Өлеңдер ✍️
Өлеңдер ✍️
24.02.2025
67
МАҒАН ҒАНА ТИЕСІЛІ
Төзімнің сабыр қылған кезі сынды,
Ұға алмай қалғандаймын кей ісімді.
Сені іздеп сағыныштан жүрегімде,
Үніндей боз інгеннің күй есілді.
Көңілге қайғы ораған күйе сіңді,
Қадалған ет жүрекке ине сүңгі.
Әрбір күн жылдай ұзап өтер емес,
Бақытпен қайғы тауып үйлесімді.
Сол сезім маған ғана тиесілі,
Кетеді адастырып жиі есімді.
Жанымды тәтті сезім ашытады,
Піспеген қышқыл дәмді шие сынды.
Тоқтатпай бақыт үшін күресуді,
Таусылып шыдам түбі түгесілді.
Бақытты қолға түссе ұшырмас ем,
Қырғидай жерге қонған бүре шілді.
Өткізіп қалың оймен әр кешімді,
Тапсам деп, оңнан келер бір шешімді.
Қағазға тізбектеліп түсе берген,
Ішке сыймай кернеген жыр төсімді.
Еркін Оралбайұлы 22.09.2018
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter