Өлеңдер ✍️

  24.02.2025
  148


Автор: Еркін Оралбайұлы

САҒЫНЫШ

 


 


Көңіл жетім, айдындай қазы ұшқан,


Кеше еді ғой жайма-шуақ жазы құшқан.


Дем жетпестей өкпеге күй кештіріп,


Тартып мұңның тереңге сазы қысқан.


 


Өткен бар ма, құтылып жазымыштан?


Өртенбеген жан дүние сағыныштан.


Естен кетпес ақ жүзің туған айдай,


Айдын көлге жарқырап шағылысқан.


 


Сенсіз суық өмірде жазым қыстан,


Айырылғандай әдемі лағыл тастан.


Сағыныштан жүректі қан жылатып,


Жан жарасы өтер ме, жазылмастан?


 


Сұлу бейнең елестеп күлімдеген,


Бұрын неге, сағыныш білінбеген.


Сынамақ па, тағдырым не істейді деп?


Алыстатып сезімнің гүлін менен.


 


Менде бақыт өзіңсіз емес толық,


Сені іздеген қиялым белес шолып.


Сағыныш па, білмеймін көз алдымнан,


Кетер емес ай бейнең елес болып.


 


Еркін Оралбайұлы 31.01.2019.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу