Өлеңдер ✍️

  29.05.2025
  143


Автор: Самрат Құскенов

Розаны аңсау

 



Әнде мән қалмай,
Қазақтың рухы құлады,
Құлады, құлдық санамен жанды ұрады.
Жұлдызы жанып кеткендер сыймай жер-көкке,
Құндызын ұлттың жоғалтып,
Күліп тұрады.



Жылауық әндер әлсіретеді қаламды,
Патриот әндер тербете алмай даламды.
Нотамен сөйлей алмаған сорлы әншілер
Фотомен тәнті қылуға асық ғаламды.



Жұмекен бүгін көбейіп жатыр маңымда,
Қазақтың рухы тулаған ыстық қанында.
Шәмші де бар ғой түспеген көптің көзіне,
Сырласып жүре білетін ақын жанында.



Роза жоқ, бірақ,
Жеткізе алар әніңді,
Әніңмен бірге келтіре білген сәніңді.
Өзінің сазды үнімен елге жеткізіп,
Емдеген әнің арқылы жан мен тәніңді.



Бұрыннан құлақ асқан соң жүрек үніне,
Ондаған өлең жазатын едім күніне.
Шабытты іздеп, қарауға уақыт болмайтын,
Ұйықтауға берген Құдайдың қара түніне.



Алайда, таңым атылса, жырдың құны жоқ,
Назарын елдің аудара білер мұңы жоқ.
Қиялды қуып құтырған маған сол керек,
Өйткені, оқып, ән қылар Роза үні жоқ.



Музыка кетті, құлдырап жынның сазында,
Қасиет қалмай барады өнерпазыңда.
Бір Роза шықса жүгіріп қарсы алдымнан,
Табанын сүйіп, қосар ем жырға назын да.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу