Өлеңдер ✍️
Заманауи шалдарға
Сақалын сатқан кәріден,
Еңбегін сатқан бала артық.
Абай Құнанбаев
Үңілсеңдер, ойдың көкжиегіне,
Ұлтың қалды айрылған киесінен.
"Сақалымды сыйла!" деп шырылдайды
шалың сақал шықпаған иегіне.
Қарттар қайда ақылды саралайтын?
Айтқан сөзі әлемді аралайтын.
Заманауи шалдардан көңіл қалды,
Отырып ап жастарды қаралайтын.
Жүрегі бар қазақтың даласындай,
Қарт іздеймін тұратын дара шыңдай.
Жөн көрсетер атамыз отыр бүгін,
Салғыласып адаммен баласындай.
Жетпіс жасты өзінше аз көретін,
Шалалар жүр өмірді жаз көретін.
Қызықтап әр сайқалдың омырауын,
Құйрығынан ерекше саз көретін.
Деп тұрған жоқ "Ұлтыма не беремін?"
"Келер ұрпақ ізімнен не көресің?"
Қандай бақыт қартайған құт қашырмай,
Жетектесе білімге немересін.
Кәріліктің білмеймін, кесірі не?
Көрік бере алмайтын Есіліңе.
Жетпістегі жетесіз үлгілі боп,
сөз сөйлемес жетіп жер-жебіріңе.
Бұнысына ешқашан арланбайды,
Қарт болуды өзінше армандайды.
Жоқ сақалын даулайтын шалдары бар,
Кім көріпті қазақтай сор маңдайды?
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter
Қарап көріңіз 👇