21.04.2025
  252


Автор: Нұрлан Бекмырзаұлы

 Мың  жылдық  достық

 


 


    Жаяу  жатып, атты  түсіп  қарайтындай  дастархан  басына  қонақтар  түгел   жиналған. Аз  ғана  абыр-сабырдан  кейін  әсем  әуен  ойнап  ортаға  киіктің  асығындай  аруды  қолтықтап  жасқана  басып  зиба  бойлы  жігіт  келе жатты. Жұрт орнынан  тұрып,  қол  соғып  қарсы  алысты. Көпшілік  қошеметінің  буына еліткен  екі жас  төрдегі  «Болатбек-Жұмагүл» деп   жазылған   жасаулы  шаңыраққа  бет  алды.


    Тойхананың  оң  жағындағы  арнайы  құдаларға  жасалған  үстелдің  төрінде  Дәулетбек  пен  Мәмбетше  бәйбішелерімен  ашық-жарқын  отырды.


   Дәуренбектің  жағасы  жайлау  болып  көзіне  қуаныштың  жасы  келіп, онысын  білдіргісі  келмей  қуыстана  берген   Мәмбетшенің  иығына  қолын  қойып, құшағына  алғысы  келгендей  ишарат жасады да:


-Жұмагүлді  өз  қызымдай  көремін  ғой,-деді.


-Айналайын, екі  жас  бақытты болсын, досты-ы-м,-деді  Мәмбетше  жақында  қойған  шоқша  сақалын  сипап.


-Достым емес, құда  де енді  Мәке,-деді  Дәуренбек мейірімді  жүзбен  езу тартып.


     «Мың  жасайтын  келелі   құда болайық» деп айтылған  серттері  Дәуренбек  пен  Мәмбетшенің  жадында  жазылған  хаттай  сайрап  тұрды.


                               *          *       *


     Қылышынан  зәрі  тамған заман  болатын. Кавказ  өлкесіндегі  жанталас  соғыс кезі. Немістің қара  құрымдай  қаптаған  күшіне  тойтарыс  беріп, екі шабуылдың  бетін қайтарған  шақ. Бір  сәтке  ысқырып  ұшқан  оқ  тиылып,  құлақ  тұндырар  зеңбіректердің  де  үні  өшкен. Үштен  бірі  қалған  батальон  ішінде, Дәуренбек  иығынан, Мәмбетше  көзінен  жарақаттанып, иық  сүйесіп штабқа  жеткен. Бүкіл  полкте  қазақ  ұлтынан  екеуі  ғана  еді, бірін-бірі  ерекше  бауыр  тұтты. От  пен  суды  бірге кешіп, сұм  майданның  құз-қияларынан  бірге  өтті. Осылай  әскери  ауруханаға  да  бірге  түсті. Бір бөлмеде жатты. Екеуінің  де жаралары  жөнге келгенде, таза  ауаға  шығып  серуен  құратын. Кейде  қырық  ұлттан  құралған  жаралы  әскерлерден  оқшауланып, аурухана  ауласында  басқа  ағаштарға қарағанда  ерекше  өскен, бес  адам  құлашын  жайса  бір-біріне  қол  жалғай  алмайтын  енді, алып ағаштың  түбінде  алыста  қалған  ауылдарын  сағынышпен  еске алып  сырласатын.


   Жиырмаға жаңа  жеткен  Дәуренбек  қой  көзді, ат  жақты, еті  ауыр, жауырынды, мол  денелі болатын. Бірде  сол  алып  ағаштың  түбінде  Дәуренбек  өзінің  Мәмбетшеге  деген  достығын  мәңгілік  еткісі  келіп:


-Осыдан  елге  аман  қайтсақ ,жатты  жақын, жарды  кешу  қып  өтейік. Мына  жабыса  біткен  зәулім ағаштай  құшақтасқан  достығымызды  қара  жер айырған  күнде, сенен  қыз, менен ұл  туса, е сенен ұл  менен  қыз  туса  ,достығымызды солар  жалғастырса, қалай  қарайсың?-деді. Отыздан  жаңа  асқан  зерен  жүзді, дөңгелек, орта  бойлы  Мәмбетше  ойланбастан, жеңіл  қозғалып бір  көзімен  сығырая  қарап:


-Алтын  сөз  ,қосыламын! Ендеше  бердім  сертімді, тек  қаяу  түсірмейік,-деді  қуанып.


    Осылай  Дәуренбек  пен  Мәмбетше  қазақтың  ежелгі  әдетімен  достықтарын  есте  қалдыру  үшін  төс  қағыстырып  ,құда  болды.


     Уақыт  өте  соғыс та бітті. Ел жағдайы  түзелді. Арыс  қаласы  мен  Задария  ауылының  арасына  шаң  ұшпайтын  жол  тартылды. Зымыраған  жылдар  екі  достың  бетіне  өз  іздерін  сала берді. Қос  таспадай  өрілген  қамшыдай  достықтың  жемісі  де  жетілді.


      Ер  көкірек  Мәмбетше   дініне  берік  болып  қызын  берді. Дәуренбек  келініне  куәлік  айтылған   соң  күн  құрғатпай той  жасады.


                                       *         *           *


       Дәуренбек  Мәмбетшеге   «қараңызшы»  дегендей  иба  қып, жанарын  нағашыларының тілегін тыңдап тұрған ұлы Болатбек пен келіні Жұмагүлге бұрды. Әскерлес, жерлес екі дос Аллаға алғысын айтып, іштей перзенттерінің өмірі  оңды болуын тілеп отырды.  


 


                        Айғақ Махаббат  №23(49).16.11.2005




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу