Әңгімелер ✍️
МАҒЖАН ЭПИГРАММАЛАРЫ
Мағжанға «ұлы» деп айдар тағудың өзі оның расында да ұлылығынан. Оның бір нақты айғағы мынау болуға керек: жиырма жылға жетер-жетпес жыршылық, шығармашылық ғұмырында оның әдебиеттің бірталай жанрында, оның ішінде поэзияда кесек-кесек туындылар беріп үлгеруі. Осыған қарағанда Мағжан өзі ғұмырының келтелігін алдын-ала аңдап, соған орай көп нәрсені қамтып қалуға арпалысқандай сезіледі. Нақ сол кезде, меніңше, қазақ ақын-жазушыларының ішінде классикалық шығыс әдебиеті мен орыс, ол арқылы Европа, тіпті әлем әдебиетімен бұдан артық танысып, біліскен адам жоқ деуге болады.
Жұмабаевтың қолға тиген азын-аулақ дүниелеріне қарап отырсаң, осыған сан талай дәйектер мен дәлелдер жетерлік. Мысалы, оның орыс әдебиетінен үйренгені соншалық, ол көптеген формалық жаңалықтарды қазақ жырына әкеліп қосты. Ол өзі айтқандай, «Біраз Фетше» жазып, орыстың аса көрнекті ақыны Афанасий Феттің үш буынды үлгісін қолданды. Немесе үш, алты тармақтық жырларды да орыс ақындарынан алған дәріс деп ұқты. Мағжанның осылайша қазақ әдебиетіне қосқан тағы бір тың үрдісі – эпиграммалары.
Алайда Мағжан эпиграммаларын сөз етпес бұрын, мұның өзі қандай жанр, мазмұны, мақсаты, шыққан тегі қандай? Жалпы әдебиеттегі эпиграмма жанрының шыққан тарихы, бастауы неде? Орыс әдебиетіне ол қалай келді, қай ақындар оны жиі қолданды? Міне, осы сауалдардың басын аша кетсек, бұл мақаланың мақсаты қарапайым оқырманымыздың жүрегіне тереңірек жол табады ғой деймін.
Эпиграмма көне дүниеде пайда болған. Оны гректер «таңба», «қолтаңба» деген ұғымда қолданған. Кейіннен көне дүние ақындары эпиграммаға сатиралық реңк, бояу беріп, оны біреуді мақтағанда я болмаса даттап, мінегенде шағып өлең үрдісі ретінде пайдаланған. Өйткені эпиграмма кімде-кімнің бейнесін тобықтай түйінмен кескіндеудің үлгісі болған.
XVII-XVIII ғасырларда Францияда сатиралық эпиграммалар жазу әдетке айналған. Оны Вольтер, Руссо, Буало жақсы қолданған. Ал неміс әдебиетінде Лессинг, Гете, Шиллер, Клейст эпиграммалар арқылы замандастарының сан қилы бейнелерін мүсіндейді.
Осылардан үлгі алған орыс ақындары да ұлт әдебиетіне бұл жанрды әкелді. Алғашқылардың бірі – А. П. Сумароков, А. Д. Кантемир де бұл жанрдан жерінбеген. Бұлардың салған сара жолына кейіндері А. С. Пушкин, А. А. Дельвиг, М. Ю. Лермонтов та түсінеді.
Орыс әдебиетінде ХІХ ғасырда эпиграмма жазбаған ақын кем де кем. Мұның түрлі қоғамдық-саяси астары да бар екені бұлтартпайтын шындық. Өйткені нақ сол кездері әдебиетке үлкен қоғамдық, бұқаралық, идеологиялық маңыз берілген. Ақынның, жазушының әр сөзі қоғамдық-саяси дамуға, ағымға күшті әсер еткен. Көбіне эпиграммалар достық әзіл міндетін атқарса да, оның уыты, шымшыма зілі сатиралық бағыт алып, біреуді олақ, оғаш мінезі, залымдығы, зымияндығы және басқа жаман қылығы үшін келеке етуге арқау болғаны анық. Бұған әсіресе Пушкиннің, Лермонтовтың, К. Ф. Рылеевтің(әйгілі декабрист), Е. А. Баратынскийдің эпиграммалары айғақ.
Мысалы, Пушкиннің өз кезіндегі реакцияшыл саясатымен аты шыққан, Павел бірінші және Александр біріншінің тұсындағы үкімет басшысы А. А. Аракчеевке жазған эпиграммасы аса уытты, өткір сарказмға толы. Демек, ол осы қатал да арамза үкімет басшысының бейнесін бір шумақ эпиграммамен мүсіндеген. Пушкин осы ретпен князь А. Н. Голицынды да аямаған. Граф, әскер басшысы М. С. Воронцов та ақынның уытты тілінен таяқ жеген. Оның үстіне Пушкин Фаддей Булгарин сияқты сыншыны да, Аракчеевті де қайта-қайта эпиграммалармен соққылаған. Ол М. С. Воронцовқа былай деген:
Жүрседағы жарқырай,
Бәрін берген жартылай.
Жарым – мырза, жарым – бек,
Айтам жарым залым деп.
Жарым оның түр-түсі,
Жарым және күлкісі.
Жартылау ғой ақылы,
Үмітім бар, түбінде,
Толық болар ақыры!
(Аударған З. Ә.).
Немесе, сыншы, Пушкин шығармаларынан тырнақ астынан кір іздеп, үнемі жоғары жаққа сыпсың жүгіртіп отырған Фаддей Булгаринді де ақын сөзбен осады. Оны Лермонтов та сынап-мінеп, эпиграммалар жазған. Булгаринге эпиграмма жазып, мазақ қылмаған ақын орыс әдебиетінде жоқ шығар. Міне, сол Булгарин «Мені Пушкин поляк екендігімді бетіме басады, қит етсе «лях дейді» деп шағынатын болған. Пушкин болса, оған арнаған эпиграммасында мұны теріске шығарып, оны жағымпаздығы үшін тыңшылығына бола сын семсерін сілтейтіндігін сездіреді.
Поляк десем кетейінші оңбай-ақ,
Костюшка ма, Мицкич пе – ол да лях.
Егер тіпті болсаң, шіркін, татар да
Сонда-дағы тұрар едің қатарда.
Одан асып, болып кетші сен жөйіт,
Оныңды да мазақ емес, жөн дейін.
Сенің жалғыз ұнамайтын мінезің,
Видоксың ғой, Фигляринсің – міне, өзің!
(Аударған З. Ә.).
Видок деген – француздың белгілі өсекші, сыпсыңбай, бәлекей тыңшысы. Фиглярин дегені – фамилиясын мазақ қылуы.
Осындай эпиграммалардан соң, әрине, ақын өз ортасына ұнамайды. Оған өштік, қаскөйлік осындай уытты жырлардан соң бәле болып жабысқаны белгілі. Мұндайлар ақынның Дантэспен дуэлін ұйымдастырған. Өзін атып өлтірген Соломон Мартыновты да М. Лермонтов өлеңмен, уытты әжуамен мазақ қылғаны белгілі.
Міне, осыларды айта отырып, Мағжан эпиграммаларын да да осындай анық ақиқат барын сездім. Бұл орайда маған Мағжан тағдыры өзінің орыс ұстаздарына ұқсас, солардан үлгі алған тағдыр болып елестейді. Себебі Мағжан эпиграммалары да өткір әжуадан мысқыл мен сыннан құралған. Әрине, естуімше Мағжан эпиграммалары көп көрінеді. Бірақ олардың бәрі бірдей жарық көрмегенге ұқсайды. Сондықтан бұл мақалада Мағжанның барлық эпиграммалары қамтылады дей алмаймын.
Мағжан да өз заманының сыры, өз заманының ақиқаты. Сол себепті ол көзімен көріп, болжап, білген шындықты айтуға тырысқан. Сондықтан ақынт шындығына бас иіп, кейбір адамдардың оның жазған эпиграммаларындағы көрініс тапқан бейнелерімен пайымдауға тура келеді.
Ақын Әліби Жангелдинге эпиграмма жазған. Онда Әлібидің дала комиссары болып, қазақ жеріне орыс тәртібін енгізуі, орыстан әйел алып, кейін қазаққа үйленуі жыр астарында қалады. Оны Мағжан да, өзгелер де біледі. Сондықтан ақын мұны қайталамайды.
Отағасы,
Істің басы –
Жас тоқал.
Кеткен соң қар,
Меккеге бар,
Сәлде сал!
Мағжан адвокат Уәлихан Танашевқа, заң қызметкері Айдархан Тұрлыбаевқа, Омартай Жәнібековке, Сатылған Сабатаевқа және басқаларға жазған эпиграммаларында қатты айтып, терең түртіп, тілмен шағып алады. Мысалы,
- Зиялы адам,
Қиялы арам.
Сатылған.
Достан құрып,
Бостан жүріп
Атылған, - дейді Сатылған Сабатаевқа.
Ол Қазақ АССР-ы Орталық Комитетінің хатшысы болған белгілі қайраткер Әбілқайыр Досовты қатты мінейді.
Бетім-бетім,
Құдіретім.
Не дейін?!
Ел біледі-ау,
Сөз сөйледі-ау
Әбіл жын.
Бұған қосымша дерек, осы Әбілқайыр Досовтың, расында да, мінезі аужар, дөрекі, зекіріп, ашу шақырып сөйлейтіні белгілі болып отырғандықтан, Мағжан шын қасиетіне орай сынап, мінегенін сезесің.
Мағжан эпиграммаларының көбінде достық әзіл, зілсіз әжуа, күлкі де басым. Соның өзінде сол арқылы ақын тұстас, сыйлас адамдарының мінез-құлқын, қадір-қасиеттерін кескіндейді. Ол Ахмет Байтұрсыновқа, Міржақып Дулатовқа, Жүсіпбек Аймауытовқа, Нәзір Төреқұловқа, Мұхтар Әуезовке, Әбдірахман Бәйділдинге, Жаһанша және Халел Досмұханбетовтерге, әйгілі заңгер Бакытжан Қаратаевқа осындай әзілмен эпиграммалар арнаған. Бұлардың дені репрессия күндерінде жазылса керек. Өйткені Мағжан сол күлкілі эпиграммалармен бұл белгілі қайраткерлердің көңіл-күйін сездіріп, оларды көтермелеп, бойға дәру, қуат беруге ұмтылатыны аңғарылады.
Сөз жоқ, Мағжан тағдыры күрделі емес пе. Ол үнемі ел алдында, алаштың азулы ақыны болып көшбасында жүрген. Демек, оның досы да, дұшпаны да көп болған. Мағжанды да сынап, мінеген, оған пәле де жапқан, оны түрлі атаулармен «пантюркист»(түрікшіл), «панисламист»(діншіл) дегендей жалалармен кемсітпек болған. Ендеше, Мағжан да ондайларды аямаған. Осы ретте Мағжан эпиграммалары оның өзіне жау найзасы болып сілтенуі де ғажап емес. Соған қоса біздің қазақтың алға озғанды табалап, көре алмаушылық, күншілдік, қызғаншақтық сырқаты сол кезде де мол болғаны белгілі. Мысал үшін айта кетсек, сол жылдары біз қазір табынып, төбемізге көтеріп жүрген Әміре Қашаубаевты үнемі ығыстырып, қолдан келгенше жолын бөгеуге тырысып келгені Міржақып Дулатовтың қызы Гүлнар Дулатованың естелігінде жақсы айтылады. Демек, қай кезде де талант бар, оған табынушылар бар, сондай-ақ сол талантқа ор қазып, сойыл сілтеп, тас атушылар да жоқ емес. Бізде Мағжанды кім ұстатып, жаланы нақты кім жапқаны жөнінде қолға ұстар дерек, дәйек болмағанымен, мына төмендегідей эпиграммалардан соң оның тілеулестері аз, жауларының тым өшіккенін іштей сезуге болады. Айталық, белгілі қайраткер Мұхаммеджан Тынышбаевқа ол былайша эпиграмма жазады:
Ескі кебіс.
Собакевич
Жаны кер.
Весьма тупой,
Член Думы,
Инженер.
Ал адвокат, семейлік Ережеп Итбаевқа:
Қотыр торы ат,
Құтырып жүр Итбаев.
Семейіңе – көмейіңе
Кет тайып.
Әрине, жырдың мақсатын, эпиграмманың жанрлық сипатын сезбестен, түсінбеген адам «Е, Мағжанның өзі тілінен тартқан екен ғой» деуі әбден мүмкін. Расында да ақын тілгер, сөз семсері болғандықтан тілмен шығатыны рас. Бірақ ақын тілмен жүрегінің әмір берген суретін ғана салады. Демек, ақын адамның жұрт таныған мінезін, жаман-жақсы қасиетін, сипатын мүсіндеп береді. Осы ретте, Мағжан шындықты жазып, ақиқатты бетке батыл айтқан дегеннен басқа сөз айта алмауға тиіспіз.
Мағжан өзінен-өзі де эпиграмма жазған. Онда да Мағжанның толық, бірегей тұлғасы, артықшылығы, кемшілігі аңғарылады. Ендеше, ақынның ақиқатқа ғана бас иіп, шындыққа ғана табына білген турашыл қасиетін сезу орынды.
Қайда Мағжан?
Мағжан мынау:
Самолюб.
Очень ленив, упрямый паренек.
Көрсе әйел,
Көзі жоқ ол көбелек.
Я писал бы,
Не бросал бы карандаш,
Зато менің постянно қарным аш.
Баю, баю, орман да аю...
Баю, бай...
Баю, баю, орманды аю...
Қой ойбай!
Қайда ойбай,
Мағжан?
Сөзге күймес,
Қалам тимес,
Қандай жан?
Есінен де,
Күшінен де сөзі көп.
Очень ленив,
Самолюбив
Паренек.
Көрсе әйел
Көзі жоқ ол
Көбелек.
Я зеваю,
И бросаю
Карандаш.
Не бросал бы,
Я писал бы
Қарным аш...
Біз толығынан алып отырған осы эпиграммада Мағжанның өзін дәріптейтіні(ақын ғой) бірбеткейлігі, әйел затына құмарлығы, сөзі көптігі әзілмен, әдемі беріледі. Ол бұл тұрғыда жұрт таныған, тілге тиек етіп, тағы бір мысқал алға тартады. Ал соның арасында оның үнемі тоймай, жадау жүрген қораш тұрмысы да қылаң береді. Соған қарағанда Мағжанның осы эпиграммасы оның өмірінің соңғы кездерінде жала жабылып, жұрттан оқшау қалған оқшау қалған шағын да жазылғанға ұқсайды. Бұрынғы жолдас-жоралар сырт берген қысылшаң кезді ақын осылай ұқтырады. Сөйтіп, көңіл-күйін көтеру мақсаты да жоқ еместігін білеміз.
ЗЕЙНОЛЛА ӘКІМЖАНОВ
«Ленин туы» газеті. 13 наурыз 1993 жыл. 4 бет.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter