім – жүректі жылыту. Сен менің жүрегімді жылытып жібердің.
Мен ұялғандай басымды изедім.
Сол сәтте мен түсіндім:
Адамдарға мейірім жетіспейді деп жүріп, өзіміз соны көрсетуге қорқатын шығармыз?
Бір кішкентай жақсылық бір қаланың жүрегін өзгертпесе де, бір адамның жүрегін өзгерте алады.
Ал бір адамның жүрегін өзгерту — әлемнің өзгеруінің алғашқы қадамы.
Қала әлі де суық еді,адамдар әлі де асығыс.
Бірақ мен енді олардың әр қадамының артында көрінбейтін тағдырлар тұрғанын, сол тағдырлардың ішінде күліп жүрген де, жылап жүрген де жүректер бар екенін түсіндім. Мен осы кезде бір нәрсені түсіндім: жақсылық жасау өзімізден басталады .
Батырханова Назерке Ертайқызы
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter
Қарап көріңіз 👇