Әңгімелер ✍️
Әйел – отбасының жүрегі
Күздің қара суығы басталған шақ. Қала көшелерін қақ айыра соққан салқын жел адамдарды асықтырып, әркім өз үйіне тезірек жетуге тырысатын кештердің бірі еді. Сол кеште Арман есімді жігіт тағы да жұмыстан ашулы шықты. Бастықтың ескертуі, әріптестерінің мысқылы, өз ішінде піскен реніші – бәрі бір-бірімен ұштасып, одан сайын ызаға булықты.
Арман үшін бұл – үйреншікті көңіл күй. Бірақ оның ашуын ең бірінші көтеретін – үйіндегі жары Аяулым ғана.
Аяулым – өте сабырлы, білімді, ақжарқын әйел. Таң атқаннан кеш батқанға дейін жұмыс жасап, үйдің шаруасына да, балалардың тәрбиесіне де бір өзі үлгеретін. Бірақ Арман Аяулымның бұл тірліктерін ешқашан бағаламайтын. Ол әйелдің еңбегін күнделікті нәрсе деп қабылдайтын, тіпті, кейде менсінбей сөйлейтін.
Сол күні үйге кірген бойда Арман есікті тарс жауып, аяқ киімін жан-жаққа лақтырды.
— Тағы басталды ма? – деді Аяулым жай ғана.
— Үйге келсең де осы, миымды ашытпай тұра тұршы! – деп Арман қатқыл дауыспен жауап қайтарды.
Аяулым ештеңе демеді. Не айтса да сөзін Арман тыңдамайтынын білетін. Оның үнсіздігі Арманға одан бетер ашу тудырды.
Көбіне адамдар ең қымбат нәрсені жоғалтқан кезде ғана бағалайтынын айтатын. Арман да солардың бірі болатын, бірақ ол мұны әлі сезінбеген.
Әр таң сайын Аяулым Арманға тамағын дайындап, киімін үтіктеп, балаларының сабаққа баруын қадағалайтын. Түнде бәрі ұйықтағанда ғана өз жұмысына отырып, тапсырмаларын орындайтын. Ол осының бәрін міндетім деп қабылдайтын, бірақ жүрегінің түкпірінде жасырылған бір ғана тілегі бар еді: сәл ғана жылы сөз, сәл ғана құрмет…
Бірақ Арман ондай сөздерді ауызына да ешқашан алмайтын.
— Әй, сен неге баяу жүресің?
— Тамағыңның тағы да тұзы көп…
— Үйді жинамай не істеп отырасың?..
Аяулым кейде түнде жастығын құшақтап жылап та алатын. Бірақ ертеңіне жайдары кейпінде қызметін жалғастыратын. Оның мейірімі шексіз еді, бірақ сабырының да шегі болатынын Арман ойламады.
Бір күні жұмыста Арман қателік жіберіп, мойнына үлкен айыппұл арқалады. Өзін кінәлаған әріптестерін жек көріп, бастыққа ренжіп, бәріне ашуланды. Ал ашуын тағы да Аяулымнан алды.
— Сен менің жолыма тосқауыл қойып жүрсің! Қара басыңды жөнге салсаңшы! Жұмысыма да әсер етесің! – деп айқайлады.
Бұл жолы Аяулым жұмған ауызын ашпады. Өйткені дәл сол сәтте жүрегінде бір нәрсе үзіліп кеткендей болды. Мейірімі таусылмағанымен, үміті бірте-бірте сөне бастаған.
Ертесінде Аяулым балаларын алып, туған әпкесінің үйіне кетті.
Үй босап қалғандай, тып-тыныш болып қалды. Бұл тыныштық Арманға алғашында ұнайтын сияқты көрінді. Бірақ күн өткен сайын ол кешкі ассыз, жылы сөзсіз қалғанда әйелдің орны ойсырап тұрғанын түсіне бастады.
Уақыт өте келе Арманның өмірінде бәрі кері кете бастады. Жұмыста әр ісі сәтсіз аяқталып, бұрынғы сенімді қызметкерден бүгін бірде-бір тапсырманы дұрыс орындай алмайтын адамға айналды.
Үйге келсе – ешкім қарсы алмайды. Таңғы ас, кешкі ас деген атымен жоқ, киімі жуылмаған, үстел үстінде кешеден жуылмай тұрған ыдыстар.
Бұрын "әйелдің жұмысы – жеңіл" деп ойлайтын. Енді сол жұмыстардың әрқайсысы қаншалықты қиын екенін түсіне бастады.
Оның үстіне, балалардың дауысы, олардың күлкісі, кешкі шайдағы шағын әңгімелер – бәрі-бәрі жүрегіне сағыныш сезімін ұялатты.
Бір күні ол жұмыстан шаршап келіп, бос бөлмені көріп, үнсіз отырып қалды. Сол кезде оған бір ауыр ой келді:
“Мен әйелімді сыйламадым. Сыйлай алмағаным үшін маған кегін қайтарып жатқандай…”
Арман ойланып, өз қателігін түсіне бастады. Ертесіне Аяулымның үйіне барып, есігін қақты.
Есікті Аяулым ашқанда, Арман бұрынғыдай емес, басы салбырап тұрған еді.
— Мен… мен саған көп ауыр сөз айттым. Саған лайық күйеу бола алмадым. Кешір… – деді ол өкініш сезімімен.
Аяулым үнсіз тұрды. Оның жүрегі жаралы болатын, бірақ ол адамды бір сәтте кешіріп жіберетіндей жеңіл емес.
— Арман, мен саған жамандық ойламаймын. Бірақ әр адамның жүрегі бар. Әйелді сыйламаған адам – өз өмірін де құрметтемегені. Сен өзгеремін десең, ісіңнен көремін. Сөзден емес.
Арман басын изеді. Бұл жолы шын түсінген еді. Келесі айларда Арман шын мәнінде өзгеруге тырысты. Ол балаларымен уақыт өткізіп, Аяулымның еңбегін бағалай бастады. Үй шаруасының қаншалықты қиын екенін көріп, өз көмегін аямады. Аяулымға жылы сөз айтып, сыйластықтың әрбір қадамын жасады.
Аяулым алғашында сенбеді, бірақ уақыт өте келе Арманның шынайы өзгергенін көрді.
Өмірдің өзі екеуіне бір шындықты дәлелдеген еді: әйелді сыйламау – бақыттың есігін өз қолыңмен жабумен тең.
Бір күні кешкі шай үстінде Арман былай деді:
— Мен бұрын әйел деген – үйдің тірегі ғана деп ойлаушы едім. Бірақ қателесіппін. Әйел – отбасының жүрегі. Жүректі жаралаған адам ешқашан бақыт таппайды екен.
Аяулым жымиып қойды.
— Әр адам өзгеруге лайық. Тек сыйластық ешқашан жоғалмаса болды.
Сол күннен бастап Арман үшін өмір жаңа парақтан басталды.
Батырханова Назерке Ертайқызы
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter
Қарап көріңіз 👇