Өлеңдер ✍️
Ақи көзбін
(ОКТАВА)
Кім кепіл сұм ажалдың тоспасына?
Кім кепіл бұл жалғанның баянына?
Өмірде қараса да дос басыма,
Тұрады дұшпан қарап аяғыма,
Қарсымын өтіріктің қоспасына,
Тағдырдың қалсам-дағы таяғына.
Жұрт менен тапса-дағы шалалықты,
Танытам бойымдағы даралықты.
Туғаннан ақи көзбін, жасырмаймын,
Ақылдан биік қойдым ашуымды.
Басымнан ешқандай сөз асырмаймын,
Шабытпен бағындырып асуымды.
Өлеңмен бақытымды қашырмаймын,
Өнермен таппасам да ас-суымды.
Сонда да, мен тарихтың атасымын,
Ұқтырған киесін ақ батасының.
Сағымды сындырмақ боп оңбағандар
Аңдып жүр шалыс қадам басқанымды.
Сынақтың ызғарына тонбағандар
Байқамас қара жер, көк аспанымды.
Таланттың тұғырына қонбағандар
Қалайды абыройды шашқанымды.
Кезім жоқ жан баласын алалаған,
Ал, қоғам жүрегімді жаралаған.
Содан ба, жалғыз қалып, саяқ жүрмін,
Досым да жырақтады, туысым да.
Әйтеуір көрген сайын аяп жүрмін,
Қалғанда дүниенің қуы сынға.
Шындықпен не болса да, баян жүрмін
Бос күндер кетіп уақыт уысында.
Жазығым ақи көз боп туғанымда,
Мән болмай жыр сәулесін қуғанымда.
"Ақылды бол!" деп қыртқан ағаларым,
Қамқорлық жасай алмас бауырына.
Сәті жоқ мен деп жыртқан жағаларын,
Із салсам, ақиқаттың ауылына.
Берсе де маған теріс бағаларын,
Қасқайып қарсы тұрам дауылыма.
Құдайым беріп жатыр сұрауыма,
Қақым жоқ сондықтан да құлауыма.
Болашақ, сырым осы ішімдегі,
Шынайы дарын үшін қорланатын.
Ерекше болған соң ел ішіндегі,
Табиғи болмыс үшін сорланатын.
Шыншылдық байқалған соң ізімдегі,
Мықтылық болған еді қолғанатым.
Заңдылық - халық білмей қадірімді,
Өлгенде жылап қазса қабірімді.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter