Әңгімелер ✍️
ЖАНАРТАУДЫ СӨНЕР ДЕСЕ – СЕНБЕСЕҢІЗ
«Қызықтырмай дүние керім,
Сыздап жүргенде жарақат жерім.
Жараны елемей тік тұрып кеттім,
Ажалың жетпей жоқ деп өлім!»
Немесе:
«Жазбас едім өлеңді, бермейді ерік,
Жараймын ба болуға жырға серік.
Не боларын кім білсін алғы күннің –
Болып алдым бұл жырға әбден ерік», - деп ақын өлең жазса, жыр танитын адам оның бойындағы лаулаған сезім отын, сол сезімді айта білетін сыршыл жүрегін сезеді.
Бұл шумақтардың иесі арамызда қазір жоқ. Оны ата-анасынан да, өнері мен өлеңіне тәнті болған оқырманынан да айырған – сұм ажал.
Сұм ажал дегенде өткен жылдың дәл осы уағында Жамбыл ауданында болған адам айтқысыз апатты айтамыз. Сол апатта жаңа өркен, жас құрақтай көктеп келе жатқан балауса ақын қыз, Үлгі ауылының тумасы Назгүл Өтенованың да мерт болғанын еске саламыз. Еске салудың өзі еске алудан басталса керек.
Жылжып жыл – он екі ай өте шығыпты. Ақын қызсыз бір жыл өтті. Оның орны ойсырап қалды, әмсе жұртшылық асын асыға күтті десек – шындыққа қиянат болар. Алайда облыс ақындары оның ай тыстарға қатысып, жазба жыршылдық пен айтыскерлікті тел игерсем бе деген үмітін, талпынысын білетін еді. Сондықтан аудан әкімшілігі, мәдениет бөлімі һәм «Қазақ тілі» қоғамы ақын асын есте қаларлықтай өткізуге ұсыныс жасағанда үзеңгілес басқа ақындар сырт айналмады. Мұны айтатынымыз – соншалықты ат терлетіп келіп, айтыс өткізетіндей ол не тындырып еді деген күдік пен секем болмасын дегеніміз де.
Осы орайда, әсіресе Шаймұрат Смағұловқа, мәдениет бөлімінің меңгерушісі Дәстен Баймұқановқа, «Қазақ тілі» қоғамы төрағасының орынбасары Социал Жұмабаевқа ризамыз. «Ақын да бір балаң» дегенді жерге тастамай, игілікті істі қолға алғаны, сүйсінтті. Әсіресе соңғы екі азамат жүк ауырын көп көтеріп, ұйымдастыру, ойлағанды жүзеге асыру жұмыстарының орайын тауып отырды. Соған қоса бұл жиынның алдағы Мағжан тойына даярлықты көздегенін бұл азаматтар оқтын-оқтын еске сала жүрді.
Назгүл Өтенова өзінің қамшы сабындай-ақ қысқа ғұмырында аудандық «Ауыл арайынан» былай облыстық «Ленин туы» газетінен, республикамыздың «Қазақстан әйелдері», «Жалын» сияқты басылымдарынан өз жырларын оқырмандарына ұсынып үлгерді. Бұл ретте Назгүлдің ақындық тұсауын кескен «Ленин туы» еді. Ол жылдары Назгүл қаладағы педагогика училищесінде оқыды да газетімізге үнемі келіп, өзінің тырнақалды туындыларын ұсынушы еді. Мен сол кездері-ақ оның қарлығаш балапанындай балауса жырларында шымыр шындық пен мөлдір сезімнің барын таныдым. Әрине, ол жырлар бірден тізгінді тең тартып, төрт аяғын тең басып кетті демеспін. Бірақ оның сезім мөлдірлігі, сол сезімдерді жыр өрнегімен әсемдеуі ұнады. Біздің үмітіміз ақталды. Назгүл республикалық басылымдарда жарқырап көріне бастады.
Ауылдың бір алаңқайлы тұсына киіз үй үлгісіндегі сахна орнатылған. Ақындар айтысқа шығар алдында қазылар төрағасы, облыс облыстық әкімшілік қызметкері Асхат Өмірзақұлы Сағындықов сөз алып, мәжілістің, айтыстың мән-маңызын тілге тиек етті. Одан соң сөз алған аудан әкімінің орынбасары Сапар Бәриұлы Төлегенов ұйымдастыру жұмыстарына, ақын Назгүлдің ауданның атын шығарып, мәдени, әдеби өміріне қосқан азды-көпті үлесіне әңгіме басын тіреді.
Назгүлдің ақындық тұсауын кесушілердің бірі әрі көршілес Амангелді ауылының тумасы яғни жерлесі болғандықтан сол жерде айтыстың ашылуына жырмен арнау айту міндеті осы жолдардың иесіне жүктелді.
Айтысқа қаладан арнайы келген Кеңес Тынымбаев, Нұрлан Қасымов. Осы жолдарды жазушы және Возвышен, Тимирязев аудандарының өкілдері Серік Ысқақов пен Алтынгүл Тәбейден басқа Дәстен Баймұқанов пен Жаңажол ауылының ақыны Жантас Базарбаев шықты. Жыр-сайыстың нәтижесі былай болды: бірінші орынды Кеңес Тынымбаев алды, Алтынгүл Тәбей екінші, Зейнолла Әкімжанов үшінші орынға ие болды.
Ас болған соң аруаққа бағыштап дұға оқу парыз. Соған орай кәденің бәрі орнын тапты. Назгүлдің ата-анасы Тельман мен Мұңдық аудан басшыларына да, ақындарға да ризашылығын білдірді. Мен сөз арасында аудандық мәдениет бөілімінң меңгерушісі Д. Баймұқановпен тілдесіп, әңгімеге тарттым.
- Біз бұл асқа басқа да ақындарды, термешілерді шақырған едік. Әзірге келгендері осы болды. Алда атақты Игібай Әлібаевтың тоқсан жылдығы тұр. Оны да облыс деңгейінде атап өту парызымыз. Сол үшін ұйымдастыру жұмыстарын тап қазір қолға алып жатырмыз. Одан соң әйгілі бабамыз – әрі қолбасшы, әрі жырау Қожаберген Толыбайсыншыұлы 300 жылдығы мен оның ұрпағы, сал-серілердің саңлағы Сегіз серінің туғанына 175 жыл толуы биылғы жылдың үлесіне тиіп, соған орай облыс көлемінде той өткізу ойда бар. Осыларды ойдағыдай жүзеге асыру – баршамыздың елдігімізге сын.
Назгүл Өтенова қайтыс боларынан бір ай бұрын ғана – 1992 жылдың сәуірінде – жазылған бір толғауында «Ақындық атты айдынның жағалауын жағалап, өмірде жоқ деп іздеп, шырылдап жүрген қара қыздың құлындай шыңғырған дауысы кімге керек дейсің! Жаны ашыр халқым болса, сонша шырылдатпас еді...» деп жазыпты. Әлденені сезгендей, болашағын барлағандай ма, қалай? Ия, нағыз ақын өз ғұмырын сезеді дейді ғой. Назгүлдің бергенінен берері алдында еді, бірақ болашағы оны құр қызықтырып, алдарқатқаны болмаса – қолға ұстатпас сағымдай сытылып кетті. Сол ажал оны барша арманымен, әлі толық күш-қуатын көрсетпеген ақындық дәрменімен бірге алып, арамыздан бөліп тастапты. Тағдыры тайғақтау, соқпағы тарлау болыпты. Ойлағаны оңайлықпен орайласа қоймапты, асығы үнемі алшы түсе бермепті. Алайда ақын бала сол болашағына сеніп келіпті.
Ендеше, ақын Назгүлді осылайша еске алғанымыз оның арманын қол созым жақындатып, бауырымызға басқанымыз емес пе!
ЗЕЙНОЛЛА ӘКІМЖАНОВ
«Ленин туы» газеті. 22 мамыр 1993 жыл. 4 бет.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter