Өлеңдер ✍️

  26.05.2025
  200


Автор: Самрат Құскенов

Мағжанның махаббаты

 



(ТОЛҒАУ)



Қай ақынның ғажап болған өмірі?!
Қай ақынды ардақтаған өңірі?!
Махаббат та жақтырмайды ақынды,
Тұрақсыз боп жаралған деп көңілі.



Кім бар ішкі жан дүниесін ұғатын?
Кісіліктің туын бәрі жығатын.
Ақын ғана жер мен көкке сыймайды,
Болмаған соң жұрттан ойын бұғатын.



Тағдыры да қарсы шығып өзіне,
Мұң мен жасты әкеп тыққан көзіне.
Ғұмыр бойы сергелдеңге түсіріп,
Ғажайыпты сыйғызған әр сөзіне.



Қайғы үшін жаралған соң ақындар,
Қайғырмауға менің қандай қақым бар?
Қуанышы - ой толғаған уақыты,
(Өлеңнің әр ұйқасында ақы бар).



Бес күн жалған - бұл дүниенің түйгені,
Қандай жаман шарапаттың күйгені.
Махаббаттан жолы болмай Мағжанның,
Жүрегінде дерт боп қалған сүйгені.



Сүйген жары - текті жердің аруы,
Ар мен ұяты болған басты қаруы.
Қателеспей жар таңдаған ақынның
Аңыз болған болашаққа баруы.



Жары Зейнеп ерін хандай сыйлаған,
Абыройын тырнақтап бір жинаған.
Құдай бұны көп көрген соң Мағжаннан,
Шын таланттың маңдайына сыймаған.



Граждан туып, торсықтай боп шекесі,
Шат көңілге бөлегенде мекенін.
Зейнеп дүние салды бала туғанда,
Бармады ғой ұзаққа ақ некесі.



Жерсінбеді тіршіліктің панасын,
Түсінбеді бұл жалғанның жаңасын.
Нәресте де кетті бірден шетінеп,
О дүниеге қимай асыл анасын.



Айрылған соң баласы мен жарынан,
(Қолындағы Құдай берген барынан).
Алқымынан ап қысқанда сар уайым,
Күңіренді дүниенің тарынан.



Жалғыздықтан ешқашан көз ашпаған,
Азаматтың ісі алға баспаған.
Ғашықтық дерт билеп алды Мағжанды,
У шашқанмен, нұрын мүлде шашпаған.



Ақын таяқ жеді сүйіп Гүлсімді,
Ғашық жүрек алданғаннан күрсінді.
Көзі түсіп қатынына бір байдың,
Сезім өлді солып қалған гүл сынды.



Гүлсім ханым бақыт емес, сор болды,
Көрсеткені құрмет емес, қор болды.
Күйеуінің барын бірден айтпаған,
Әбден бауыр басқызғаны ор болды.



Махаббат та басып қара дүрсінге,
Салды халық "көзге шөп сап жүрсіңге".
Бичуринге қосылғаны болмаса,
Мағжан ұнап еді сұлу Гүлсімге.



Қай жан алсын сезім отын өшіріп?
Сүю тұрса, мерейіңді өсіріп.
Жас әйелін қызғанған соң Мағжаннан,
Алып кеткен қаласынан көшіріп.



Ақын жаны қайғы-мұңға салынды,
Махаббат та аямайды дарынды.
Жыр жүрегі нәзік болып жаралған,
Көрінгенмен мінезі - ауыр, жалынды.



Жүрек, шіркін, тілі тілсіз ел еді,
Иесін үнсіз терідей қып иледі.
Омбыдағы газет қоныс аударып,
Редакциямен Қызылжарға келеді.



Бұл "Бостандық туы" қымбат ақынға,
Қалың елді айналдырған жақынға.
Таралымы жылдан-жылға көбейіп,
Оқырмандар бөленетін рақымға.



Зылихаға кезігеді осында,
Бейнесінен көріп туыс, досын да.
Бір Алланың қалауымен қосылып,
Некесінен тапқан көңіл хошын да.



Ұзағынан сүйдірмеді бақыты,
Абақтыдан бір-ақ шықты жақұты.
Ұлтын шексіз сүйгендіктен сотталып,
Қудалаумен өтті соңғы уақыты.



"Абақтыда айдан, күннен жаңылды",
Кең даланың қасиеті танылды.
Әдемісі болған қараторының,
Темірторға бір-ақ сәтте таңылды.



Айбатына шыдатпаған барлығын,
Арыстанға қарсы билік жарлығы.
"Эх, дөңгелек жүзді ақын!" деп қорлап,
Үкіметтің көрінді іш тарлығы.



Бойынан бар кемшілікті жинаған,
Жақсы ат түгіл, "кінәсізге" қимаған.
Арсыз шолақ белсенділер армансыз,
Бұйра шашты азаматты қинаған.



Жазықсызды жаласымен жазалап,
Күндер өтті ақиқатты мазалап.
Қара қасты ақынынан айырып,
Елін алды ұлтшылдардан тазалап.



Ешқайсысын назарына ілмейді,
Ар қылышы бетін қайтып тілмейді?
Күйеуінің кінәсі жоқ екенін,
Зылихадан басқа ешкім білмейді.



Біледі ғой, білмегенсіп тұрады,
Өйтпегенде өздерін де ұрады.
"Орта бойлы қазаққа бой бермеген!"
Деп сақшылар мазақтап жыр құрады.



Зылиха да ерін іздеп барады,
Бұл жаладан ақталғанын қалады.
Бірақ, Мағжан атылады түрмеде,
Енді ақын жырын еске алады.



Өткен күннің қатесі мен дұрысы,
Анықталар болашақтың ұлы ісі.
Әр тұлғаның қызық киім киісі,
Аңыз болып тұрған жүріс-тұрысы.



Біраз уақыт өткеннен соң ақталды,
"Мағжан таза, кінәсіз!" деп жақ талды.
Зылиханың адалдығы арқылы,
Ақынның от өлеңдері сақталды.



Сезім, шіркін, қос жүректе тулады,
Қиянат та өздігінен қурады.
Зылиханың "әттең-айы" Мағжанға,
Шежіресін жалғайтын ұл тумады.



Есесіне, жан бітіріп сөзіне,
Айналдырды жолбарыстың көзіне.
От Мағжанның көзіндей қып әр қазақ,
Әр өлеңді тұмар қылды өзіне.



Мағжан, Мағжан сонысымен мойында,
Жазғандары жүр бәрінің ойында.
Ыстық жүрек кеудесінде әр жанның,
Толқын көңіл әр адамның бойында.



Халық едік ақиқатты жақтаған,
Бабам артқан мол сенімді ақтаған.
Ұл туғаннан пайда болмас ешқашан,
Ұлт болмаса құдіретін сақтаған.



Аманатын тиянақты ұстаған,
Шабытының қыл қаламын ұштаған.
Соңғы демі үзілгенше адал боп,
Арсыздықтың аспанына ұшпаған.



Біз де сүйіп, ұнатамыз, ұнаймыз,
Ғашықтықтың өлеңдерін құраймыз.
Зардап шеккен махаббаты Мағжанның
Басқа түссе басталмастан құлаймыз.



Біз де жақсы көріп, қызға қараймыз,
Сүйгеннен соң шашылған нұр, араймыз.
Шексіз сүйген, аңсап жүрген адамның
Өзімізді сүйгенін де қалаймыз.



Біз бірақ та шалағаймыз, нашармыз,
Махаббаттың абыройын шашармыз.
Күйеуі бар әйелге көз салғанда,
Шыдай алмай азабынан қашармыз.



Біз осылай биіктікті сағындық,
Жету үшін бәріне де жағындық.
Мағжан сынды ұлы болсақ дейміз де,
Әлсіздің күн тәртібіне бағындық.



Біз сонда да ұлылықты талдаймыз,
Өзімізді өзіміз кеп алдаймыз.
Мағжан құсап сүйсек дейміз біреуді,
Ал, сезімге келсек, қаңбақ шалдаймыз.



Бізді ертең тарих мүлде көрмейді,
Мағжан ғана мың ғасырға өрлейді.
Жыр-дастан боп Зейнеп, Гүлсім, Зылиха,
Ұлы жүрек сүйгендіктен өлмейді.



Бізге ешкім қызықпайды өлген соң,
Мағынасыз жырымызды көрген соң.
Бұл жауапсыз махаббат деп ұрандап,
Көңіл сырын мың бір қызға бөлген соң.



Сондықтан да тарихта еш қалмаймыз,
Болашақтың қақ төріне бармаймыз.
Біз Мағжанның махаббатын қайталап,
Жүреміз деп сынға шыдай алмаймыз.



Өлең болды бақытым да, сорым да,
Төрт жол болды менің жүрген жолым да.
Қалатыным, қалмайтыным тарихта,
Таңдап алған жан-жарымның қолында.



Қайталанар Зейнептің де тағдыры,
Сайрап тұрса, бұл өмірдің даңғылы.
Сұм ажалдан кім құтылған жалғанда,
Жазылғанда тіршіліктің ән-жыры.



Иә, Гүлсім көп сүймесе де алдайтын,
Уақытыңды бос өткізіп талдайтын.
Албырттық деп арбағанын өзінше,
Сезіміңді жоқ сезіммен жалдайтын.



Әркімнің өз тағдыры бар жазылған,
Туғанында маңдайына басылған.
Тілемеймін махаббатын Мағжанның,
Мәңгілікке жазылса да ғасыр-ән.



Білім үшін жанғанда шам, шырақ та,
Армандаған дүние қалмас жырақта.
Болашаққа жеткізетін жырларын,
Зылихадай жар бұйырсын бірақта.



Әр ақынның осы болар арманы,
Жүрегінде жазылғанда әр әні.
Сыйластық пен түсіністік емес пе,
Ең бақытты отбасының бар мәні.



Жанын ұғар жар кезіксе адамға
Келешекке басылар нық қадам да.
Еріне сай өмір сүрсе зайыбы,
Дана болып кетеді ғой надан да.



Теңіз-жүрек шығып кетер арнадан,
Биік шыңға жетелесе әр қадам.
Бақытты боп мәнді өмір сүруге,
Ақын ғана емес, лайық бар адам...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу