Әңгімелер ✍️
ШОЛПАН КҮНӘЛІ МЕ ЕДІ?!
Біз Мағжан Жұмабаевты ақын деп танып, жыршы деп дәріптеп келеміз. Мағжан ақындығында дау жоқ екендігін бүкіл түркі дүниесі әлдеқашан мойындап, маңдайына біткен дара жұлдызына баласа, алаш адамы ол анық ақталған соң ғана Мағжанмен мақтана бастадық.
Ал екінші қырынан қарасақ, Мағжан ақын ғана емес, кесек тұлғалы жазушы да. Мүмкін кезінде, оның көзі тірісінде Мағжанға бас иген небір ғұламалар, зиялы адамдар оның осы екі қырын да анық аңғарған болар. Тегінде осылай деуге Мағжан қаламгерлігінде айғақтар жеткілікті.
Соның бір үрдісін мен Мағжанның прозалық шығармаларынан көремін. Алайда оларды сараламас бұрын сол кездердегі Сәкен, Ілияс сияқты анық ақындардың кейбір прозалық дүниелеріндегі тамаша суреткерлікті тілге тиек етуге тиіспіз. Айталық, Сәкеннің «Сол жылдарда», «Айша», «Жемістер», «Жер қазғандар» сияқты повестері, әңгімелері шынайы дарындылықтың, даралықтың өнегесін білдіреді. Оның «Бандыны қуған Хамиты» осы күнге дейін өзінің көркемдік ерекшелігін жойды дей алмаймыз. Ең кесек туындысының бірі «Тар жол тайғақ кешу» романы да әлі күнге дейін қолдан түспейтін шымыр шығарма десем, артық айтқандық емес.
Сонда бұлар несімен ұнайды? Міне, осы тұрғыда Мағжан прозалық шығармалары да мұндай бас июге тұратын дүниелер екені даусыз. Демек, олардағы бойға сіңіп, баурап алатыны – өмір ақиқаты, сол шындықты қызыл сөз қумай, әсіре әсерлемей әдемі тілмен кескіндеп беру.
Осы ретте Мағжан стилі бөлек. Оның бір тамаша туындысы – «Шолпанның күнәсі» деп аталатын әңгімесі. Бұл әңгімені Мағжан жазғандықтан мақтау үшін емес әдемі даралығына бола, көтерген, қозғап отырған идеясын өмір философиясын ұғындыра отырып, сол кезеңнің ақиқатын астарламай суреттегеніне ризалықпен сүйеміз.
«Шолпанның күнәсі» – шағын болғанымен, шымыр әңгіме. Онда қазақ әйелінің тұрмысындағы жеке мелодрама сияқты бір оқиғадан үлкен, кесек шындықты түзіп тастайды Мағжан. Жалпы алғанда, Мағжан қай қырынан келсең де жаңашылдыққа ұмтылған, және де соны үлкен іскерлікпен, табандылықпен ақиқатқа айналдыра білген. Осы ыңғайда «Жаңа дегеннің өзі естен шығып қалған ескі нәрсені жаңғырту» деген қанатты сөз ақиқат екендігіне сенесің. Өйткені Мағжан, анығында, ешқандай жаңалық ашпайды. Алайда оның шығармашылық, жазушылық қабілетінің арқасында жазғаны жаңалық болып шығады.
Ендеше, оған Шолпан тағдыры куә. Сол жаңалығы – қазақ әйелінің ермен теңесіп, тізгінге қолы тигенше де еркін ойлап, ерінің құлақкесті құлы болмай, сол ойын өзінше жүзеге асыра білгендігі. Несіне жасырамыз, бұған дейінгі көптеген шығармаларда бізде қазақ әйеліне қай шығармада болмасын кенбіс, мәнжубас, нәуетек болған, ері отыр десе отырған, тұр десе тұрған дегендейін догмалық топшылаумен, схемалық түйіндеумен баға беріп келдік. Оны әдеби идеология санамызға көптен сіңіргені сондай, төңкерістен бұрынғы тірлігімізде нақ солай болды деген сенім иықтан езді де тұрды. Ал, Мағжанның Шолпаны нақ осыны тас-талқан қылады.
Сонда Шолпан қалайша өзгеден оқшау тұлға болды екен? Оның бірінші ерекшелігі – Шолпан өзінің сүйгеніне, жүрегі қалаған адамына тұрмысқа шыққан. Ол кезде бұл асқан ерлік. Алайда Мағжан мұны айғақтап жатпайды. Ойды адамның өзіне тастайды. Сенесің. Өйткені, қашанда, қай ықылым заманда да Ромео мен Джульетта қазақ топырағында болмаған деп ешкім айта алмайды. Қозы мен Баян, Қалқаман мен Мамыр, Еңлік пен Кебек, Төлеген мен Жібек тағдырлары осыған дәлел. Қай бір лиро-эпостық жырларды яки ғашықнамаларды алма, бәріне Мағжан сүйене білген. Ал Шолпанның екінші ерекшелігі – оның тұрмысқа шықса да бала көтеруге ниеті болмауы. Жайшылықта «Баласыз өмірдің қызығы жоқ қой!» дегенімен,... «Бала туса күйеуімен екеуінің ортасында бір тікенек өсетіндей болушы еді... Қиюласып қосылған екі жанның арасына жат бір үшінші жан түскен соң, екеуінің де жалынды, екпінді махаббаты бүлінер, бәсеңдер, суынар деп қорқушы еді Шолпан».
Міне, Мағжан Шолпанның екінші ерекшелігін осылайша тарқатып, таразылап береді. Оның айғақтары қисынды, иланымды. Адам қашан да адам. Сондықтан адамдар бұрын былайша ойлаған екен, қазір былайша ойлаймыз деуге болмайды. Сол себепті де Шолпан ойы ешбір жасандылықсыз, шынайы сезімді аңғартады.
Мағжан шеберлігі де сонда – ол әңгімені байыппен өрбіте отырып, Шолпан характеріндегі өзгерістер құйылымына жетектеп әкетеді оқырманды. Талай түндері тәңірге жалбарынғандай болған жас әйел өмірдің сол сәттік қызығына елтіп, өзінің қамсыз-мұңсыз тірлігінің алдамшы сезіміне ғана беріліп, жылдарын жұтқызады.
Осыны психологқа тән білімдарлықпен суреттейтін Мағжан Шолпан бойындағы өзгерістерде өмірдің заңдылығы барына иландырады. Үш жыл бойына тәңірден «Бала берме!» деп тілеген назды келіншек бір түнде сабындай бұзылады. Анығында да, қарадан қарап ерінен басқа алданышы жоқ әйелді жалғыздық енді жалықтыра бастайды. Оның үстіне Сәрсенбай да өзгенің құлдырандап жүгірген құлыншақтарын көргенде етінен ет кессе де қыңқ етпейтін жуастығын қойып, «Балалы үй – базар, баласыз үй – мазар» деп қыңқылдайтын болады.
Осы бір тілек енді Шолпанды ана болу арманына еліктіреді. «Бірақ бірін-бірі қуалап, ай соңынан ай озды, тілей-тілей тілек тозды. Соға-соға жүрек тозды, тілек тозды, жүрек тозды, өмір тозды. Талай түндерде көзден емес, жүректен ыстық жас төкті. Сопы болды, ылғи дәрет алып, таза жүрді, намаз оқыды».
Мұның бәрі бір бала үшін, балалы болу үшін жанталас. Баласыз ғұмыр өңдеген ойы тәрк болған келіншек енді жүкті болу, бала әлдиін сезіну сезіміне құмартады. Алайда арманы алдағандай қашқақтап, қолға ұстатпас сағымдай сырғып аңсарын арттыра берді. Шолпан қазақ әйелінің талайы мойнына бұршақ салып жалбарынып, тәңірден бала тілеген тірліктің бәрін бастан өткереді. Ішірткі ішіп, моллаға дұға оқытып, әулиеге түнеп, тәуіптерге көрініп... сондай қияметтің бәріне көнеді. Алайда балалы бола алмайды. Бойында ыстық қаны толықсыған, оның үстіне ерін сүйіп қосылып, махаббат отына күйген, сүюдің ләззатын сезінген жас келіншек күйеуінің мәнжубас, мәм-сәмсіз сыңаржамбас тірлігіне налиды. «Сәрсенбай сол ортақ жоқты неге іздеспейді? Баласыз өмірдің бос екенін неге сезбейді ол. Ол неге сол іздеу отына Шолпанмен бірге түспейді, бірге жанбайды? Еркек атаулы бала дегенде ішкен асын жерге қойғанда, Сәрсенбай неге бала деп ауызына алмайды?».
Мағжан Шолпан бойындағы болашақ өзгерістерді осындай психологиялық толқулармен заңдастырып алады да шебер кескіндеу арқылы Шолпанның күйеуіне деген сенімсіздігін сөз арасында ұсына кетеді. Ақыры сол күмән Шолпанның бойын баурап алады. Ол – Сәрсенбайдың бедеулігі. Шолпанды осы секем нық сенімге бастайды да ол басқаша жол іздейді.
Бірақ бұл ретте Шолпанды жеңіл жүрісті, жезөкше әйел деуге аузың бармайды. Оның бұл өзгерісінде сүю құдіреті, махаббат ләззаты сияқты асқан асыл сезімдер бар. Ол енді кімнен болса да өзін сүйетін, махаббат отына бірге күйетін, бала тудыруға дәрмені бар еркектен жүкті болуды армандайды. Соның өзінде де өзі тіленіп барып, бөгде біреудің қойнына кірмейді. Сондай адам табылса екен, сүйсе, күйсе, сезім отына шыжғырса екен, сөйтіп тас емшегім жібіп, тар құрсағым кеңісе екен деген тәтті үміт пен тілек бар Шолпан бойында. Ол осы бір сезімге әбден қажып бала аңсап әл-дәрмені құрыған шағында анық беріледі. Оның осындай адам деп тапқаны Әзімбай есімді бойдақ жігіт.
«Кімді күтеді ол? Әзімбайды күтеді. Сегіз жыл бал аласып тұрған, еш шай деспеген жан жары Сәрсенбайдың көзіне шөп салу үшін Әзімбайды күтеді. Не үшін? Бала үшін!»
Сөйтті де Шолпан дегеніне жетті. Жазғырмайықшы оны. Мағжан да сөйтеді. Әттең алғашқы сәттен-ақ бар ой-арманы арамзалық пен анайы дөрекіліктің құрбаны болып шығады. Сырын ашып, сезімін бөліскісі келген келіншектің бар тілегі табан астына түсіп, тәрк болады. Өйткені Әзімбай сезімнің адамы емес, аужар хайуан болып шығады.
Шығарманың қай-қайсысында болатын кульминация бұл әңгімеде тіпті тамаша, шебер кескінделіп өрілген. Екі қабат Шолпан өз жанын сезіп, ой теңізіне түсіп, қиял дариясын кешіп, болашақ ана боларлық сезімге беріліп неше құбылады. Қайран, осы бір әйел басындағы дара қасиетті Мағжан бір тапқыр философиялық түйіндермен әдемі кескіндейді-ау!
Әттең әрненің шешімі сияқты, енді оқиға шындығын ширату керек. Шолпан күнәсі сезіледі енді. Ширатқаны сол емес пе, Сәрсенбай әйелінің бойына біткен бала өзінен еместігін біледі. Демек, ол өз кемшілігін бұрыннан-ақ сезген ғой. Мұны Мағжан тағы да дәлелдеп жатпайды. Ол жай да аян болуға керек деген ой ғана бар онда.
Сөйткен, Сәрсенбай мүлде мәнжубас болмай шығады. Қазақтың әйелге қожа өктемдігі нақ осы жерде бой танытады. Сәрсенбай Шолпанды тепкелген өлтіреді. Шариғаттың күнәлі әйелдің төбесінен жалаңаш қалпында қырық шелек суық су құйса ардан ада болмайды деген мылжыңы бұл жерде көмектеспейді.
Көз жұмар сәтінде ақтық тілге келген Шолпанның аузында «Балам қайда?» деген жалғыз сөз қалады.
Шолпан күнәлі ме еді? дегің келеді әңгімеден соң. Ия, былай қарағанда бір отбасының болмысындағы оқиғадан тамаша түйін түйіп, ауыл-үйдің өсегінен аспайтын нәрседен үлкен пікір тудыртатын кесек дүние шығарған. Мағжан Шолпанды арашалайды. Сонда неге сүйеніп ара тұрады? Әйел сезіміне, оның арман-мүддесінің өзгешелігіне, махаббат пәрменіне. Қайткен күнде де, жазушы, суреткерлігінің соқпағына түсіп, Шолпанды сен де кінәлағың келмейді-ау!
ЗЕЙНОЛЛА ӘКІМЖАНОВ
«Ленин туы» газеті. 13 мамыр 1993 жыл. 4 бет.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter