Өлеңдер ✍️
ЖҮЙІТКИДІ ОТАРБА
Жүйіткиді отарба жонға асып,
Шұбатылған вагонды зорға тасып.
Бірте-бірте ұзатып қимас жаннан,
Тоқтамастан зымырап жорға басып.
Жүрген сайын алыстап арақашық,
Кері тартып кежегем қара басып.
Қайта оралып келместей көңілім пəс,
Ішті тырнап жатқандай жара қасып.
Өкінгендей қымбат зат ұмыт қалып,
Жүрегімді қалды ма жұлып алып.
Ішке сыймай сезімім бұлқынады,
Шу асаудай ұстаған құрық салып.
Жанға батып шөңгедей, сынық қалып,
Соқпайтындай жүрек те сұлық талып.
Секем алып көңілім қорқақтайды,
Ағын судан өткендей сырық салып.
Айналғандай қалықтап бағым құсқа,
Ішкі дауыс дейді ме сағым құшпа.
Келерімді білсем де, жүрек күпті,
Мазалаған әлде, бұл сағыныш па?
Сағыныш па артыма алаңдатқан?
Қызғаныш па, қызыл тілін жалаңдатқан?
Əлде, тағдыр бұл сенің ісің бе екен?
Жанды қинап сыздатып жараң батқан.
Еркін Оралбайұлы 21.02.2018
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter
Қарап көріңіз 👇