Өлеңдер ✍️
КӨКТЕМ
Қыс та кетті өмірін өктем сүріп,
Тағы да бір кезекті көктем кіріп.
Жайма-шуақ күнімен алмастырып,
Ығыр қылған аязды көптен бүріп.
Ақ жаңбырын аспаны төккен иіп,
Жер əрленіп шапанын көктен киіп.
Дала гүлі жайқалып тербеледі,
Күн көзіне еркелеп өпкен, сүйіп.
Қызғалдағы бой түзеп шөптен биік,
Тергің келер қызыға шеттен тиіп.
Көздің жауын алады жердің беті,
Қызыл ала алғандай шекпен киіп.
Қардан босап қыстағы кеткен үйіп,
Қу шөптерге жан бітіп кепкен күйіп.
Диқаншылар ертемен далада жүр,
Бақша егіп, жер қазып, кетпен түйіп.
Құстар қайтып жұптасып ұя салып,
Қыран бүркіт қалықтап қия шалып.
Құбылмалы əдетті көктем күні,
Күн шықса, бірде жаңбыр құя салып.
Тау бөктері бұлдырап буға шөгіп,
Нəрлі суын ақ жауын қуға төгіп.
Еңбегіндей сәбидің былқылдайды,
Жер қыртысы көл-көсір суға бөгіп.
Еркін Оралбайұлы 13.03.2018.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter
Қарап көріңіз 👇