17.07.2025
  105


Автор: Зейнолла Әкімжанов

«ӘУЕЗОВ ТУРАЛЫ СӨЗ»

1974 жылдың қараша айында Алматының бүкіл ғылыми, мәдени жұртшылығы академик Әлкей Хақанұлы Марғұланның жетпіс жасқа толуын тойлап жатты. Астанада шығатын ірі-ірі басылымдар, Қазақстан Ұлттық Ғылым академиясының ғылыми журналдары оған арнаған қомақты мақалаларды үсті-үстіне жариялап, Марғұланның ғылымға сіңірген ұлы еңбектерін жіпке тізе саралады.
Одан біздің М. О. Әуезов атындағы әдебиет және өнер институты да қалыспай қазақтың осы ұлы ғылымына – тарихшы, этнограф, фольклоршы ғұламаға тарту жасауды ұйғарды. Оның алдында ғана академия болып Марғұланның жетпіс жылдығына арналған конференция өткізген еді. Содан бүгінде, аттай жиырма үш жылдай уақыт өткенде есімде анық қалғаны – небір ығай мен сығай ғалымдар, қаламгерлердің ішінде ақын ағамыз Ғафу Қайырбековтің дүркіретіп алақан соқтыра оқыған «Академик Әлкей Марғұлан» деген өлеңі болды.
Бұл М. О. Әуезов атындағы институтты біздің дейтінім – онда мен осы ғылыми-зерттеу мекемесіне Қазақтың Ұлттық университетін сол 1974 жылы жазда тәмамдап, жолдамамен қызметке келген жас маман едім. Мені әуелі М. Қаратаев басқаратын «Совет әдебиеті» бөліміне жіберген-ді. Кейін белгілі ғалым Р. Бердібаев өзінің «Фольклор» бөліміне ауыстырып алды.
Міне, осы Рахаң-Рахманқұл Бердібаев өзінің бөлім басқарумен де жетпей жатқан тығыз шаруаларына қоса Мұхаңның музей-үйінде жұма сайын өтетін қала жұртшылығының әйгілі ғалымдармен, өнер адамдарымен, жазушы-ақындармен кездесулерін қолға алған адам.
Рахаң бөлімге келген соң ондағы қызметкерлермен таныстырды. Ең жасы мен болып шықтым. Онда небары 23 жастамын. Бақсам, әуелі бұл бөлімді Мұхтар Әуезов ұзақ жылдар басқарған екен. Онда Мұхаң отырған үстел мен орындық сол қалпында сақтаулы. Одан кейін бөлім жұмысына әйгілі ғалым Есмағанбет Ысмайылов жетекшілік еткен. Ендігі кезекте тізгінді сол кездегі филология ғылымының докторы, бүгінде Ұлттық академияның мүше-корреспонденті Рахманқұл Бердібаев қолға алыпты.
Осы бөлімдегі менің жаңа міндеттерімнің бірі жұма сайын өтетін Мұхтар Әуезов атындағы мұражайдың жұмысын үйлестіру. Әсіресе, кездесулер болар алдында газеттерге хабарландырулар беріп, жұртшылықты құлаққағыс ету. Әрине, мұражайдың жұмысына тікелей басшылық ететін Мұхаңның қызы, ғылым докторы Ләйлә Әуезовамен және жұма күнгі кездесуге келетін адамдармен алдын-ала Рахаңның өзі келісіп алады. Ал кездесулердің кестесін, мені жас демей, бірге жасаймыз.
Осындай кездесулердің бірін Рахаң сол 1974 жылдың 16 қарашасындағы жұмаға белгіледі де маған:
- Бұл кездесуге академик Әлкей Марғұланды шақырып отырмыз. Этнография институты өзінде кездесу өткізді ғой. Біз олардан қалып қоймайық. Сен жылдам газеттерге хабарландыру беріп келе ғой. Әлі бір жұма бар емес пе. Үлгересің, - деп тапсырма берді.
Этнография институтын қазақтың тағы бір тұлғалы, біртуар ғалымы Ақай Нүсіпбеков басқаратын. Расын айтқанда, түсі суықтау, аса көп сөйлемейтін, көрші біздің институтқа кіргенде оны басқаратын Әди Шәріповпен, осы Рахаңмен, Мұхамеджан Қаратаевпен және солар сияқты ірі ғалымдармен ғана тілдесетін осы адам басқарған мекемеде Әлкей Марғұлан кездесу өткізгенін сырттай естігенмін.
Бұл жерде Рахаң тауып кетті. Ол Әлекеңмен сөйлесіп, кездесу туралы келісті де;
- Әлекеңнің жетпіс жылдығын өзімізше тойлаймыз! – деді әдеттегі салмақты, байыпты қалпымен.
Сонымен аталған күні Мұхтар Әуезовтың мұражайы, оның екі қабатты, шығыс стилінде салынған үйінің ауласындағы әйгілі кинозалы қала жұртшылығына лық толды. Алматының бір ғажабы – мұндай кездесулерге қала жастары, студенттер, жұмысшылар, интеллингенция керемет бейіл қояды. Олар кездесулердің бір де бірінен қалмайды. Мұнда соның алдында ғана Ғабеңмен, Серке Қожамқұловпен кездесулер өткен-ді.
Сахнаға көтерілген Әлекеңді алдымен Рахаң құттықтап, одан соң институттың жауапты ғылыми хатшысы, Омбы облысының тумасы Ахмет Мусинов құрметті адрес тапсырды.
Жұртшылықпен амандасып, өзіне көрсетілген құрмет пен марапатқа алғыс арнаған Әлекең:
- Мен сіздерге өзім туралы айтпаймын. Менің не бітіріп, қандай шаруамен айналысқанымды газеттер түгендеп қойды ғой, - деп жұртты бір күлдіріп алды да, - менің лекциям «Әуезов туралы сөз» деп аталады. Мен әңгіменің өзін лекция сияқты айтуды әдет еткен адаммын. Сондықтан бұл лекция болады, - деді.
Газеттерге берілген хабарландыруда Әлекең әңгімесінің тақырыбы да мәні өзгеше – өзінің ғылыми жолы, еңбектері туралы болатын. Осы өзгерістен оның өзінен гөрі өзге ұлы ғұламалар жөнінде айтуды құрмет санайтын кішіпейілдігі мен кісілігі аңғарылды.
Сонымен, отырдым да күні кешегі студент кезімдегідей Әлекеңнің «Әуезов туралы сөз» атты лекциясын осы залда қағазға түсіріп алдым. Міне бүгін аттай жиырма үш жылдай уақыт өткенде сарғайып кеткен осы лекцияны бума қағаздар арасынан тауып алып, «Солтүстік Қазақстанның» оқырмандарына ұсынып отырмын.
- Мұхтар туралы сөйлеу, әрине, қиын, - деп бастады әңгімесін.
Ол үшін халық өмірін, тұрмысын, этнографиясын, өнерін, әдебиетін білу керек. Бұл жалпы бір лекция көлеміне сыймақ емес. Біріншіден, Мұхтардың адамдың адамгершілігі, ойшылдығы зор атақты суреткер еді. Ол Абай үлгісімен білім қуған, өз борышын сезген абзал азамат еді. Мұхаң аспанға, айға ұмтылған кісі. Ар-намыс, адамдық, өсу дүниесі – оның мұраларының негізі. Жолдан адаспаған. Ол кісінің ойынша ерлік бақыттан анағұрлым биік. Мұхаң ойларының түп негізі – сұлулық, әдемілік дүниесі еді.
Мұхаң дүниеге философия көзімен терең қарайтын ойшыл, жастарды сұлулық дүниесіне бастайтын ұстаз. Тегінде, қазақ әдебиетінде Мұхаң сияқты дарын бұрын-соңды болған емес.
Ол білім дариясын шет ел әдебиетінен, ойшылдарынан толықтырып отыратын. Мұхаңның ой-қазынасының негізгі бұлағы Абайға барып тіреледі.
Қазақ әдебиетінде оның жақсы көргені асқақ қыз, ерке келіншектер, ер де өр жігіттер, от ауызды, орақ тілді шешендер, дана, абыз қарттар. Осыны қазақ әдебиетінде келістіре жасаған Мұхаң.
«Абай» романы халық тұрмысын, өмірін, тарихын суреттеп береді.
Ол төрт нәрсеге көңіл бөлді:
1. Ертедегі жырау, шешендер өмірі, творчествосы.
2. Әдебиет туралы мәні бар теориялық зерттеулер.
3. Халықтың философиялық қазынасына ерекше көңіл бөлген.
4. Әдемі новеллалар жазу. Әсіресе, қыр суреттері жайлы әңгімелеу. Бұл новеллаларға махаббат тасқыны, ел өмірі, адам тағдыры, халық болашағына сенім арқау болды.
Мұхаң 24-25 жас шамасында болғанда Семейде еді. 20-сыншы жылы Ленинград Мемлекеттік университетінің қоғамдық ғылымдар факультетінде жүргенде КирЦИК шақыртып алған. Павлодарда алғаш рет Мұхаңды көрдім. 21-ші жылы Семейде сөйлестік. Осыдан бастап Мұхаңмен дос болып кеттік.
Мұхаңның алғашқы әйелі – Кәмилә. Мағауиядан туған, Абайдың немересі. Сұлу кісі еді. Туыстары байға берген құда түсіп. Семей облисполкомының председателі болып келгенде Мұхаң Кәмиләға қосылады. Одан туған қыз – Нағима. Жақындары: Баймағанбеттің Сарысы, Еш, Жағыпар Мағауия баласы.
Ленинградта В. В. Синовский деген профессордың лекциясы «ХІХ ғасырдағы орыс романтизмі» еді. Лермонтов пен Пушкинді керемет әңгімелеуші еді.
Аудиторияда Валентина Николаевна(кейінгі әйелі – З. Ә.) Мұхаңның басына(шашына) қағаз қыстырып қойыпты. Оны мен Мұхаң бұрылғанда көріп қалдым. Онда «Ваши волосы мешают слушать лекцию» деп жазып қойыпты. Осыдан екеуі танысып кетті.
- Мен Кәмиләні тастасам, - деді ол, - оның екі міні бар: біріншісі – оның европалық мәдениеті жоқ; екіншісі – ол ауру, ұрпақ көтере алмайды!
Ол жақсы жолдас болатын, ойшыл, ақылды, қыз іздеді. Байқаймын, осы Валентина Николаевна Мұхаңа келе бастады. Маша – Кәмиләдан кейінгі кездескен қыз. Оқыған, адвокаттың қызы. Екеуі хат жазысып жүрген. Маша технологиялық институтта оқыған...
Мұхаң Алтай экспедициясынан бас тартты. Ол Шыңғыстауға барудан бас тарту еді. Жетісуға баруға тілек білдірді. 1916 жылғы көтерілісті зерттеймін. Қызылордаға барып қазақ театрымен танысамын, деді.
Мен Омбыдан кемеге отырып, жолымыз екі айырылды. Сонда палубада А. Затаевичті кездестірдім.
...Көріп отырғандай Әлекең Мұхаңмен Ленинград университетінде бірге курстас болған. Сондықтан әңгімесінде әуелі Мұхаңның жазушылық, ғалымдық жолынан мағлұмат берген соң оның жұртқа тосын өмір жолынан бір үзік сырларды паш етті. Оның Алтай экспедициясынан бас тартуын бұл Шыңғыстауға барса оқымаған, европалық мәдениеті жоқ деп суынып кеткен Кәмиләға жолықпай қоймайды. Әлекеңнің айтуынша, Кәмилә Мұхаңды үнемі, ұзақ тосқан, үміттенген. Алайда Мұхаң Валентина Николаевнаға қосылып, жаңа шаңырақ көтергені белгілі ғой. Әлекең тілге тиек еткендей, 1961 жылы Мұхаң қайтыс болғанда Семейден Алматыға келгендердің арасында осы Кәмилә да болыпты. Бірақ ол көп көзіне түспей елеусіз келіп, елеусіз кеткен көрінеді.
Міне, менде сақталып қалған лекцияның мәні мен мазмұны, оны жазып алуға себеп болған жағдайлар осылар еді.



ЗЕЙНОЛЛА ӘКІМЖАНОВ



«Солтүстік Қазақстан» газеті. 14 ақпан 1997 жыл. 5 бет.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу