Өлеңдер ✍️
КӨП СӨЗ АЙТПАЙ, ДӨП СӨЗ АЙТУ – АРМАНЫМ
Сөккенің болсын сүйгенің,
Достығың болсын күйгенің.
Ащы тілмен тигенің,
Түзелсін деп міндері.
Шәкәрім
Көрмедім әділдіктің орнағанын,
Сын айтсам, менің арсыз болмағаным.
Еркелеп алға тартсам, несі айып
Қоғамға көңілімнің толмағанын.
Өнермен бағындырсақ шыңымызды,
Қабылда дұрысынан сынымызды.
Ауадай қажет боп тұр түзелгенің,
Жасырмай айта білсек, шынымызды.
Сөккенім – елді шексіз сүйетінім,
Дос болып ертеңі үшін күйетінім.
Арманым – көп сөз айтпай, дөп сөз айту,
Жаза алсам, көптің ойға түйетінін.
Мақсатым – ұлтқа қызмет ету болды,
Халықпен сан белеске жету болды.
Қазаққа жат дүниені көрген кезде
Мазаққа қалмай, сынап кету болды.
Қаламым қашырмаса берекесін,
Қадамым жасайды өз мерекесін.
Ойымның іске асып жатқаны да,
Көрмесе қазақ жаудың келекесін.
Қазақстан болмай тарих дастанында,
Керегі жоқ ешқандай баспаның да.
Самрат жұрттан таяу жеуге даяр,
Қара бұлт тұрмау үшін аспаныңда.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter
Қарап көріңіз 👇