Өлеңдер ✍️

  29.05.2025
  179


Автор: Самрат Құскенов

Ыбырайға жетпейтін хат

 



Ассалаумағалайкум!
Бүгін сізге жарылайын ағымнан,
Айрылғандай болып жүрмін бағымнан.
Өзіңізге ұқсап сақал-мұрт қойсам,
Жұрт қойдырмас, қорқып кейбір ағымнан.



О, Ыбырай Алтынсарин қайдасыз?
Тіршіліктен шаршап жүрмін пайдасыз.
Іздемей-ақ табылудың орнына,
Іздегенге қол жетпейтін айдасыз.



Ұстаз деуге мұғалім жоқ лайықты,
Таба алмайсыз кессең де Еділ-Жайықты.
Дәрежесі баладан да төмен боп,
Ұлағаттың басынан бақ тайыпты.



Кітаптың да мәні кетіп барады,
Құнсыз дүние қашан іске жарады?!
"Өнер, білім бар жұрттар!" деп жазбаған
Ақындардың лирикасы тарады.



Проза да шыңға шыға алмады,
Роман, повесть жарқырап із салмады.
Классиктер қаптағанмен толку жоқ,
Тәрбие берер әңгімелер қалмады.



Мектеп - анау, ішінде жоқ бірлігі,
Ұйымшылдық бола алмаған тірлігі.
Қабырғасын тас жүректер тоздырып,
Көрінбейді асыл тұқым жілігі.



Жұмбақ болды бұл заманның жандары,
Мың құбылып отырады заңдары.
Қоңырауы соғылса да мектептің,
Анық емес болашақтың бағдары



Мектеп оңбай, дұрысталмас еліміз,
Кімге жете қойсын зар мен шеріміз?
Соңымыздан өнеге алар жан да жоқ,
Халыққа не бетімізбен серіміз.



Естімесін халқым жаман атымды,
Тәмамдаймын осыменен датымды.
Жаңғырық боп көкке ұшып, жер иіскер,
Оқымайсың менің жазған хатымды.



Аруағыңмен қолдап жатсаң, болғаны!
Құрметпен, Самрат!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу