Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті - Қазақстанның жетекші білім ордасы
ҚазҰУ 16 факультеттен, 100-ден астам кафедрадан, ғылыми-зерттеу институттарынан және зертханалардан тұрады. Университетте бакалавриат, магистратура және докторантура бағдарламалары бойынша мамандар даярланады. Сонымен қатар, ҚазҰУ-да түрлі қосымша білім беру бағдарламалары, кәсіби біліктілікті арттыру курстары және ғылыми зерттеу орталықтары жұмыс істейді. Университет білім беруде заманауи технологияларды қолданады. Қашықтықтан оқыту жүйесі, электронды кітапхана және сандық платформалар студенттерге сапалы білім алуға мүмкіндік береді. Сондай-ақ, халықаралық академиялық ұтқырлық бағдарламаларының арқасында студенттер шетелдік жоғары оқу орындарында білімін жетілдіре алады.
ҚазҰУ әлемнің 500-ден астам жоғары оқу орындарымен және ғылыми орталықтарымен ынтымақтастық орнатқан. Университет Erasmus+, DAAD, Bolashak секілді халықаралық бағдарламаларға белсенді қатысады. Шетелдік университеттермен қос дипломды бағдарламалар жүзеге асырылуда, бұл студенттерге халықаралық дәрежедегі білім алуға жол ашады. Сондай-ақ, ҚазҰУ-да шетелдік студенттерге арналған бағдарламалар кеңінен қолданылады. Бүгінде университетте 50-ден астам елден келген студенттер білім алуда. Бұл білім ордасының халықаралық деңгейде мойындалғанын көрсетеді.
ҚазҰУ тек білім беру ғана емес, ғылыми-зерттеу қызметімен де белсенді айналысады. Университет қабырғасында түрлі ғылыми орталықтар, зертханалар және стартап жобалар жұмыс істейді. Ғалымдар IT, биотехнология, жасыл энергетика, нанотехнология және гуманитарлық ғылымдар бағытында зерттеулер жүргізуде. ҚазҰУ-дың ғылыми жетістіктері халықаралық деңгейде жоғары бағалануда. Университет ғалымдары түрлі гранттық бағдарламаларға қатысып, әлемдік ғылыми қауымдастықпен бірлесіп зерттеулер жүргізуде.
Қазіргі сәтте университетте 3265 оқытушы-профессор табысты еңбек етуде. Университет жоғары рейтингті журналдарда жарияланған ғылыми мақалалар саны бойынша алдыңғы қатарда тұр. 2024 жылы Scopus-та жарияланған әр алтыншы мақала (17,4 пайызы) ҚазҰУ ғалымдарына тиесілі. Республика бойынша «Үздік оқытушы» атағын 2024 жылы алған 150 адамның 24%-ы – ҚазҰУ өкілдері.
Бүгінде ҚазҰУ базасында 7 ғылыми-зерттеу институты, 140 ғылыми зертхана, 34 ғылыми орталық пен 2 ұжымдық пайдалану зертханасы табысты жұмыс істейді. Университетте жалпы құны 36 млрд теңгені құрайтын 400-ден астам жоба жүзеге асырылуда. 90 жылдық аясында Орталық Азиядағы ең қуатты суперкомпьютер Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде орнатылып, өндірістік робототехника және роботтандыру бойынша инженерлік компетенция орталығы жаңадан жасақталды. Айтулы жылда «Farabi Hub» инновациялық өнімдер мен жоғары технологиялық жобалар орталығы бой көтерді. 5 мың шаршы метрді құрайтын хаб креативті индустрия, жасанды интеллект, стартап жобаларды жүзеге асырады.
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті – Қазақстанның білім, ғылым және инновация саласындағы жетекші оқу орны. Университет тарихы терең, құрылымы мықты, білім беру жүйесі заманауи талаптарға сай және халықаралық деңгейде мойындалған. ҚазҰУ-дың жоғары жетістіктері мен даму бағыты оны еліміздің ғана емес, бүкіл әлемнің беделді университеттерінің қатарына қосуда. Сондықтан, бұл оқу орны жас ұрпаққа сапалы білім беріп, олардың болашағына жарқын жол ашуға барынша жағдай жасауда.
Ж.К. Жорабаева
әл – Фараби атындағы ҚазҰУ
«Қаржы және есеп» кафедрасының
э.ғ.к., аға оқытушысы
4 курс студенті
Тұрысбай Ұлжан Дауадинқызы
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter
Қарап көріңіз 👇