Өлеңдер ✍️
Экспонат боп тұрамын
18 мамыр - Халықаралық музей қызметкерлерінің күні!
Бір ақымақ жан сырымды білмей жүр,
Жағдайымды назарына ілмей жүр.
Экскурсия жүргізгенмен залдарға,
Жүрегімнің түкпіріне кірмей жүр.
Құлағын да түрмей қойды назыма,
Айналғанмен көңілімнің сазына.
Жер астынан табылған зат не берсін?
Оған Құдай берген жүрек-қазына!
Бір сол үшін болып жүрмін әбігер,
Құрметіне бөлегенмен қалың ел.
Береді ме жүрегімнің жылуын,
Жұрт қолынан жиналған мың жәдігер?
Есті қыз боп түсінбесе ымыңды,
Қатын болып ұға қоймас дымыңды.
Махаббаттан археология көрмеген
Оқымысты келтіреді жынымды.
Шын жүректен жыр деп төрт жол құрамын,
Аттың басын сабырлыққа бұрамын.
Тауып берген сезім деген археолог,
Қарсы алдында экспонат боп тұрамын.
Алдымызға жақтырғанмен шамдарды,
Қарастырмай қойдық себеп-салдарды.
Ішкі дүнием жұмбақ боп тұр зерттелмей,
Шарлағанмен "Тарихың!" деп залдарды.
Бірақ, қайдан білсін құтты ғайыпты,
Бақ-ырыс та білмегеннен тайыпты.
Көзі тірі экспонатты сезбесе,
Экскурсия жүргізуші айыпты.
Демек, онда руханият пен білім жоқ,
Санасына тоқи алған ілім жоқ.
Ақылсызға қызықты боп көрінер,
Қатар тұрған экспонаттар тілі жоқ.
Кез келгенде ақ-қараны айырар,
Қайғының да жаспен шері шайылар.
Түнгі қазба жұмыстарын жүргізсек,
Сыры тірі экспонаттың жайылар.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter
Қарап көріңіз 👇