Өлеңдер ✍️

  26.05.2025
  230


Автор: Самрат Құскенов

ТӨРКІН МЕН ТҰСПАЛ

 



Тұспалдап айтқан кезде сынымызды,
Жамандап қалдырмаған дымымызды.
Сөйлейді сөз төркінін түсінбестен,
Өтірік деп шіреніп шынымызды.



Құдайым бермеген соң санасына,
Жандар көп қарамайтын шамасына.
Іздесе тығырықтан шығар жолды,
Жүгінер ертегінің жаңасына.



Дерегі болмаған соң айғақтаған,
Алдында ақиқаттың тайғақтаған.
Жоқ деген сөздің мәнін білмейтіндей,
Адамдай бетінен еш бай қақпаған.



Аузының дуасы жоқ өсектеген,
Әр басқан қадамыңды кесектеген.
Шелектеп тер төксе де, байқамайды,
Жүргенін не арқалап есек деген.



Айрылып адамзаттың керегінен,
Безгендей «Ақ серек, көк серегінен».
Өзі көп білетіндей өбек қақты,
Айтарын өткізбей ой елегінен.



Жүрейік тістеп қызыл тілімізді,
Ренжітпей, қастерлеп бір-бірімізді.
Арман жоқ, сын айтылып, мін түзелсе,
Қашырып іштегі бар кірімізді.



Болашақ айналдырып аңызына,
Үлгілі қып қойғанда тамызына*.
Үн қатсақ, тереңірек үңілейік,
Төркін мен тұспалдың мән-маңызына,




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу