Әңгімелер ✍️
АҚИҚАТЫН АЙТҚАН АҚЫН
Биыл біздің ұлы ақынымыз Олжас Омарұлы Сүлейменов 60 жасқа толды. Қазір Олжастың ақындығын әлем айғақтап, мойындап отыр. Кезінде олай болмады. Ал қазір оған тағзым етушілер жетерлік. Оны ана бір жылдары шетқақпай еткендер ақынның алпыс жылдығы тұсында Ресейдің «Уақыт» телебағдарламасынан «Заманымыздың аса көрнекті ақыны Олжас Сүлейменов 60 жасқа толып отыр!» деп жар салды.
Олжасты сол жылдары «төмпештегендер» енді оны алақанына салып аялайды. Мұнда не гәп бар? Ол ақиқатқа қалай жетті, кесір неден еді, ақыры жеңіс қалай келді?
1975 жылы Кеңес Одағының бүкіл әдеби өмірінде елеулі бір оқиға болды. Ол – Алматыдағы «Жазушы» баспасынан Олжастың «АЗ и Я» атты ғылыми-зерттеу еңбегінің жарыққа шығуы.
Бұл кітап 1988 жылы 800 жылдығы тойланған «Игорь жасағы туралы жырдың» тарихына, ондағы даулы мәселелерге әрі ақын, әрі зерттеуші ретінде көзқарас болды. Жасыратын несі бар, орыс халқының алтынға бергісіз асыл жәдігері саналатын бұл жырға күмән келтіру ол кездері көзсіз ерлік, өзін-өзі жанып жатқан отқа лақтыру еді. Орталықтан шыққан еңбектер болмаса, республикалық авторларға шекесінен қарайтын ірі ғалымдар Олжасқа дүрсе қоя берді. Атақты академиктердің бастаған жорығын коммунистік партияның орталық комитеті, сол кездегі бас идеологымыз М. Суслов іліп ала жөнелді. Ақыры кітапқа тыйым салынды. Олжасқа көрсетілген дөң-айбаттың соңы оның өктем үкімге душар болуына әкеліп соқтырды. Бұл жайында Олжастың өзі былай дейді: «Кейбір өркөкірек, ұлттық намысы қозғыш шамшылдарға қатты батқаны: көне орыс ескерткішіне басқа ұлт өкілінің талдау жасап, пікір айтқаны. Олардың ойынша мұндай зерттеу, мұндай пікірді, әсіресе олавян-түрік халықтарының көне мәдениеті және олардың өзара қарым-қатынасы туралы әуелгі пікірді басқа ұлттың өкілі емес, тек орыс халқының өкілі ғана айтуға тиіс болатын. Ал «Игорь жасағы туралы жыр» хақында «бөтен» ешкімнің сөз айтуы мүмкін емес, бұл ұлы орыс халқының мұрасы болғандықтан тек орыстар ғана зерттей алады деген дүмбілез сенім мықтап қалыптасқан еді. Сондықтан да әлгіндей намысқой шамшылдардың «Қазақстанның бұл кітабын Ресей ешуақытта кешіре алмайды», - деуі тегін болмаса керек.
Қай ұлт, халық болмасын өзінің фольклорлық ерлік дастандарын ұлттық мақтаныш санайды. Бұл заңды. Айталық, қырғыздар «Манасты», карелофиндер «Калеваланы» ұлттың ұлы дүниесі дейді. Біздің қазақта «Қобыланды», «Ер Тарғын», «Алпамыс», «Қыз Жібек», «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» сияқты батырлық, лиро-эпостық жырлар орынды мақтанышымызға айналған.
Орыс халқы үшін аталған жыр да солай. Алайда «Игорь жасағы туралы жырдың» олардан айырықша бір өзгешелігі бар. Ол өзгешелік – жырдың белгілі тарихи тұлғалардың өміріне, орыс ғұмырнамасының нақты бір кезеңдеріне негізделгені. Жырды орыстың, батыстың ірі тарихшылары, әдебиетшілері, соның ішінде текстологтары әбден зерттеген. Ол жайында екі мыңға тарта ірілі-ұсақты ғылыми зерттеулер жазылғаны жырдың тарихына, шынайылығына күмән келтірмейді емес, әрине.
Осыншама зерттеу арқауына айналған бұл жырды бәрі бірдей қуаттап, құптап отырмағандығын айғақтаса керек. Олжасты жырдың тарихын, этимологиясын шұқи зерттеп, анығын жазуға итермелеп отырған да осы көзқарастар мен пікірлердің әрқилығы емес пе. Орыстың академик Д. Лихачев бастаған ғалымдарының бір тобы мұны орыстың тамаша мәдени-әдеби мұрасы десе, зерттеушілердің басқа бір тобы бұған қарсы пікір айтады. Алдыңғылардың айтуынша, бұл жыр патриоттық рухы күйттейтін құнды шығарма, онда халық ой-мүддесі жырланған, ал басқа зерттеушілердің пікірінше мұнда шынайы тарих бұрмаланған, жыр қолдан жазылған.
1975 жылдан бері қаншама уақыт өтсе де Олжастың бұл кітабы ұмытылған жоқ. Бүгіндері көзқарастар өзгерді, көптеген жағдайлар ашық айтыла бастайды. Содан соң да Олжастың кітабы туралы пікір де өзгеріп отырғаны қуантады. Сондай пікірдің бірі 1991 жылы Мәскеуде шыққан «Орыс мемлекетінің тарихы» деген екі томдық монографиялық зерттеуде ашық айтылған. Кітап авторлары өзге ұлттың өкілі емес, орыстар: Бушев және Миронов деген тарихшылар.
Осы авторлардың Олжас пен оның кітабы туралы ойларын айтпас бұрын «АЗ и Я» кітабында жыр туралы жазылған жайларға сәл тоқталсам деп едім. Сонда барып оқиғаның мәнісі анықтала түсер еді.
Орыстың әдебиет зерттеушілері жырды 1187 жылы жазылған деп жүр. Дастан көне орыс тілінде жазылғандықтан оны түсіну, аудару аса қиын болғаны рас. Ол бүгінгі күнге дейін қалай сақталып, қалай жеткен? Міне, зерттеушілерді шетінен толғандыратын да, ойландыратын жай осы.
Біз білетініміздей, славян елдерінде монастырлар діни мекемелер ғана емес, архив міндетін де атқарып келген. Небір жойқын соғыстар кезінде киелі саналғандықтан монастырлер аман қалған. Оларда көптеген тарихи деректер жинақталып, хатқа түсіп отырған.
Осындай монастырдің бірінде жатқан, авторы беймәлім «Игорь жасағы туралы жыр» он сегізінші ғасырдың соңында, анық айтқанда, 1791 жылы граф Мусин-Пушкиннің қолына тиеді. Ол киелі синодтың обер-прокуроры болып тағайындалып, Екатерина екіншінің бұйрығымен граф жырды көшіруге отырады. Ол көшірме патшайымға арналады.
Алайда, 1812 жылы фрнацуздардың Мәскеуді өртеген кезінде жырдың он алтыншы ғасырдағы нұсқасы жанып кетеді де жыр Мусин-Пушкин көшірген күйінде тарихта қалған.
Осыдан былайғы кезде жырдың шынайылығына күмән келтірушілер шыққан. Шет жұрттардың зерттеушілері «Мұндай жыр болмаған, оны патша өзінің оңтүстікті отарлау жорықтарын ақтау мақсатымен қолдан жаздырған» деген пікірлер айтады.
Олжас бұл тұста әуелі өзінің жеке пікірін айтуға асықпай дауласқан екі жақтың негізгі дәлелдерін алға тартады. Сол дәлелдеушілердің ішінде өзгелерден бұрын орыстың өз зерттеушілерінің ой-пікірлеріне де тоқталады. Бұл арада еске сала кетерлігі мынау: «Игорь жасағы туралы жыр» 1187 жылы жазылса, орыстың осыған ұқсас бір жыры «Задонщина» он төртінші ғасырда пайда болған. Бұл соңғы жыр Дмитрий Донскойдың ерлігіне арналады. Олжастың өзі осы жырларды салыстыра келіп, «Игорь жасағы туралы жырды» «Задонщинадан» кейін жазылған дейді. Игорьдің қыпшақтардан тас-талқан болып жеңілгенін «кешіре алмаған» орыс тарихшылары кейінгі жорықтарға, әсіресе далалық руларға қарсы тойтарысқа халықты жұмылдыруға жырдың рухани күшін пайдаланбақ болған.
Орыс кеңес тарихшысы Гумилевтің айтуынша, жыр он екінші ғасырда емес, одан кейін, оқиғаларға қаныққан соң барып жазылған. Киев тағынан үміткер Игорь кінәз далалықтардан жәрдем сұрауы мүмкін. Сөйтіп қыпшақтың Қонжық, сондай-ақ Қызай, Көбек яки Кебек хандарымен ол да астыртын келіссөз жүргізген. Сөйтіп, Игорь қолы мен Қонжық бірігіп Святославты тақтан тайдырмақ болады. Бірақ, неге екені белгісіз, Игорь сол 1184 жылы уағдаласқан Сула өзенінің сағасына келмейді. Ал Қонжық пен Қызай хандар оны тосып қалады. Тарихшылардың айғақтауынша, бұдан соң далада көші-қон ауысып, мал төлдеп, жайлауға көшетін мезгіл туады. Қонжық хан әскерін кейін шегіндіріп, шаруашылық қамына кіріскен жайбарақат кезде Киев кінәзі Святослав өзге он шақты кінәздіктерден жиылған қисапсыз қолмен тұтқиылдан келіп соғады. Қаннен-қаперсіз жатқан қыпшақтар қатты қырғынға ұшырайды. Алайда Қонжық пен Қызай көптеген әскерлерінен айырылса да негізгі күштерін сақтап қалады.
Игорь мен оның інісі Всеволод бұл жорыққа қатыспайды. Алайда жайбарақат қарап та жатпайды. Осы қырғыннан соң қыпшақтар әлсіреп, орыстар күшейген кез туады. Міне, осы уакытта 1185 жылы Игорь шағын ғана қолмен қыпшақтарға қарсы жорыққа аттанады. Оның мұндағы ойы – әлсіреп, қансырап жатқан қыпшақ әскерін түпкілікті талқандап, жеңістің атақ-абыройына ие болу, мол олжаға кенелу, соны пайдаланып, Киев кінәзінің абыройын кеміту.
Бұл оқиға он екінші ғасырда болған делік. Олжас Сүлейменов жырдағы көптеген түркі сөздерінің төркінін анық дәлелдейді. Мысалы, орыс кінәзі Всеволодты «буй-тур» деп мадақтау түріктің баһадүр, батыр деген сөзінен шыққан дейді. Расында орыстың богатырь деген сөзінің түп-төркіні түркі түркі тайпалар тіліндегі баһадүр, батыр сөздерінен алынған емес пе. Немесе орыс жасағындағы берендей дейтіндер қыпшақтар жағынан орыс кінәздеріне өтіп кеткен берінділер, сатқындар емес пе. Айта берсе, мұндай тіркестер де жекелеген сөздер де жырда жетерлік. Мұның өзі кейбір ғалымдарда осы жырды жазған автор Игорьдің сатқындығы мен опасыздығын келеке қылатын далалық адам емес пе екен деген ой тудырады. Атап өткеніміздей, он екінші ғасырда, моңғол шапқыншылығынан бір ғасыр бұрын, дала мен Русь тым араласып, бір-бірімен этникалық жағынан жақындасып жатқан еді ғой.
Ал кейін он алтыншы ғасырда «Игорь жасағы туралы жырды» көшіріп қайта жазған көшіруші де, он сегізінші ғасырдағы көшірген Мусин-Пушкин де, әрине, бұл сөздердің төркінін білмеген. Содан барып, жырды қарасөзге түсіруде деоны аударуда да ағат тұстарға тосын топшылауларға жол берілген. Жырды аударғандардың бірі орыстың Пушкиннің алдындағы тамаша ақыны Жуковскийдің өзінде кейбір ағаттықтар барын көптеген зерттеушілер айғақтаған.
«Игорь жасағы туралы жыр» жайында ең көп жазғандардың бірі академик Дмитрий Лихачев оны асқан теңдесі жоқ патриоттық жыр деп дәріптейді. Ол орыс халқының шет елдік басқыншыларға қарсы күресіндегі ерлік пен рухтандырушылық қасиетке ие болған жәдігер деп мадақтайды.
Жырдағы Ярославнаның – Игорьдің әйелінің – күйеуін жоқтап, сыңсуын ерекше бір қасиеті бар құбылыс деп, Игорьді орыс кінәздерінің ішіндегі ең мұңлығы, жау қолында көптеген азап пен қорлыққа душар болған ұлттық қаһарманы кейпіне жеткізбек болады.
Ал ойлап қарасақ, ел-жұртпен қоштасу, сыңсу, жоқтау, әйелдің жорықтағы жарын іздеуі түркі халықтарының, соның ішінде қазақ халқының да әдеби мұраларында жетерлік емес пе. Егер соған қоса культке, бір нәрсеге табынуға келсек, осы жырда көк бөріге табыну айғағы көп айтылады. Қазақ жырларындағы «Бөрілі байрақ қолға алып!» немесе «Бөрілі байрақ астында!» яки «Көк бөрі пірім қолдай ма!» дегендей тіркестер соның жалғасы сияқты көрінбей ме.
Әрине, Олжас Сүлейменов түгелдей жырды жоққа шығармайды. Ол өз кітабында Игорьдің жорыққа аттанып, опасыздық жасап, кешегі уәделескен досына өзі шапқан шапқыншылықтан соң жеңілісін дәлелдейді. Кезінде бұл кітап бүтіндей бір елдің тиянақтыланып қалған зор әдеби-тарихи мұрасына оқ атумен бірдей болып, жоғарыда аталған академиктер бастаған топ қарсы шабуылға шықты. Оны Кеңес үкіметі мен партия қолдап, ақынды айыптады, қудалады, жалған кешірім сұратты. Әрине, кешірімді бір адамнан, бүтіндей бір ұлт пен халықтан сұрауға болар, ал тарихтан қалайша кешірім сұрайсың?
Ақыр-соңында тоқыраудың дүбірі дүркіреп өткен соң орыс тарихшылары да ортақ тарихқа жаңаша қарай бастағаны дұрыс болды. Жоғарыда аталған «Орыс мемлекетінің тарихының» авторлары былай деп жазады: «Біздің елімізде «Жыр» жөніндегі көзге көрінбейтін ұжым баяғыдан бері жасап келеді. Олардың бәрі де оны болған дейді. «Жырдың» өмірбаянына деген өзгеше теріс пікірлердің бәрі де әп-сәтте ашу-ыза тудырады».
Содан былайғы жерде «Жыр» туралы Олжас Сүлейменовке тағылған айыптардың арасында «ұлтшылдық», «түркішілдік», тіпті «сцонистік» көзқарасқа берілген деген аса негізсіз, ауыр да қисынға келмейтін айыптаулардың барын қынжыла жазады олар. Ал Олжас Сүлейменовтің айғақтауынша, егер осы жыр анық жазылған болса, ол он екінші ғасырдағы екі тілге бірдей жетік оқырманға арналған дегенінде не тұр? Оның авторы түркі тілі мен әдет-ғұрыптарын да көне орыс тілінен кем білмеген болып шығады ғой.
Ақиқаттың ақын жағында екенін айғақтай келіп монография авторлары Бушуев пен Миронов: «Оқырман, осы кітапты міндетті түрде оқып шығыңыз. Оның үстіне ол қазір қайта басылуда. Бұл талас пікірлері болса да, қызықты болжамдары, бұрын кездеспейтін айғақтары мен тамаша жарқын поэтикалық кескіндемелері мол еңбек. Ол негізсіз жазғырылды. Оны қайтадан ақтау жөн!» деп аяқтайды осындағы «Орыс әдебиетінің алтын жыры және оның дәуірі» деген тарауда.
ЗЕЙНОЛЛА ӘКІМЖАНОВ
«Солтүстік Қазақстан» газеті. 24 шілде 1996 жыл. 4 бет.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter
Қарап көріңіз 👇