Өлеңдер ✍️

  27.02.2025
  65


Автор: Еркін Оралбайұлы

ЖАЗЫЛҒАНЫН ПЕШЕНЕГЕ

 


 


Əркім көрер жазғанын пешенеге,


Басқа еді ғой демегін кеше неге?


Мұңға батып көңілді түсіргенмен,


Оңтайымен бар түйткіл шешіле ме?


 


Ерте түсті-ау тағдырдың кеші деме,


Шалыс бассаң біреу аяп, кешіре ме?


Күреспесең өмірде өзің үшін,


Мұңды біреу бастағы көшіре ме?


 


Жіберем деп осы мен есе неге?


Мұңды өкініш бермесін еселене.


Қиналсаң да, ие бол ақылыңа,


Деген сөздер ермесін есер неме.


 


Өмір мəні бір сәтпен өлшене ме?


Тағдыр шалса, қарсы жүр өршелене.


Батыра ұстап шеңгелді бақытыңа,


Терең батар ұқсап бақ көр шегеге.


 


Бітті өмір, қайғы баста өрсе деме,


Үзілер мұңға өмір көнсе демде.


Адамдар жер бетінде таусылмайды,


Әрбір жан қайғы түскен өлсе неге?


 


Десең егер көңіл жоқ кіл шер менде.


Мұң жиналар жүректе күлшелене.


Сабыр сақта əр сәттің кезегі бар,


Қу тағдырдың жетіпті кім шегіне?


 


Еркін Оралбайұлы 23.06.2018


 




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу